Аралды сақтаудың амалы қандай?
Аралды сақтаудың амалы қандай?
Жуырда жарты жылға созылған «Аралға су келе ме?» атты экомарафон қорытын­ды­ла­нып, мұраптар мен ғалымдар теңізді сақ­тауға бағытталған түрлі ұсынысын ортаға сал­ды. 2005 жылы «Сырдарияның арнасын реттеу және Солтүстік Аралды құтқару» жобасы аясында Көкарал бөгеті салынған болатын. Соның арқасында теңіз суы молайып, теңізге балық толып, шағала шаңқылдап, үйрек-қаз қонып, жергілікті ел-жұрт арқа-жарқа қуанған еді. Өкінішке қарай, қазір теңіз тағы да көмекке зәру болып тұр. Оған бір себеп – ретсіз салына берген жасанды су қоймаларының кесірінен қажетті су теңізге жетпей жатыр. «Біз білмейтін тоған-көлшіктер ретсіз, есепсіз салына берген. Тіпті, кейбір адамдардың жекеменшік көлдері де бар. Олар, әлбетте теңізден гөрі өздерінің көлдерін толтыруға мүдделі болады. Одан бөлек, айналадағы облыстарда бірнеше жасанды су қоймасы салынған, соның бәрі суды Сырдариядан алады. Осылайша, суды жан-жақтан талап жатыр», – дейді экомарафон идеясының авторы, «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің өкілі Нұртуған Тұржанов. Бұл мәселемен қатар экобелсенді Солтүстік (Кіші) Аралды сақтау мақсатында Көкарал бөгетін бекіту, сондай-ақ Сырдария өзенінің арнасын бетондау керек екенін айтты. Естеріңізге салсақ, бұл мәселені 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. «Көкарал бөгетінің төменгі жағын Сырдария ағыны бұзып жатыр. Дереу қолға алмасақ, Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін. Осы уақытқа дейін жиналған 27 млрд текше метр су зая кетпеуі керек» деген еді сол кезде Президент. Сол қауіптің беті әлі күнге қайтпаған. «Қазір бөгет тесілген. Шетінен су жырып ағып жатыр. Сондықтан бөгетті бекітіп, 6 метрге дейін биіктету керек. Одан бөлек, су топыраққа сіңіп кетіп, ысырап болып та жатыр. Ауылшаруашылық саласының сарапшысы Алмасбек Садырбектің зерттеуінше, жыл сайын судың 40 пайызы рәсуа болады екен, бұл – Кіші Арал суының көлемімен пара-пар. Осы мәселені шешу үшін өзеннің арнасын бетондаған дұрыс. Мәселен, бұл тәжірибе Нева, Мәскеу өзендерінде, тіпті өзіміздегі Үлкен Алматы, Кіші Алматы өзендерінде бар. Оған қоса, суды күрішке, басқа да шаруашылыққа құбыр арқылы жіберу де көп судың орта жолда сіңіп, жоғалып кетуінің алдын алар еді», – дейді Нұртуған Тұржанов. Бұдан басқа, экомарафон қатысушының пікірінше, Сыр өңірінде күріш, балық өндірісімен айналысатын кәсіп іс-әрекетін қадағалап, реттеп отыратын механизм керек. «Кеңес заманынан бері келе жатқан күріш егу формалары бар. Адамдар өздеріндегі күріш алқаптарының нақты көлемін жасырады, мәселен 10 гектар күріш егетін жерім бар деп, бірақ суды 15 гектар жерге жұмсайтындай көлемде алуы мүмкін. Жеке тұлғалар суды өзінің шаруасына пайдаланғысы келсе, оларға арнайы есептегіш орнату керек. Сонда суды сатып алатын болған соң олар да осылай бейберекет шашуды доғарады», – дейді Нұртуған Тұржанов. Экомарафон соңында табиғат жанашырлары 21 тармақтан тұратын қарар қабылдады. Оның ішінде жоғарыда айтылған мәселелерге қоса «Арал өңірін экологиялық сауықтандыру» тұжырымдамасын қабылдау және тиісінше заң қабылдау, Арал өңірін БҰҰ Бас Ассамблеясының ұсынысы бойынша он жылға Экологиялық инновация және технологиялар аймағы деп жариялау, 1992 жылы Хельсинкиде қабылданған «Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі» конвенция негізінде Өзбекстан мен Қазақстан арасында келісім жасау, Кіші Сарышығанаққа шлам төгетін кальцилендірілген сода зауытының салынуына жол бермеу секілді ұсыныстар бар. Экологиялық акция барысында қатысушылар символикалық позиция ретінде Меккеден, Лондоннан, Ыстанбұлдан, Санкт-Петербордан, Мальта аралдарынан, Қазақстандағы Каспий, Ертіс, Есіл, Шу, Талас, Сырдария су көздерінен әкелген бір-бір бөтелке суларды теңіз табанына құйды. Сондай-ақ Қаратерең, Аралқұм, Қамбаш, Сексеуіл, Қарақұм, Жіңішкеқұм, Шижаға секілді бірталай ауыл мен Арал қаласында тасаттық берілді.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ