Біздің еліміз көп жылдар бойы демократиялық өзгерістер жолымен жүріп келді. Трансформациялық жолда қабылданған шешімдер мен ауқымды жобалар соның дәлелі. Ал, күні кеше өткен референдум Жаңа Қазақстанды құрудың бастамасы бола отырып, мемлекеттің әділетті өзгерістерге бағытталған маңызды қадамы болды.
Референдум – ел тарихындағы маңызды оқиға. 27 жыл ішінде алғаш рет қазақстандықтар қазіргі Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін тарихи таңдау жасады. Референдумның сәтті өтуі өзгеріске дауыс берген әр қазақстандықтың азаматтық жауапкершілігінің нәтижесі іспеттес.
Ел болып бірігіп, жұдырықтай жұмылған жұмыстың жүйелі нәтижесін айта кетсем. Жалпы, референдум аясында «AMANAT» партиясымен атқарылған жұмыстар мән-мағынаға толы болды. Оның ішінде, Amanat-тың қалалық филиалының мәслихат депутаттары, саяси кеңес мүшелері, белсенділері, БПҰ төрағалары қатарынан партиялық штаб құрылып, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының желілік кестесі әзірленді. Мәжіліс және қалалық мәслихат депутаттары елордамыздың бірқатар кәсіпорындары мен мекемелірінде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесулер аясында азаматтардан мыңнан астам ұсыныстар мен өтініштер түсті. Қарапайым халықты келесідей әлеуметтік мәселелер алаңдатты: бірінші қажеттілікті тауарлар бағасының өсуі, зейнеткерлік жасты қысқарту, еңбекақы мөлшерін арттыру, жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру. Сондай-ақ, өзгеріске ұшырайтын Ата Заңдағы баптар бойынша, жер қойнауындағы меншік құқығы, Конституциялық сот құру, депутаттардың мандаттарын кері қайтарып алу институтын енгізу және т.б. мәселелер көтерілді. Барлық ұсыныстар Мәжіліс депутаттарының жіті бақылауына алынатын болады.
Аталған жиындар әртүрлі форматта өтті және барлық әлеуметтік мәселелерді қамтыды. Педагогтар мен қоғамдық пікір көшбасшыларының ұсыныстары ерекше назарға алынды.
5 маусым, яғни дауыс беру күні Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық дауыс беру учаскелерінде «AMANAT» партиясының бақылаушылары қатысты, олар референдум заңнаманың барлық нормалары бойынша, қандай да бір бұзушылықсыз өткізілгенін атап өтті. Дауыс беруге, сайлау құқығына ие азаматтардың жалпы санының 57,56%-і қатысып, олардың 79,59%-і конституциялық түзетулер енгізуді қолдады. Саналы азаматтық таңдау жасау үшін арнайы учаскелерге келген Елорда тұрғындарының көтеріңкң көңіл күйлері бірден байқалды. Жалынды жастардан қазыналы қарияға дейін, әртүрлі маман иелері мен әлеуметтік топтар өкілдері өз таңдауларын жасады.
Биылғы жылдың 8 маусымында жалпыұлттық референдумда қабылданған Ата Заңға енгізілген барлық түзетулер өз күшіне енді. Конституциялық өзгерістер Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейтуге бағытталған. Мәжіліс депутаттарын бір мандатты округтер бойынша сайлау, өз міндеттерін сапасыз орындағаны үшін депутаттық мандаттарды қайтарып алу тетігін енгізу, облыс әкімдерін баламалы негізде тағайындау, ҚХА квотасын өзгерту, Парламенттің бақылау функцияларын кеңейту – осының бәрі халықтың мемлекеттік басқаруға жанама қатысуын кеңейтеді және сонымен бірге халықтың билік институттарына деген сенімін нығайтады.
Реформалар пакеті аралас сайлау жүйесіне көшуді қарастырады. Мәжіліс партиялық тізімдер негізінде аралас жүйе бойынша және бір мандатты аумақтық округтер бойынша 70%-дан 30%-ға дейінгі арақатынаста толық қалыптастырылатын болады. Бұл мәжілісте түрлі әлеуметтік топтардың мүдделері мен саяси көзқарастарының көрініс табуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, депутаттардың 50%-ы облыстарда, ал қалалар мен аудандарда барлық депутаттар тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы сайланады. Сайлаушылар түзетулер қабылданған жағдайда, белгілі бір адамға оның жеке қасиеттері мен тәжірибесін ескере отырып дауыс береді.
Айта кету керек, бірқатар түзетулер президенттік институтқа және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік жүйесіне қатысты болды. Бұл қадам Президенттің саяси партияларға қатысты саяси бейтараптығын қамтамасыз ету үшін қабылданған маңызды шешімдеп ойлаймын. Қоғамдық бірлестіктердің атқарушы биліктен тәуелсіздігі саяси жүйенің әділдігін және саяси реформалардың нақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Конституцияда Мемлекет басшысының жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік сектордағы басшылар лауазымдарына тағайындалуға тыйым салынды.
Түзетулердің келесі маңызды блогы құқық қорғау саласына: Конституциялық сот құру, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту, өлім жазасына толық тыйым салу. Азаматтардың өтініш жасау мүмкіндігімен Конституциялық соттың құрылуы олардың құқықтары мен мүдделерінің сақталуын едәуір күшейтуге мүмкіндік береді.
Жаңартылған Конституцияда жер, оның қойнауы, өсімдіктер мен жануарлар әлемі халыққа тиесілі екендігі, ал халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асыратыны бекітілген.
Негізгі заңға өзгерістер енгізу – болашақтағы өзгерістердің бастауы. Мемлекеттік аппарат пен жалпы қоғам алдында елді жан-жақты жаңғырту жөнінде үлкен міндеттер тұр. Кезең-кезеңімен саяси қайта құру ұлттық экономиканы әртараптандыруға, Шағын және орта бизнесті нығайтуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға, көлік-логистика жүйесін дамытуға, мемлекеттік аппаратты бюрократиясыздандыруға, құқықтық саланы жаңғыртуға және т. б. ықпал ететін болады.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен референдумның қорытындысы бойынша халыққа үндеуінде: "Референдумның нәтижелері біздің мемлекеттілігіміздің тарихында мүлдем жаңа тарауды ашады. Өз таңдауын жасаған халқымыз жасампаздыққа деген ерік-жігер мен түбегейлі өзгерістерге ұмтылысын көрсетті. Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Мен бірге міндетті түрде алға қойған мақсаттарымызға жететінімізге толық сенімдімін. Біз бірге жаңа Қазақстан құрамыз!» – деді.
«АMANAT» партиясы Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құру бағытын толық қолдайтын саяси күш болып табылады. Елордалық филиал жаңа реформаларды іске асыруға белсенді қатысуға дайын!
Сақтаған Сәдуақасов,
«AMANAT» партиясы Нұр-Сұлтан қалалық
филиалының атқарушы хатшысы