Джуниядан жүлдемен оралды
Джуниядан жүлдемен оралды
230
оқылды
Ливанның Джуния қаласында өткен Азия чемпионатында Қазақстанның сам­бошылары айтарлық­тай табысқа қол жеткізді. Ерлер мен әйелдер арасындағы бәсекелердің өзін­де ғана 9 алтын, 13 күміс және 3 қола медаль олжалаған жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақ­тады. Барлығы – 25 жүлде. Ерлер арасында төрт бал­уанымыз финалға шығып, солар­дың үшеуі бас жүлдені олжалады. 58 келі салмақта атыраулық Айдынбай Қайыргелді қарсылас шақ келтірмеді. Осы жарыс барысында ол өзбекстандық Достон Рузиев, кореялық Шин Жаенг және қырғызстандық Нұрғазы Жанбосыновты жеңіп, команда қоржынына алғашқы алтынды салды. Айдынбай бастаған жеңісті жолды Есентай Имаханов жалғастырды. Үшінші алтынды 71 келі салмақта күш сынасқан Арнұр Қуатай иеленді. Бастапқыда ирактық Хуссейн Жасим мен ливандық Жой Хадаттың тасталқанын шығарған қандасымыз шешуші тұста Өз­бек­станның өрені, әлем және Азия чемпионы Шахриёр Ма­маткуловтан айласын асырды. – Былтыр Ташкентте өткен Азия чемпионатында Қазақстан­ның ерлер құрама командасы мүшелері арасынан тек Темірлан Көлбай ғана алтын алған еді. Бұл жағдай бізді қатты қынжылтты. Елге оралған соң барлық мәселені ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салдық. Кемшілік­терді түзету үшін көп еңбектендік. Нәтижесі жаман болған жоқ. Арада бірер ай өткенде әлем чемпионатында екі алтын алсақ, бүгін, міне құрлықтың басты додасын үш алтынмен қорытын­дыладық. Бірақ бұл көрсеткішке тоқмейілсуге болмайды. Өйткені біз осы жарыстың жалпы есебінде бірінші орын алуды көздедік. Алайда өзбектер алдымызды орап кетті. Олардан озу үшін командамызға бір қола медаль ғана жетпей қалды, – дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері Біржан Имаханов. Әйелдер арасында өткен жарыста 3 алтын мен 4 күмісті олжалаған отандастарымыз командалық есепте көш бастады. Алтын тұғырдан қол бұлғаған бұрымдылар арасында 72 келі салмақта күрескен Ділдәш Құрышбаева, Маргарита Бажаева (50 келі) мен Азман Амаева (80 келі) бар.

К.ЕСІМХАН