Барын банкте сақтаудан бас тартты
Барын банкте сақтаудан бас тартты
© коллаж: Елдар Қаба
566
оқылды
Таяуда ғана банк секторы Үкіметтің, Ұлттық банк пен қаржылық реттеу­шінің мақтанышын туғызатын. Қазақстанның банк саласы кейінгі жылда­ры орта есеппен 11 пайызға өсіп отырды. Былтыр екінші деңгейлі банк­тер­дің жоғары өтімділікті активтері бірден 38 пайызға артқан. Алайда қазір бұл сектордың кері кете бастағаны байқалады. Активтер ауқымы азаюда. Депозиттер тек бір ай ішінде бірден 280 миллиард теңгеге күрт кеміген. Жұрт салымын әкетуді жалғастырды. Банк секторының жағдайы не болады? Банктердің барлық көрсеткіші құлдырады Банк саласындағы жағдайдың шынында күрделі екенін сарапшылар кейінгі он жыл бойы айтып келеді. Ұлттық банк, бертінде – Қаржы нарығын реттеу агенттігі мәселені түбегейлі шешу орнына оның бетін бүркемелеумен бол­ды. Айталық, кепілзаты жоқ «зиянды» кредиттерді оңды-солды үлестіріп, әбден уланған, экономикаға ауыртпалығын түсірген банктерді банкрот қылу орнына оларға Ұлттық қордың миллиардтаған доллар қаражатын құйды, құтқарып қалуға тырысты. Тағы бір мәселе – қазақстандық банк секторында бәсекелестік шектелді, банктер саны азайып, ірі банктер үстемдігін орнатты, өз ережесін таңатын дәрежеге жетті. 2013 жылы республикада 38 банк болыпты. Оның 19-ы шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істеген. Содан бері мемлекет құтқарған БТА банкін ақырында Қазкоммерцбанк са­тып алды, кейін Қазкомды Халық банкі «жұтып» қойды. 2014 жылы Альянс, Темір және Forte Bank бірікті. 2018 жылы Forte Bank Kassa Nova банкін де иеленді. 2015 жылы түріктің еліміздегі Bank Pozitif-і Еуразиялық банктің құрамына кірді. Бертінде АТФ банкін Jýsan Bank сатып алды. Қаржы нарығын реттеу агент­тігі 2021 жылғы қазанда 9 банктің бан­кроттау рәсімі әлі күнге аяқталма­ғанын мәлімдеді, бұлар – Валют-транзит банк, Қазинвестбанк, Delta Bank, Эксимбанк, Астана банкі, Qazaq Banki, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan. Қазіргі жағдай қандай? Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2013 жылғы 38 банктен 2022 жылғы 1 мамырда екінші деңгейлі 22 банк қана қалыпты. Соның ішінде 14 банк шетелдің қатысуымен жұмыс іс­тейді, нақтылай кетсек, мұның 11-і – шетел­дік қаржылық ұйымдардың енші­лес банкі. Салыстыру үшін айтсақ, кіш­кентай ғана Қырғыз Республикасында 25 банк бар, оның 18-і – шетелдік. Отандық банк секторының активтері 2021 жылы 37,6 триллион теңге болды. Қаржылық реттеушінің дерегінше, банк секторының жиынтық активтері 2022 жылғы сәуірде бірден 12 пайызға – 737 миллиард теңгеге құлдырады. Нәтиже­сінде, 1 мамырда активтер 37,18 трил­лион теңгені құрады. Қаржылық реттеу ведомствосы был­тыр банктер өтімділіктің үлкен қорына ие және оның 14,9 триллион теңгеге тең екенін хабарлады. Соның ішінде 13,9 трил­лион теңгесі – жоғары өтімділікті активтер. Бұл ретте екінші деңгейлі банктердің жоғары өтімділікті активтері 38,3 пайызға өсті», – деп хабарлаған еді. Дегенмен оның қазіргі үні сонша жарқын емес. Өйткені бұл көрсеткіштер де құл­ды­рап жатыр. Және елеусіз көлемде емес, бірден 3 триллион теңгеге (!) жуық кеміді. Агенттіктің мәліметінше, бүгінде банктердің 11,05 триллион теңгені құ­райтын жоғары өтімділікті активтері (ЖӨА) ғана қалыпты. Тағы бір өзгеріс: 2021 жылы елдегі банктердің жалпы қорының 46 пайызы – ЖӨА болыпты. Биыл бұл көрсеткіш небәрі 29,7 пайызы ғана. Соған қарамас­тан Мәдина Әбілқасымованың коман­дасы оптимизм танытып отыр және банк секторындағы дағдарыс туралы айтуға ерте екенін білдірді: «Бос өтімділіктің болуы отандық банктерге өз міндеттеме­леріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді». Ресей банктері есін жияр емес Қазақстандық банк секторының без­гек тигендей селкілдейтін жөні бар. Онда ресейлік банктер үлкен еншіге ие: 2021 жылы Сбербанктің активтері 3 триллион 166,8 млрд теңгеге жетіп, ол еліміздегі №2 банкке айналды (Халық банкінен кейін). Ал Альфа банк 7-ші ірі банк саналатын (активі 758,7 млрд теңге). ВТБ 12-орында тұрды (327,7 млрд теңге). Енді Ресейге батыс енгізген алапат санкциялар көршінің еліміздегі еншілес банктеріне соққы болды. ВТБ, Сбербанк SWIFT-тен ағытылды. Еліміздегі ресей­лік банктердің (Сбербанк, Альфа-банка, ВТБ) үшеуіне де долларды, еуроны пай­далануына тыйым салынды, шетелдегі есепшоттары бұғатталды. Халықаралық рейтинг агенттіктері оларға берген рей­тингін кері қайтарып алды, яғни инвес­тор бұларға қаржысын құймайды. Нәтижесінде ресейлік банктер күй­реп, Қазақстанның банк секторының жағ­дайын нашарлатып жатыр. Айт­­қандай, биылғы 5 мамырда ЦентрКре­дит Бан­кі «Альфа-Банк Қазақстан» АҚ-ның акциясын толықтай сатып ал­ды. Енді Аль­фа-Банк Eco Center Bank деп аталады. Ал ВТБ банк шалажансар күйде. 2 маусымда «Банк ВТБ» ресейлік бас банкі қазақстандық еншілес банкіне қосымша капитал құюға ниетті екенін мәлімдеді. ВТБ Қазақстанның капиталының артуы оған орнықтылығын сақтауға және акционер белгілеген міндеттерді орын­дауға мүмкіндік беретіні айтылды. Алай­да Батыс санкциялары күшінде тұрғанда әрі әлемдегі басты резервтік валюталарды пайдалана алмайтындықтан, бұл банктің толыққанды қызмет етуі туралы сөз қоз­ғау­дың өзі әбестік. Әйтсе де, егер Ресей үкіметі осы мем­лекеттік банкінің қазақстандық бөлім­ше­сін қаржымен толықтырса, бұл ВТБ бан­­кіне қазақстандық заңнама талапта­ры мен нормативтерін сақтауға, сөйтіп ли­цен­зиясынан айырылмауға мүмкіндік береді. «ВТБ банк (Қазақстан) Қазақстанның резиденті және елде 13 жылдан бері жұ­мыс істеп келеді. Акционеріміз сенім біл­­діріп, банкке толық қолдау көрсетеді. Біз ВТБ-ның Қазақстанда дамуының жаңа жолын нақты көріп отырмыз. Сон­дықтан биз­несмодельді трансформа­ция­лаумен ай­налысудамыз», – дейді ВТБ банк бас­қарма төрағасы Дмитрий Забелло. Бірақ сарапшылардың байламынша, банкрот болып, жабылып тынуы да ға­жап емес. Биылғы сәуір қорытын­дысын­да ВТБ-ның қазақстандық қаржылық ұйымының залал-шығыны 14 миллиард теңгеге жетті. Бұған дейін тек пайда табатын. Ресейлік банктің шығынға бата бастауы оның жағдайына кері әсер етті және «капиталының жеткіліктілігі» (k1) пруденциалдық нормативін бұзуына соқтырды. Тиісінше, банк таяу арада капиталын толықтыруы қажет. Әйтпесе, алдымен ескерту алады, ізінше лицен­зиясынан айырылып, есігіне қара құлып ілуге мәжбүрленеді. Оған жеткізбеу үшін ресейлік қар­жылық ұйым жанталаса қаражат іздеуде: мысалға, ол 2021 жылдың қорытын­ды­сында алған 8,3 миллиард теңге таза та­бысынан қарапайым акциялар бойын­ша дивидендтер төлемеуге шешім қабыл­дады. Яғни, кезінде ресейлік банктердің болашағына кәміл сеніп, оның құнды қағаздарын сатып алған инвесторлар, қазақстандықтар да сазға отырды. Ресей Сбербанкі қазақстандық енші­лес банкін сату жолдарын қарастырып жатыр. Сбербанк аға вице-президенті, Sberbank International блогының бас­шысы Тимур Козинцевтің айтуынша, әртүрлі елдің инвесторлары «Сбербанк Қазақстанды» сатып алуға қызығушылық білдіріп отыр: «Олардың арасында қа­зақстандық жекеменшік және мемлекет­тік құрылымдар да, ресейлік инвесторлар да, сондай-ақ Түркия мен Таяу Шығыс елдерінің компаниялары да бар. Реттеу­шінің қолдауымен активтерімізді азай­тып, нарықтан шығу жұмыстарын жүр­гізудеміз», – деді ол. Т.Козинцевтің де­регінше, санкциялар кесірінен қазақ­стандық Сбербанктің активтері екі есе­ден астамға азайды: «Яғни, біз бар-жоғы екі айда соңғы екі жылдағы барлық же­тістігімізден айырылдық», – деп күрсінді Сбербанктің аға вице-президенті. Отандық банктер өрге ұмтылды Олай болса, биылғы жылдың бірінші жартысының қорытындысында кезінде елдегі №1 банкке айналуға ұмтылған ре­сейлік алпауыттар жабылып, рейтинг­тің шетіне де іліге алмай қалуы ықтимал. Сонымен бірге Ranking сарапшылары Қазақстанның төл банктерінің болашағы зор екеніне назар аудартады. Әрине, 2022 жылғы сәуір айының қорытындысында банктердегі салымдардың портфелі 280 миллиард теңгеге (2,1%-ға) күрт төмен­деді. Азаматтардың депозиттері екінші ай қатарынан кеміп жатыр. 1 мамырдағы жағдай бойынша банктерде жеке тұл­ғалардың 12,83 триллион теңге жинағы ғана қалды. Экономист Алмас Чукиннің байла­мын­ша, оның бірнеше себебі бар. Бірін­шіден, коронадағдарыс қаңтардағы оқи­ғаларға, енді Украинадағы қарулы жанжал мен санкциядан туындаған жа­һандық күйзеліске ұласты. Халықтың тұрмысы төмендеді, бизнес орындары жабылып жатыр. Тиісінше, біраз адам жинағын жұмсауға кіріскен. Екіншіден, банктердің бірінен соң бірі жабылуы салымшыларды үркітті, олар қаржыны сақтап, арттырудың басқа жолдарын (криптовалюта, акция, жылжымайтын мүлік, көлік, тағы басқасын) таңдады. Үшін­шіден, посткеңестік кеңістік қа­рулы шиеленіс алаңына айналып бара жатқандай: Ресей–Украина, Әзер­бай­жан–Армения, Қырғыз Республикасы–Тәжікстан қақтығысты. Содан кейбір қалталы азамат жинағын алып, оны Түркия, Дубай, Еуропа елдерінде тұрғын үй сатып алуға бағыттады. Нәтижесінде, кейінгі айларда 22 банк­тің 9-ынан салымшылары белсенді түрде кетіпті. Оның арасында бұрын «ТОР-5»-ке кірген 4 банк бар (Сбербанк, ВТБ банк, Форте банк, Jýsan Bank). Депозиттерінің өсуі жөнінен Kaspi көш бастады: сәуірде халық салымда­ры­ның көлемі 120,1 миллиард теңгеге (+4,8%) артып, 1 мамырда 2,6 триллион теңгеге жетті. Одан кейінгі орынға басқа банкті қосу есебінен ЦентрКредит банкі көтерілді (сәуірде салымдары 47,6 млрд теңгеге ұлғайды, депозиттің жалпы көлемі 886 млрд теңге). Үштікті Фридом Финанс Қазақстан банкі (+12,8 млрд, жалпы 62,5 млрд теңге) тұйықтады. Банк секторында көңілді алаңдата­тын көріністер барын Қаржы нарығын реттеу агенттігі де жасырмайды. Мәс­е­лен, кредиттердің сапасы барлық бағытта қайтадан қарқынды түрде нашарлай бас­тады. Агенттіктің Сыртқы коммуни­кациялар басқармасының мәліметінше, 2022 жылғы сәуірдің қорытындысында төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен бе­решегі бар жеке тұлғалардың кредиттер­дің үлесі кредиттік портфельдің жалпы кө­лемінің 3,8%-ына жетті. Жылдың ба­сында 3,5% болатын. Шағын және орта бизнесті қосқанда, заңды тұлға­лар­дың портфелінде қайтарылмайтын қарыздардың үлесі 3,6% межесіне көте­рілді (2022 жылғы қаңтарда – 3,4% бол­ған). 2022 жылғы қаңтар-сәуірде банк­тер­дің таза пайдасы 375 миллиард тең­ге­ні құрады және 2021 жылдың сәйкес кезе­ңіне қарағанда 6,5%-ға құлдырады. Қорыта айтқанда, отандық банк секторы қайтадан «зілзала» кезеңіне тап болды. Сілкіністер нәтижесінде қандай банктің даму жолында серпін алатыны, қайсысының орнықтылығын жоғалтып, жайрап қалатыны жыл соңына қарай анықталуға тиіс.