Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан ғылымын дамытудың өзекті мәселелері» атты секциялық отырыс өтті. Отырыста сөз сөйлеген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов соңғы жаңалықтарға назар аударды. Қазір ғылыми зерттеулермен 22,4 мың ғалым айналысады. Қазақстан жарияланымдық белсенділіктің өсуі бойынша көш бастап тұр. Осылайша, Scopus деректер базасында қазақстандық ғалымдардың жарияланымдары 2011 жылмен салыстырғанда 34,5 есе, Web of Science деректер базасында 59 есе артқан. Кейінгі бес жыл ішінде қазақстандық ғалымдардың әрбір бесінші жарияланымы әлемнің ғылыми журналдарының 25 пайызында жарық көрді, ал 2019 жылы 7 қазақстандық автор өзінің пәндік саласындағы әлемдегі ең дәйексөз жұмыстарының 1 пайызына енді. Қазақстан ғылымын қандай өзгерістер күтіп тұр? Біріншіден, 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру ЖІӨ-нің 1 пайызына жетеді. Биыл алғаш рет ҒЗИ-ның ғылыми инфрақұрылымын жаңартуға қаражат бөлінді.
Енді ғылыми жобалар мен бағдарламаларды гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы жыл сайын өткізілмек. Дәстүрлі гранттардан басқа шағын гранттар, жедел гранттар, коллабарацияға арналған гранттар ойнатылады. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру нақты нәтижелері бар нақты ғылыми-техникалық міндеттер негізінде ғана бөлінеді.Былтыр қаржы бөлудің ашықтығын арттыру үшін нормативтік салада көптеген жұмыс атқарылды. Мәселен, жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру туралы алқалы шешім қабылдайтын, олардың іске асырылуына мониторинг жүргізетін ұлттық ғылыми кеңестер туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Енді үміткерлерді іріктеудің басты критерийі ретінде ғылыми жарияланымдарының сапасына баса назар аударылады. Министрлік Scopus және Web of Science халықаралық базаларының қатарына кіру үшін ең үздік журналдарды қаржылық қолдауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ғылымды цифрландыру бойынша шаралар қабылданады. Министрлік «ҰМҒТСО» АҚ қызметтерін сандық форматқа және автоматтандырылған режимге ауыстыруды көздейді. Сондай-ақ докторанттарға оқу аяқталғаннан кейін министрлік тарапынан төлемсіз тағы бір жыл беру жоспарланып отыр, оның ішінде оқуды жалғастыруға және санкциясыз қорғауға шығуға рұқсат етіледі.
Алдағы уақытта білім деңгейі ретінде емес, ғалымдар үшін жоғары оқу орны немесе ҒЗИ базасында зерттеуді жалғастыру мүмкіндігі ретінде постдокторантура жүйесі құрылады.– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ғылыми қоғамдастықпен, жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау – маңызды басымдық, – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов. Секция барысында Ұлттық ғылым академиясының президенті М. Жұрынов, «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ президенті А.Ибраев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-химиялық зерттеу және талдау орталығының директоры Б.Кеңесов, Орталық Азия және Әзірбайжан бойынша ELSEVIR компаниясының аймақтық директоры А.Оспанов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының кеңесшісі, саясаттану кафедрасының меңгерушісі И.Рыстина және басқалар сөз сөйледі. Айдар ДӘУІТҰЛЫ