Жан пидада жатар жер
Жан пидада жатар жер
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
739
оқылды
Ауыр дерт ақыры жеңіп, адам Кюблер-Росс теориясындағы қайғыны қабылдаудың бес кезеңін бастан өткеретін шақты науқас үшін де, оның жақындары үшін де біз­дегі ұғыммен «жердегі тозақ» деуге болар. Дәл осы шарасыз күйдің жүгін көтеретін арнайы ұйым барын біреу білсе, біреу білмес. Үміті сөнген адамның қалған өмірін са­палы етуге, мейлінше қиналмай, қорқынышсыз және жал­ғызсырау сезімінсіз о дүниеге аттануына мүмкіндік бере­тін медициналық-әлеуметтік мекеме «хоспис» деп ата­лады. Біз Нұр-Сұлтандағы «AMARA Investment» паллиативті меди­ци­налық көмек көрсететін әлеуметтік ор­та­лықтағы науқастардың көңі­лін сұрай барған едік (кейіп­кер­лер­дің аты-жөні өзгертіліп беріл­ді). «Сынағым тезірек аяқталғанын сұраймын» Раушан, 52 жаста: – 27 жасымнан бері Паркинсон дертімен алысып келемін. Бас сүйе­гімді жарып, үш рет ота жасат­тым: арнайы чип қойдырдым. Қа­зір қимыл-қозғалысымды тұ­рақ­тандыратын дәріге тәуелдімін. Бұл аурудың қай кезде асқынаты­нын білмейсің. Кейде отырған кезімде ұстама басталса, төсекке жетпей, құлап қаламын. Жалпы, Пар­кинсон дертінен адам өлмейді, көбіне-көп ұстама кезінде құлап, алған жарақаттың себебінен қай­тыс болады. Нағыз ойнап-күлетін, отбасы құратын шағымда ауыр дерттің емін іздеп, шапқылап жүрдім. Күйеуге шықпадым, балам да жоқ. Әкем Ақмола қаласының Өртке қар­сы қызметінде басшы болып іс­теді, анам – аспазшы болды. Әп­кем мен сіңлім болған еді, бәрі дү­ние салды. Сондықтан паллиа­тив­ті көмекке мұқтаж­бын. Өмірді сапалы сүрмегеннен кейін, оған жармасудың еш мәні жоқ. Ауруға ем іздеудің ауыртпалығы бөлек, ал дер­тің асқынып, шипа жоғын біл­геннен кейін «сын сағатын» күту­дің азабы мүлдем басқа. Бұл күн­дері дәрінің таусылып қалмауын ті­лейтін болдым. Одан соң, Құдай­дан бұл дүниедегі сынағым тезірек аяқталғанын сұраймын. Басқа ар­маным жоқ. Бұл орталықта жатқаныма 1,5 жыл болды. Өз бетіммен өмір сүре ал­май­тынымды түсінген кезде құр­бым «Қарттар үйіне» баруыма кеңес берді. Өйткені бұрын Нұр-Сұл­танда паллиативті көмек көр­сететін бөлек әлеуметтік орта­лық­тар болмаған. Кейін жиенім осы ұйымды тауып, осында келуіме кө­­­мектесті. Мұнда құрбы-дос тап­тым. Көрші палатада аты жаман ауру­мен күресіп жатқан Алтыншаш (аты өзгертілді) есімді әжей бар. Жа­ным құлазыған кезде ол кісінің кеңе­сіне жүгіне­мін. Орталықтағы дәрі­гер, медбикелер де мейірімді. Кә­сіби медициналық көмек көрсе­тіп қана қоймай, бізбен сырласа­тын кездері де болады. Өмір, Құ­дай­мен бай­ланыс туралы көп сөй­лесеміз. Зейнет­ақымыз, жәр­де­­­мақымыз түскенде мұндағы са­ни­тарлар бізді дүкенге көлікпен ке­зекпен апарады, шайға тәттілер са­тып аламыз. Бұл орталықты тап­па­сам, бәлкім бұл өмірде болмас та едім... «Денің сау кезде сыйлысың» Мұрат, 65 жаста: – Мұнда келгеніме бір жылдай бол­ды. Не үшін жатқанымды біл­меймін. Әйелім мен екі қызым: «ая­ғың жүрмей қалуы мүмкін, сон­дықтан осында емделіп ал», –деп әк­еп тастады. Бірақ көріп отыр­ғандарың­дай, екі аяғым да сап-сау, басым істейді, жынды емеспін, не үшін үйге шығар­майтынын сол күйі түсінбедім. Екі телемастерім мені күтіп жүр, олар­мен бірге маңай­дағы ауылдарға барып, ан­тенна жөндейтін едік. Оларға ха­барласайын десем, телефонымның да қайда қалғаны есімде жоқ, ұрла­тып алдым ғой деймін. Әйелім мен қыздарым үйге сый­ғызбады. Әйтеуір, мұнда қа­сым­да басқа қариялар бар, солар­мен әңгімелесемін. Көрші бөлме­де­гі орыс кемпірлермен сөйлесе­мін, мені «мылжың шал» деп кейде қуып жібереді (күліп). Тамағым тоқ, ара-тұра темекімізді әкеп бе­ре­ді, санитарларға аурулар­дың ас­тын ауыстыруға көмек­тесемін, ақ­сақ-тоқсақтарды арба­мен таси­мын, бос жүрмеймін. Денің сау, жұ­мысқа жарамды кезіңде сый­лысың, денсаулығым сыр берген еді, ең жақын отбасыма керек бол­май қалдым. Әйтеуір, далада қарау­сыз қалмай, осы орта­лық­ты па­наладым. Әрине, өзің қала­ған­дай еркін өмір сүруге, ақтық демің шыққанша, отбасың­мен бірге ба­қытты ғұмыр кешкенге не жетсін!.. Бұл да бір сынақ. Дәрігерлер Мұрат ағаның дерті – деменция синдромы екенін айтты. Деменция кезінде адамның когнивтивті (ойлау) қабілеті бұзы­лады. Бұл диагнозды ақыл-есінің кемдігі деп атайды. Елімізде хоспистер қалай жұмыс істейді? Паллиативті медициналық кө­мек көрсету ұйымында (немесе хос­писте) жазылмас ауруға шал­ды­ғып, халі нашарлаған адамдар ме­дициналық күтім алып қана қой­май, сонымен қоса оларға және олардың жақындарына әлеуметтік, психологиялық, рухани қолдау көрсетіледі. Қазақстанда паллиативті меди­ци­налық көмек көрсетуді ұйым­дастыру стандарты ҚР Денсаулық сақ­тау министрлігінің 2020 жылғы 27 қарашадағы №ҚР ДСМ-209/2020 бұйрығымен реттеледі. Оған сәйкес, науқасқа ауырсынуды ба­сатын дұрыс схема таңдау және үйде еңсере алмайтын ауыр симп­том­дарды басу керек болғанда, сон­дай-ақ күтім жасайтын туысы жоқ нау­қасты хосписке жібереді. Хос­писте химия және сәуле тера­пия­сы, қосымша диаг­ностика, хирур­гиялық операция­лар, арнайы ем-дом, оңалту шаралары жүргізіл­мейді. ­Елімізде паллиативті көмек жо­ғары деңгейде дамымаған. Жұ­мыс істеп тұрған хоспистер кө­біне жеке медициналық мекеме емес, ірі ауруханалардың бөлімшесі ретінде ашылған. Мысалы, Нұр-Сұл­танда паллиативті медицина­лық көмекті Көп­салалы медицина орталығы (ересектерге арналған 30 төсек-орын), №1 және №2 Көп­бейін­ді қалалық балалар ауруха­на­лары (балаларға арналған 10 төсек-орын) көр­сетеді. Жеке паллиативті кө­мек орталық­тарына келсек, мұн­­да 2019 жылғы қазанда 150 орын­­дық «AMARA Investment» хос­­писі, одан бөлек, «Мейірім» же­ке мейіргерлік күтім клиникасы бар. Паллиативті көмекке кімдер зәру? Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұсын­­ған дерекке сүйенсек, Көп­са­ла­лы медицина орталығында пал­лиа­тивті көмекті 2020 жылы – 659 па­циент, 2021 жылы 710 пациент ал­ған. 2022 жылғы қаңтардан ма­мырға дейінгі аралықта 352 па­циент жатқан. Бүгінде мұнда ауру­дың IV кезеңіндегі 245 пациент есепте тұр. №1 Көпбейінді қалалық ба­ла­лар ауруха­насының паллиа­тив­ті көмегіне 2020 жылы – 27 ба­ла, 2021 жылы 16 бала жүгінген. Жыл басынан бері аталған ауру­ха­нада 9 бала қызмет алыпты. №2 Көпбейінді қалалық балалар ауру­ха­насында паллиативті көмек беру был­тырғы 20 қаңтардан басталды. 2021 жылы 6 балаға, ал биылғы қаң­тар айынан бері 4 пациентке пал­лиативті көмек көрсетілген. Нұр-Сұлтаннан басқа, өз ал­дына бөлек хоспистер Алматы, Өс­­кемен, Павлодар, Тараз, Қара­ған­ды, Ақтөбе және Қостанай қа­лаларында бар. Ал өзге өңірлерде пал­лиатив­ті көмек жергілікті он­ко­логия­лық диспансерлер мен ау­ру­ханалар қабырғасында ғана көр­сетіледі. «Соңғы» күндердің құны қанша? Қазір елімізде жұмыс істеп тұр­ған хоспистердің өзінде де проб­ле­ма аз емес. Соның бірі – респуб­ли­калық бюджет есебінен бөлі­не­тін қаражаттың аздығы. Паллиа­тив­тік медициналық көмек көрсе­те­тін ұйымдардың жұмысы Мін­дет­ті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорынан төленеді. Оның мөлшері – айына әр науқас­қа 10 300 теңге. «МӘМС-тен бөлінетін қаражат пал­­лиативті қызметтің құнын ақ­та­майды. Өйткені ол ақша нау­қас­тың дәрі-дәрмегіне, бес уақыт та­мағына, күтіміне жетпейді. Кей жағ­дайда науқастың негізгі дер­ті­нен бөлек, қан қысымы немесе қант деңгейі көтеріліп жатады. Ол уақытта қосымша медициналық көмек керек. Біздің орталық­тағы дәрі­герлер мен медбикелерге тү­сетін жүктеме көп. Олар кәсіби ме­дициналық көмекте көрсетіп қана қоймай, моральдық, психо­ло­гиялық қолдау жасайды. Жара­сын тазалап, жуындырып, күтім көр­се­теді. Бұл оңай шаруа емес», – дейді «AMARA Investment» паллиативті медициналық көмек көрсету орта­лығының директоры Гүлмира Шорай­қызы. Ресейде паллиативті көмекке зәру науқастардың басына 48-60 мың теңгеден төленеді екен. Ал Гер­манияда мұндай орталықтардың қыз­мет құны 400 АҚШ долларынан бас­талады. «Бізге науқастардың көбі қа­терлі ісік диагнозымен келеді. Ем­делмейтіні түсінікті, бірақ өмі­рі­нің соңғы күндерін лайықты дең­гейде өткізуге көмектескеніміз дұрыс. Кейбір отбасында оған мүм­кіндік бола бермейді. Ол кісі­лер­дің уақытылы дәрі-дәрмегін беру керек, жарасы болса оны сүртіп, таңу қажет, дерті жа­нына бататындар ауырсынуға шы­дамай айқайлауы, жылауы мүм­кін. Мұның бәріне төзу оңай емес. Бірде бізге бір келіншек ана­сын алып келді. Анасы төсек тар­тып жатқан екен, сол кісіге қарай­мын деп жұмысынан да шыққан, қарыз­данып-қауғаланған, өз-өзіне қарауды мүлдем ұмытқан, оның үстіне күйеуі де тастап кеткен. Әб­ден қажығаны көрініп тұр. Анасын біз­ге әкеліп тапсырған соң, бірне­ше айдан кейін тағы соқты. Таны­май қалдым. Өз-өзіне келіп, жұ­мыс­қа тұрып, жағдайын түзепті. «Анама күтім жасай алмағаным үшін өзімді қатты кінәлі сезініп едім, бірақ берген кеңесіңізге рах­мет», – деді жылап. Айтпағым, пал­лиативті көмекке тек науқастар емес, олардың жақындары да мұқ­таж. Өйткені оларға кәсіби психо­ло­гиялық көмек қажет. Кейде жақынын орталыққа жатқызғысы келмей, науқастың соңғы күнде­рін­де қасында болғысы келетін жа­н­дар бар. Ондайда біздің ұйымда қалуға да, үйіне әкетуге де рұқсат бере­міз және медициналық күтім жа­саудың жолдарын үйретіп жі­бере­міз.  
ТҮЙІН: Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың 60-80 пайызы паллиативті көмекке зәру. Күн сайын елімізде онкологиялық дерттің орташа есеппен 30 жаңа дерегі анықталатынын, ал жыл сайын одан 15 мың адам қайтыс болатынын ескерсек (басқа ауруларды айтпағанның өзінде), хоспистердің жеткіліксіздігі айқын көрінеді. Ал жұмыс істеп тұрғандарының өзінде қаржы тапшы.

Айдана НҰРМҰХАН, Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ