Қазақстан мұнай транзитінде Ресейге қаншалықты тәуелді?
Қазақстан мұнай транзитінде Ресейге қаншалықты тәуелді?
499
оқылды
Кейінгі кезде Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігі күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналды. Сондықтан Қазақстанның мұнай тасымалдауда Ресейге қаншалықты тәуелді екендігіне қысқаша тоқталуды жөн көрдік. Ресей-Украина қатығысы басталып, Батыс елдерінің Мәскеуге салған санкциясы күшейген тұста Қазақстанның Ресейге экономикалық және транзиттік тәуелділігі мәселесі өзекті бола түсті. Қазақстанның Ресейге транзиттік тәуелділігі Ресми статистикалық мәліметке сәйкес, 2021 жылы Қазақстан мұнайының 97%-і Ресей арқылы экспортталған. Оның ішінде 53 млн тонна мұнай (79%) Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы, 12 млн тонна мұнай (18%) Атырау-Самара құбырымен экспортталған. Қалған 3% қара алтынның 1%-і (1 млн тонна) Атасу-Алашаңқай құбыры арқылы Қытайға жөнелтілсе, 2%-і (2 млн тонна) Ақтау порты арқылы танкерлермен тасымалданған. КҚК-ның істен шығуы және Қазақстанға келген шығын Биыл наурыз айының аяғында Каспий құбыр консорциумының мұнай тасымалдайтын үш құрылғысының екеуі істен шыққаны туралы ақпарат тарады. Кейбір сарапшылар бұны Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкцияларының әсерінен болуы мүмкін деп болжады. 19 сәуірде ҚР Премьер-министрінің орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Каспий құбыр консорциумының істен шығуы салдарынан үкімет шамамен 100-150 миллиард теңге зардап шеккенін мәлімдеді. Ал энергетика министрі Болат Ақшолақов Bloomberg басылымына берген сұхбатында Батыс елдерінің Ресейге салған санкциялары КҚК жұмысына ешқандай кедергі келтірмейтіндей «ерекше мәртебе» берсе деген пікір айтқан болатын. Сонымен қатар Ресейге салынған санкциялар салдарынан биыл «Атырау-Самара» құбырына қатысты Қазақстан біршама шығынға батты. «Каспий құбыр консорциумы» Ресей арқылы өтетіндіктен, оған Қазақстан құятын мұнай да автоматты түрде Ресейдің Urals сортына жатқызылып келген. Ал мұнайдың бұл сорты санкциялар әсерінен нарықта біраз шектеулерге ұшырап, құнын жоғалта бастады. Мысалы, эталон болып саналатын Brent маркасының бареллі 100 доллар болса, Urals сорты 64 долларға саудаланған. Осыдан кейін қазақстандық өндірушілер елден шығатын мұнайға KEBСO атты жаңа сауда атауын бекітті. Ол – Kazakhstan Export Blend Crude Oil дегенді білдіреді. Енді Қазақстан мұнайы дербес сауда атауымен саудаланады. Балама транзиттік жолдар және Қазақстан үкіметі тарапынан атқарылып жатқан шаралар 20 мамырда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов депутаттар сауалына берген жауабында «Атырау-Кеңқияқ-Құмкөл» құбырының жылдық қуаты 12 миллион тоннаға жеткізілетінін айтты. Үкімет басшысының сөзінше, Ақтау мен Құрық порттары арқылы Баку портына мұнай тасымалдау жұмыстары пысықталып жатыр. Сонымен қатар мұнай тасымалдауға арналған теміржол цистерналарының санын 1,5 мыңнан 3,5 мыңға көбейту жоспарланып отыр.