Трассада үш баланы көлік қағып кетті: ұзынағаштықтар бас көтерді

Трассада үш баланы көлік қағып кетті: ұзынағаштықтар бас көтерді

Алматы облысында жол апатынан ауыр жарақат алған 13 жастағы бала жансақтау бөлімінде жатыр. Мектеп оқушысын жүк көлігі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан кезде қаққан. Жантүршігерлік жайтты естіген Ұзынағаш ауылының тұрғындары бас көтерді, – деп хабарлады  КТК телеарнасы.  Ұзынағаш ауылының шыға берісіндегі республикалық маңызы бар трассада жол апаты жиілеген соң жақында жаяу жүргіншілер жолағы сызылған. Алайда жоғары жылдамдықпен жүйткіген жүргізушілерге бұл белгі кедергі болмай тұр. Бірнеше күн бұрын осы мектепте бармақ болған 13 жастағы баланы жаяу жүргіншілер жолында көлік қағып кеткен. Ауыр жарақат алған жеткіншек жансақтау бөлімінде жатыр.

"Баламның көк бауырын алып тастады. Әлі жеңіл палатаға шығара алмаймыз. Үш сағатта аппаратқа апарамыз дейді. Осы жол әлі қаншама баланың өмірін ойрандайды. Жолға дұрыстап камера, жүргіншілерге арналған жол қою керек. Екі жыл бұрын әкімдікке талай айтқанбыз. Ақыр аяғы 15 күннің ішінде үш баланы қағып кетіп отыр", – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Гүлзира Қанатбек.
Тас жолдың бойындағы  200-ге жуық үй Ұзынағаш ауылына кейіннен қосылған. Күре жолда көліктер құйындай зуылдап, алдынан шыққанын басып өтуден тайынбайды деп күйінеді. Жол республика бойынша ең ірі екі бірдей мал базарына да апарады. Жұрт жылдамдықты асыратын жүргізушілерге тұсау салудың жалғыз жолы   "Сергек" камерасын орнату керек  деп отыр.
"Жаңа жылда мал базардың жанында бір әйелді қағып кетті. Одан кейін орыс әйел көлік қағып, мерт болды. Бізге "Сергек" камерасын қойып берсін. Ұстап алып, айыппұл салсын. Полиция осы жолды қадағаласын. Қатты жүреді. Қатты жүргенде ұшып бара жатқан қарғаны да қағып өлтіреді. Итті, мысықты, малды да қағып өлтіріп жатыр", – дейді ауыл тұрғыны Айбаршын Асанова.
Шулаған халықтың ортасынан табылған "Қазавтожолдың" өкілдері жаяу жүргіншілер жолағы мен жол жүру белгілерін көбейтуден басқа қолдан келер шара жоқ деп қысқа ғана жауап берді.
"Ұзынағаш автожолы –  кірме жол. Ұзындығы – алты шақырым. Жаяу жүргіншілер жолының біріншісін орнаттық. Енді екі жерге тағы орнатамыз. Бір жетінің көлемінде орнатамыз. Жол белгілеріне тапсырыс берілді. Камера тұрғысынан біз жауап бермейміз", – деп мәлімдеді "Қазавтожол" ҰҚ АҚ Алматы облыстық филиалының бас инженері Ермек Ихиев.
Ал "Жол активтері ұлттық сапа орталығының" өкілдері осы жолдың бойындағы жолақтар мен жол белгілерін жаңартуды ұсынған. Яғни, бояуы кетіп, ескірген ескертпелер көктемде ауыстырылуға тиіс еді.  Ауыл округінің әкімі "қауіпті жолға камера орнату қажет деген ұсыныс" құзырлы органдарға жолданғанын жеткізді.
"Осы мәселеден хабарымыз бар. Соңғы жол апаты бойынша сараптама жүргізілді. Ұзынағаш ауыл округі бойынша түгелдей камерамен қамту үшін бюджетке қарасты өтініш білдірді. Мәслихат сессиясымен қаражат бөлінгеннен кейін бәріне орнатылады", – деді Ұзынағаш ауылы округінің әкімі Бақыт Бейсенбаев.
Алайда қазынадан қаражат қашан бөлінетіні белгісіз. Сондықтан балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар бейнебақылау камерасын орнату мәселесін жеделдетуді талап етеді.