Қазақстанда тұрғын үйді сатушылар мен алушылар көбейді: ресейліктердің қатысы бар ма?
Қазақстанда тұрғын үйді сатушылар мен алушылар көбейді: ресейліктердің қатысы бар ма?
295
оқылды
Бірінші несие бюросының мәліметінше, жыл басынан бері тұрғын үй сатып алғандар мен сатқандардың саны 68 мыңға жуықтады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 28,7%-ға көп. Нарықта тұрғын үйге сұраныс пен баға айтарлықтай өскен. 2022 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтар 147 743 пәтер мен жеке үй сатып алған. Бұл 2021 жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 30%-ке артық. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жаңа құрылыстардағы шаршы метрдің орташа құны 5,5%-ке артып, 408,95 мың теңгені құраған. 2021 жылмен салыстырғанда жаңа тұрғын үй бағасы 20,3%-ке өскен. Ақпан мен наурыз аралығында қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 4,6%-ке артқан. Орташа есеппен бір шаршы метр құны 451 мың теңгені құрайды. Тұрғын үй нарығы бойынша сарапшы, e-data.kz талдау агенттігінің басшысы Анна Шацкаяның пікірінше, 2021 жылы бағаның өсуіне зейнетақы жинағының  бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға пайдалану мүмкіндігі туралы бағдарламаның іске қосылуы әсер еткен. Ал биыл аталған бағдарламаның биылғы сәуір айының соңына дейін ұзартылуы баға өсіміне екі есе әсер етті дейді.
«Былтыр тұрғын үй сатып алу мен сату деңгейінің өсуі сұраныс қарқынына байланысты болды. Алайда сараптама нәтижесі қалалардағы барлық транзакциялардың 50%-тен 70%-ке дейіні жалған екенін көрсетті.  Яғни, олар зейнетақы қорындағы ақшаны артығымен алып, басқа  мақсатта жұмсаған» – деп түсіндірді сарапшы.
Қайталама нарықтағы үйлерге сұраныс артқан Елдегі қалалардың басым көпшілігінде қайталама нарықтағы үйдің құны жаңа үй құнынан асып түседі. Бірінші несие бюросының мәліметінше, ең үлкен айырмашылық Талдықорған қаласында. Онда қайталама нарықтағы үйлердің шаршы метрі жаңасына қарағанда 163,4 мың теңгеге қымбат. Ал бұл айырмашылық Нұр-Сұлтанда – 84,7 мың теңгені, Алматыда – 31,7 мың теңгені құрайды. Сарапшы мұны сұраныс пен ұсыныс теңсіздігінен деп түсіндірді. Сондай-ақ қазіргі таңда баға тұрақсыздығы салдарынан сатуға қойылған объектілердің саны азайған. Ал жаңа тұрғын үй нарығына келетін болсақ, мұнда құрылыс салушылардың бір бөлігі бағаны қымбаттатса, келесі бір бөлігі құрылыс материалдарының бағасына қарайлап құрылысты тоқтатып қойған. Себебі Қазақстан тек базалық құрылыс материалдарын ғана өндіреді, ал қалған 60-70%-ін шетелден сатып алады. Ресейліктердің көшіп келуі тұрғын үй нарығына қалай әсер етті? Ресейліктердің Қазақстанға миграциясы жылжымайтын мүлік нарығына әсер ете ме деген сұраққа сарапшы әзірге ондай құбылыс байқалмайтынын айтты.
«Ресейліктердің көші-қоны ішкі нарыққа әсер етпейді, өйткені Ресей азаматтарының ағыны аса үлкен емес. Алайда, бизнес орталықтарының басқарушы компаниялары ресейлік компаниялар тарапынан кеңсе ғимараттарына сұраныстың артқан айтып жатыр» – деді Анна Шацкая.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы қаңтар-наурыз аралығында елімізде уақытша тұруға ресейлік 17 мыңға жуық азамат рұқсат алған. Тұрғын үй нарығының қазіргі жағдайы қандай? 2021 жылы мамырда «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының аяқталғаны туралы жарияланды. Кейін оны 2022 жылы аяқтау жоспарланды. Бірақ бағдарлама әлі де жалғасып келеді. Қазақстанның орнықтылық қоры бағдарлама 1 триллион теңге лимитке жеткенге дейін қолданыста болатынын мәлімдеді. Биыл сәуірдегі мәлімет бойынша, аталған сомадан 534 млрд теңге игерілген, резервте тағы 466 млрд теңге бар. Ал сарапшы Қазақстанға жаңа жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасы қажет деп санайды.
«Жаңа бағдарламаны қазір жасап, іске қосу керек. Әйтпесе қолданыстағы ипотекалық бағдарламалар аяқталғаннан кейін сатып алу қабілеті төмендеп, баға одан әрі өсуі мүмкін» – деп атап өтті сарапшы.