Таяуда ғана банк секторы Үкіметтің, Ұлттық банк пен қаржылық реттеушінің мақтанышын туғызатын. Қазақстанның банк саласы кейінгі жылдары орта есеппен 11 пайызға өсіп отырды. Былтыр екінші деңгейлі банктердің жоғары өтімділікті активтері бірден 38 пайызға артқан. Алайда қазір бұл сектордың кері кете бастағаны байқалады. Активтер ауқымы азаюда. Депозиттер тек бір ай ішінде бірден 280 миллиард теңгеге күрт кеміген. Жұрт салымын әкетуді жалғастырды. Банк секторының жағдайы не болады? Банктердің барлық көрсеткіші құлдырады Банк саласындағы жағдайдың шынында күрделі екенін сарапшылар кейінгі он жыл бойы айтып келеді. Ұлттық банк, бертінде – Қаржы нарығын реттеу агенттігі мәселені түбегейлі шешу орнына оның бетін бүркемелеумен болды. Айталық, кепілзаты жоқ «зиянды» кредиттерді оңды-солды үлестіріп, әбден уланған, экономикаға ауыртпалығын түсірген банктерді банкрот қылу орнына оларға Ұлттық қордың миллиардтаған доллар қаражатын құйды, құтқарып қалуға тырысты. Тағы бір мәселе – қазақстандық банк секторында бәсекелестік шектелді, банктер саны азайып, ірі банктер үстемдігін орнатты, өз ережесін таңатын дәрежеге жетті. 2013 жылы республикада 38 банк болыпты. Оның 19-ы шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істеген. Содан бері мемлекет құтқарған БТА банкін ақырында Қазкоммерцбанк сатып алды, кейін Қазкомды Халық банкі «жұтып» қойды. 2014 жылы Альянс, Темір және Forte Bank бірікті. 2018 жылы Forte Bank Kassa Nova банкін де иеленді. 2015 жылы түріктің еліміздегі Bank Pozitif-і Еуразиялық банктің құрамына кірді. Бертінде АТФ банкін Jýsan Bank сатып алды. Қаржы нарығын реттеу агенттігі 2021 жылғы қазанда 9 банктің банкроттау рәсімі әлі күнге аяқталмағанын мәлімдеді, бұлар – Валют-транзит банк, Қазинвестбанк, Delta Bank, Эксимбанк, Астана банкі, Qazaq Banki, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan. Қазіргі жағдай қандай? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2013 жылғы 38 банктен 2022 жылғы 1 мамырда екінші деңгейлі 22 банк қана қалыпты. Соның ішінде 14 банк шетелдің қатысуымен жұмыс істейді, нақтылай кетсек, мұның 11-і – шетелдік қаржылық ұйымдардың еншілес банкі. Салыстыру үшін айтсақ, кішкентай ғана Қырғыз Республикасында 25 банк бар, оның 18-і – шетелдік. Отандық банк секторының активтері 2021 жылы 37,6 триллион теңге болды. Қаржылық реттеушінің дерегінше, банк секторының жиынтық активтері 2022 жылғы сәуірде бірден 12 пайызға – 737 миллиард теңгеге құлдырады. Нәтижесінде, 1 мамырда активтер 37,18 триллион теңгені құрады. Қаржылық реттеу ведомствосы былтыр банктер өтімділіктің үлкен қорына ие және оның 14,9 триллион теңгеге тең екенін хабарлады. Соның ішінде 13,9 триллион теңгесі – жоғары өтімділікті активтер. Бұл ретте екінші деңгейлі банктердің жоғары өтімділікті активтері 38,3 пайызға өсті», – деп хабарлаған еді. Дегенмен оның қазіргі үні сонша жарқын емес. Өйткені бұл көрсеткіштер де құлдырап жатыр. Және елеусіз көлемде емес, бірден 3 триллион теңгеге (!) жуық кеміді. Агенттіктің мәліметінше, бүгінде банктердің 11,05 триллион теңгені құрайтын жоғары өтімділікті активтері (ЖӨА) ғана қалыпты. Тағы бір өзгеріс: 2021 жылы елдегі банктердің жалпы қорының 46 пайызы – ЖӨА болыпты. Биыл бұл көрсеткіш небәрі 29,7 пайызы ғана. Соған қарамастан Мәдина Әбілқасымованың командасы оптимизм танытып отыр және банк секторындағы дағдарыс туралы айтуға ерте екенін білдірді: «Бос өтімділіктің болуы отандық банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді». Ресей банктері есін жияр емес Қазақстандық банк секторының безгек тигендей селкілдейтін жөні бар. Онда ресейлік банктер үлкен еншіге ие: 2021 жылы Сбербанктің активтері 3 триллион 166,8 млрд теңгеге жетіп, ол еліміздегі №2 банкке айналды (Халық банкінен кейін). Ал Альфа банк 7-ші ірі банк саналатын (активі 758,7 млрд теңге). ВТБ 12-орында тұрды (327,7 млрд теңге). Енді Ресейге батыс енгізген алапат санкциялар көршінің еліміздегі еншілес банктеріне соққы болды. ВТБ, Сбербанк SWIFT-тен ағытылды. Еліміздегі ресейлік банктердің (Сбербанк, Альфа-банка, ВТБ) үшеуіне де долларды, еуроны пайдалануына тыйым салынды, шетелдегі есепшоттары бұғатталды. Халықаралық рейтинг агенттіктері оларға берген рейтингін кері қайтарып алды, яғни инвестор бұларға қаржысын құймайды. Нәтижесінде ресейлік банктер күйреп, Қазақстанның банк секторының жағдайын нашарлатып жатыр. Айтқандай, биылғы 5 мамырда ЦентрКредит Банкі «Альфа-Банк Қазақстан» АҚ-ның акциясын толықтай сатып алды. Енді Альфа-Банк Eco Center Bank деп аталады. Ал ВТБ банк шалажансар күйде. 2 маусымда «Банк ВТБ» ресейлік бас банкі қазақстандық еншілес банкіне қосымша капитал құюға ниетті екенін мәлімдеді. ВТБ Қазақстанның капиталының артуы оған орнықтылығын сақтауға және акционер белгілеген міндеттерді орындауға мүмкіндік беретіні айтылды. Алайда Батыс санкциялары күшінде тұрғанда әрі әлемдегі басты резервтік валюталарды пайдалана алмайтындықтан, бұл банктің толыққанды қызмет етуі туралы сөз қозғаудың өзі әбестік. Әйтсе де, егер Ресей үкіметі осы мемлекеттік банкінің қазақстандық бөлімшесін қаржымен толықтырса, бұл ВТБ банкіне қазақстандық заңнама талаптары мен нормативтерін сақтауға, сөйтіп лицензиясынан айырылмауға мүмкіндік береді. «ВТБ банк (Қазақстан) Қазақстанның резиденті және елде 13 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Акционеріміз сенім білдіріп, банкке толық қолдау көрсетеді. Біз ВТБ-ның Қазақстанда дамуының жаңа жолын нақты көріп отырмыз. Сондықтан бизнесмодельді трансформациялаумен айналысудамыз», – дейді ВТБ банк басқарма төрағасы Дмитрий Забелло. Бірақ сарапшылардың байламынша, банкрот болып, жабылып тынуы да ғажап емес. Биылғы сәуір қорытындысында ВТБ-ның қазақстандық қаржылық ұйымының залал-шығыны 14 миллиард теңгеге жетті. Бұған дейін тек пайда табатын. Ресейлік банктің шығынға бата бастауы оның жағдайына кері әсер етті және «капиталының жеткіліктілігі» (k1) пруденциалдық нормативін бұзуына соқтырды. Тиісінше, банк таяу арада капиталын толықтыруы қажет. Әйтпесе, алдымен ескерту алады, ізінше лицензиясынан айырылып, есігіне қара құлып ілуге мәжбүрленеді. Оған жеткізбеу үшін ресейлік қаржылық ұйым жанталаса қаражат іздеуде: мысалға, ол 2021 жылдың қорытындысында алған 8,3 миллиард теңге таза табысынан қарапайым акциялар бойынша дивидендтер төлемеуге шешім қабылдады. Яғни, кезінде ресейлік банктердің болашағына кәміл сеніп, оның құнды қағаздарын сатып алған инвесторлар, қазақстандықтар да сазға отырды. Ресей Сбербанкі қазақстандық еншілес банкін сату жолдарын қарастырып жатыр. Сбербанк аға вице-президенті, Sberbank International блогының басшысы Тимур Козинцевтің айтуынша, әртүрлі елдің инвесторлары «Сбербанк Қазақстанды» сатып алуға қызығушылық білдіріп отыр: «Олардың арасында қазақстандық жекеменшік және мемлекеттік құрылымдар да, ресейлік инвесторлар да, сондай-ақ Түркия мен Таяу Шығыс елдерінің компаниялары да бар. Реттеушінің қолдауымен активтерімізді азайтып, нарықтан шығу жұмыстарын жүргізудеміз», – деді ол. Т.Козинцевтің дерегінше, санкциялар кесірінен қазақстандық Сбербанктің активтері екі еседен астамға азайды: «Яғни, біз бар-жоғы екі айда соңғы екі жылдағы барлық жетістігімізден айырылдық», – деп күрсінді Сбербанктің аға вице-президенті. Отандық банктер өрге ұмтылды Олай болса, биылғы жылдың бірінші жартысының қорытындысында кезінде елдегі №1 банкке айналуға ұмтылған ресейлік алпауыттар жабылып, рейтингтің шетіне де іліге алмай қалуы ықтимал. Сонымен бірге Ranking сарапшылары Қазақстанның төл банктерінің болашағы зор екеніне назар аудартады. Әрине, 2022 жылғы сәуір айының қорытындысында банктердегі салымдардың портфелі 280 миллиард теңгеге (2,1%-ға) күрт төмендеді. Азаматтардың депозиттері екінші ай қатарынан кеміп жатыр. 1 мамырдағы жағдай бойынша банктерде жеке тұлғалардың 12,83 триллион теңге жинағы ғана қалды. Экономист Алмас Чукиннің байламынша, оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, коронадағдарыс қаңтардағы оқиғаларға, енді Украинадағы қарулы жанжал мен санкциядан туындаған жаһандық күйзеліске ұласты. Халықтың тұрмысы төмендеді, бизнес орындары жабылып жатыр. Тиісінше, біраз адам жинағын жұмсауға кіріскен. Екіншіден, банктердің бірінен соң бірі жабылуы салымшыларды үркітті, олар қаржыны сақтап, арттырудың басқа жолдарын (криптовалюта, акция, жылжымайтын мүлік, көлік, тағы басқасын) таңдады. Үшіншіден, посткеңестік кеңістік қарулы шиеленіс алаңына айналып бара жатқандай: Ресей–Украина, Әзербайжан–Армения, Қырғыз Республикасы–Тәжікстан қақтығысты. Содан кейбір қалталы азамат жинағын алып, оны Түркия, Дубай, Еуропа елдерінде тұрғын үй сатып алуға бағыттады. Нәтижесінде, кейінгі айларда 22 банктің 9-ынан салымшылары белсенді түрде кетіпті. Оның арасында бұрын «ТОР-5»-ке кірген 4 банк бар (Сбербанк, ВТБ банк, Форте банк, Jýsan Bank). Депозиттерінің өсуі жөнінен Kaspi көш бастады: сәуірде халық салымдарының көлемі 120,1 миллиард теңгеге (+4,8%) артып, 1 мамырда 2,6 триллион теңгеге жетті. Одан кейінгі орынға басқа банкті қосу есебінен ЦентрКредит банкі көтерілді (сәуірде салымдары 47,6 млрд теңгеге ұлғайды, депозиттің жалпы көлемі 886 млрд теңге). Үштікті Фридом Финанс Қазақстан банкі (+12,8 млрд, жалпы 62,5 млрд теңге) тұйықтады. Банк секторында көңілді алаңдататын көріністер барын Қаржы нарығын реттеу агенттігі де жасырмайды. Мәселен, кредиттердің сапасы барлық бағытта қайтадан қарқынды түрде нашарлай бастады. Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасының мәліметінше, 2022 жылғы сәуірдің қорытындысында төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен берешегі бар жеке тұлғалардың кредиттердің үлесі кредиттік портфельдің жалпы көлемінің 3,8%-ына жетті. Жылдың басында 3,5% болатын. Шағын және орта бизнесті қосқанда, заңды тұлғалардың портфелінде қайтарылмайтын қарыздардың үлесі 3,6% межесіне көтерілді (2022 жылғы қаңтарда – 3,4% болған). 2022 жылғы қаңтар-сәуірде банктердің таза пайдасы 375 миллиард теңгені құрады және 2021 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 6,5%-ға құлдырады. Қорыта айтқанда, отандық банк секторы қайтадан «зілзала» кезеңіне тап болды. Сілкіністер нәтижесінде қандай банктің даму жолында серпін алатыны, қайсысының орнықтылығын жоғалтып, жайрап қалатыны жыл соңына қарай анықталуға тиіс.