Белгілі экономист-журналист Дәулет Төлеутайұлы солтүстікке 5 отбасын көшіргенін хаабрлады. Бұл туралы блогер өзінің Instagram парақшасында жазды.
Бұл бастама «Бала-шағамен Солтүстікке» жобасы аясында жүзеге асқан. 5 сәуірде бастау алған қайырымдылық жобасының жоспары бойынша, қоныс аударған отбасыларға баспана, балаларды мектепке орналастыру және кәсіп бастауға 1 миллион теңге қайтарымсыз қаражат беріледі.
Жоба аясында солтүстікке қоныс аударған Аманжол мен Гүлзираның 6 баласы бар. Олар мұнда Жамбыл облысынан келген.
«Жобадан өткен кезекті отбасын таныстырсақ, Аманжол мен Гүлзира Жамбыл облысының Аса ауылынан көшіп келді. Олардың 6 баласы бар. Гүлзира ханым – фельдшер. Ал Аманжол мырза мал шаруашылығымен айналысқысы келеді. Оның ішінде қой шаруашылығын дамытуды жоспарлап отыр», – делінген хабарламада.
Солтүстікте үйлі болған Гүлзира Нұрғалиева халыққа ештеңеден қорықпай, қоныс аударуға кеңес беріп, өзіне көрші болуын тіледі.
Қор тарапынан қайырымдылық жоба қатысушыларына баспанадан бөлек төмендегідей көмек беріледі:
Ауылдан үй алынады;
6 ай бойы 60 000 теңге төленіп отырады;
Кәсіп бастауға қор тарапынан 1 000 000 теңге беріледі;
Оқушы балалардың жаңа оқу жылына мектеп құрал-жабдықтары алынады;
Үйінің ауласына картоп, сәбіз, орамжапырақ егуге бірреттік дәні (семена) алынады;
Қыс басталғанда бірінші жылы 8-10 тонна көмір беріледі;
Көшу, жол шығындары толығымен қор тарапынан төленеді;
Көшкен ауылда 3 жыл тұратын болса, үй атына аударылады. Оған дейін баспана қордың жекеменшігінде болады.
Жобаға 2022 жылдың 5-15 сәуір аралығында 1 311 өтінім келген. Қоныс аударатын жандардың атқаратын жұмыстарына, бизнес идеяларына мән берілген.
Бұдан бөлек, арнайы сауалнамадан жоғары балл жинап «Бала-шағамен Солтүстікке» жобасында үздік танылған 5 отбасы:
1. Аманжол Сұлтанмұратов – Гүлзира Нұрғалиева: Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса ауылы – 6 балалы отбасы;
2. Айдос Әйтімов – Әлия Сатыбалдиева: Шымкент қаласы – 7 балалы отбасы;
3. Эльдар Салқымбай – Айкүміс Мұхаметжан: Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округі – 5 балалы отбасы;
4. Абзал Баймырзаев– Перизат Маханова: Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған бекеті – 5 балалы отбасы;
5. Мұратбай Байғұлов – Гүлнұр Ұзақова: Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Бесшоқы ауылы – 6 балалы отбасы.