Ұлттық статистика бюросы елдегі тұрғын үй нарығындағы баға индексінің 2022 жылдың мамыр айы бойынша қорытындысын жариялады. Олардың есебінше жаңа үй бағасы республика бойынша орта есеппен 1,7%-ке (сәуірде – 0,8%) өскен.
Қазақстанда жаңа пәтер бағасы қалай өзгерді?
Жалпы жыл басынан бері жаңа тұрғын үй құны 10,8%-ке, ал кейінгі бір жылда 19,3%-ке қымбаттаған. Тұрғын үй бағасының қымбаттауы бойынша еліміздің батыс аймағы көш бастап тұр. Мысалы, Ақтөбеде бір шаршы метрдің құны 11,7%-ке, ал Ақтауда 6,3%-ке өскен.
Алматыда тұрғын үй бағасы мамыр айында 0,4%-ке қымбаттаған. Бұл басқа қалалармен салыстырғанда ең төмен көрсеткіш. Оңтүстік астанада жаңа тұрғын үй құны жыл басынан бері 8,4%-ке, ал соңғы бір жыл ішінде 15,1%-ке өскен. Соңғы айларда аз ғана мөлшерге артқанымен Алматыдағы үй бағасы орташа республикалық көрсеткіштен жоғары.
Астанада жаңа тұрғын үй шаршы метрінің орташа құны 2,6%-ке қымбаттады. Сондай-ақ, Оралда (+1,4%), Петропавлда (+2,0%) және Қостанайда да (+0,6%) бағалар өскен.
Кейінгі бір айда Қазақстанда жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 7 мың теңгеге қымбаттап, орташа баға 419 277 теңгеге жетті.
Бүгінде ең жоғарғы баға Нұр-Сұлтан (545,4 мың теңге) мен Шымкентте (466,6 мың теңге). Ал ең төмен баға – Таразда (160 мың теңге). Алайда оның өзі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлерге қатысты.
Қайталама нарықтағы үй бағасы қандай?
Сонымен қатар қайталама нарықтағы тұрғын үй бағалары да айтарлықтай өскен. Мамыр айында мұндай үйлердің шаршы метрі 1%-ке қымбаттаған. Статистикалық дерек бойынша бұл соңғы 8 айдағы ең төменгі көрсеткіш. Ал жыл басынан бері олардың бағасы республика бойынша 16,6%-ке артқан.
Қайталама нарықтағы үй бағасы Өскеменде (+6,8%), Қызылордада (+6,6%) және Ақтауда (+6,4%) қатты өскен. Бұл қалалар сәуір айында да алдыңғы орында болған. Ол кездегі өсу қарқыны 7,2%, 5,9% және 6,3%-ті көрсеткен. Айта кетейік, Қызылордада 12 айда қайталама өнім 47,4%-ке қымбаттады (республикалық 27,9% кезінде).
Ал елордада, керісінше, қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы біршама тұрақталған. Мәселен, былтыр желтоқсанда олардың бағасы 11,1%-ке, қаңтарда – 4,3%-ке өскен. Ақпанда – 9,7%, наурызда – 4,3%, сәуірде – 2,5%-ке артқан. Ал мамырдағы көрсеткіш – 0,9% болды.
Нұр-Сұлтан қайталама нарықтағы үйлер бағасы бойынша да көш бастап тұр – шаршы метрі 636,6 мың теңге. Екінші орында – Алматы (481,6 мың теңге). Қазақстанның басқа қалаларында олардың құны орташа республикалық деңгейден төмен (463,8 мың теңге). Ал қайталама нарықтағы ең арзан тұрғын үй Ақтөбеде. Онда бір шаршы метрдің құны 248,6 мың теңге.
Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларды есептемегенде, ең қымбат тұрғын үй – Талдықорғанда.
Бүгінде үйді жалға беру бағасы да қымбаттаған. Оның құны мамыр айында қарағанда 1,3%-ке өскен.