Танымал блогер-журналист Дәулет Төлеутайұлы солтүстікке 5 отбасын көшірді
Танымал блогер-журналист Дәулет Төлеутайұлы солтүстікке 5 отбасын көшірді
фото: dauletten
261
оқылды
Белгілі экономист-журналист Дәулет Төлеутайұлы солтүстікке 5 отбасын көшіргенін хаабрлады. Бұл туралы блогер өзінің Instagram  парақшасында жазды.  Бұл бастама «Бала-шағамен Солтүстікке» жобасы аясында жүзеге асқан. 5 сәуірде бастау алған қайырымдылық жобасының жоспары бойынша, қоныс аударған отбасыларға баспана, балаларды мектепке орналастыру және кәсіп бастауға 1 миллион теңге қайтарымсыз қаражат беріледі. Жоба аясында солтүстікке қоныс аударған Аманжол мен Гүлзираның 6 баласы бар. Олар мұнда Жамбыл облысынан келген.
«Жобадан өткен кезекті отбасын таныстырсақ, Аманжол мен Гүлзира Жамбыл облысының  Аса ауылынан көшіп келді. Олардың 6 баласы бар. Гүлзира ханым   – фельдшер. Ал Аманжол мырза мал шаруашылығымен айналысқысы келеді. Оның ішінде қой шаруашылығын дамытуды жоспарлап отыр»,  –  делінген хабарламада.
Солтүстікте үйлі болған Гүлзира Нұрғалиева халыққа ештеңеден қорықпай, қоныс аударуға кеңес беріп, өзіне көрші болуын тіледі. Қор тарапынан қайырымдылық жоба қатысушыларына баспанадан бөлек төмендегідей көмек беріледі: Ауылдан үй алынады; 6 ай бойы 60 000 теңге төленіп отырады; Кәсіп бастауға қор тарапынан 1 000 000 теңге беріледі; Оқушы балалардың жаңа оқу жылына мектеп құрал-жабдықтары алынады; Үйінің ауласына картоп, сәбіз, орамжапырақ егуге бірреттік дәні (семена) алынады; Қыс басталғанда бірінші жылы 8-10 тонна көмір беріледі; Көшу, жол шығындары толығымен қор тарапынан төленеді; Көшкен ауылда 3 жыл тұратын болса, үй атына аударылады. Оған дейін баспана қордың жекеменшігінде болады. Жобаға 2022 жылдың 5-15 сәуір аралығында 1 311 өтінім келген. Қоныс аударатын жандардың атқаратын жұмыстарына, бизнес идеяларына мән берілген. Бұдан бөлек,  арнайы сауалнамадан жоғары балл жинап «Бала-шағамен Солтүстікке» жобасында үздік танылған 5 отбасы: 1. Аманжол Сұлтанмұратов – Гүлзира Нұрғалиева:  Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса ауылы – 6 балалы отбасы; 2.  Айдос Әйтімов –  Әлия Сатыбалдиева: Шымкент қаласы – 7 балалы отбасы; 3. Эльдар Салқымбай – Айкүміс Мұхаметжан: Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округі – 5 балалы отбасы; 4.  Абзал Баймырзаев–  Перизат Маханова: Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған бекеті – 5 балалы отбасы; 5. Мұратбай Байғұлов – Гүлнұр Ұзақова: Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Бесшоқы ауылы – 6 балалы отбасы.