Ауыр дерт ақыры жеңіп, адам Кюблер-Росс теориясындағы қайғыны қабылдаудың бес кезеңін бастан өткеретін шақты науқас үшін де, оның жақындары үшін де біздегі ұғыммен «жердегі тозақ» деуге болар. Дәл осы шарасыз күйдің жүгін көтеретін арнайы ұйым барын біреу білсе, біреу білмес. Үміті сөнген адамның қалған өмірін сапалы етуге, мейлінше қиналмай, қорқынышсыз және жалғызсырау сезімінсіз о дүниеге аттануына мүмкіндік беретін медициналық-әлеуметтік мекеме «хоспис» деп аталады. Біз Нұр-Сұлтандағы «AMARA Investment» паллиативті медициналық көмек көрсететін әлеуметтік орталықтағы науқастардың көңілін сұрай барған едік (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертіліп берілді). «Сынағым тезірек аяқталғанын сұраймын» Раушан, 52 жаста: – 27 жасымнан бері Паркинсон дертімен алысып келемін. Бас сүйегімді жарып, үш рет ота жасаттым: арнайы чип қойдырдым. Қазір қимыл-қозғалысымды тұрақтандыратын дәріге тәуелдімін. Бұл аурудың қай кезде асқынатынын білмейсің. Кейде отырған кезімде ұстама басталса, төсекке жетпей, құлап қаламын. Жалпы, Паркинсон дертінен адам өлмейді, көбіне-көп ұстама кезінде құлап, алған жарақаттың себебінен қайтыс болады. Нағыз ойнап-күлетін, отбасы құратын шағымда ауыр дерттің емін іздеп, шапқылап жүрдім. Күйеуге шықпадым, балам да жоқ. Әкем Ақмола қаласының Өртке қарсы қызметінде басшы болып істеді, анам – аспазшы болды. Әпкем мен сіңлім болған еді, бәрі дүние салды. Сондықтан паллиативті көмекке мұқтажбын. Өмірді сапалы сүрмегеннен кейін, оған жармасудың еш мәні жоқ. Ауруға ем іздеудің ауыртпалығы бөлек, ал дертің асқынып, шипа жоғын білгеннен кейін «сын сағатын» күтудің азабы мүлдем басқа. Бұл күндері дәрінің таусылып қалмауын тілейтін болдым. Одан соң, Құдайдан бұл дүниедегі сынағым тезірек аяқталғанын сұраймын. Басқа арманым жоқ. Бұл орталықта жатқаныма 1,5 жыл болды. Өз бетіммен өмір сүре алмайтынымды түсінген кезде құрбым «Қарттар үйіне» баруыма кеңес берді. Өйткені бұрын Нұр-Сұлтанда паллиативті көмек көрсететін бөлек әлеуметтік орталықтар болмаған. Кейін жиенім осы ұйымды тауып, осында келуіме көмектесті. Мұнда құрбы-дос таптым. Көрші палатада аты жаман аурумен күресіп жатқан Алтыншаш (аты өзгертілді) есімді әжей бар. Жаным құлазыған кезде ол кісінің кеңесіне жүгінемін. Орталықтағы дәрігер, медбикелер де мейірімді. Кәсіби медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, бізбен сырласатын кездері де болады. Өмір, Құдаймен байланыс туралы көп сөйлесеміз. Зейнетақымыз, жәрдемақымыз түскенде мұндағы санитарлар бізді дүкенге көлікпен кезекпен апарады, шайға тәттілер сатып аламыз. Бұл орталықты таппасам, бәлкім бұл өмірде болмас та едім... «Денің сау кезде сыйлысың» Мұрат, 65 жаста: – Мұнда келгеніме бір жылдай болды. Не үшін жатқанымды білмеймін. Әйелім мен екі қызым: «аяғың жүрмей қалуы мүмкін, сондықтан осында емделіп ал», –деп әкеп тастады. Бірақ көріп отырғандарыңдай, екі аяғым да сап-сау, басым істейді, жынды емеспін, не үшін үйге шығармайтынын сол күйі түсінбедім. Екі телемастерім мені күтіп жүр, олармен бірге маңайдағы ауылдарға барып, антенна жөндейтін едік. Оларға хабарласайын десем, телефонымның да қайда қалғаны есімде жоқ, ұрлатып алдым ғой деймін. Әйелім мен қыздарым үйге сыйғызбады. Әйтеуір, мұнда қасымда басқа қариялар бар, солармен әңгімелесемін. Көрші бөлмедегі орыс кемпірлермен сөйлесемін, мені «мылжың шал» деп кейде қуып жібереді (күліп). Тамағым тоқ, ара-тұра темекімізді әкеп береді, санитарларға аурулардың астын ауыстыруға көмектесемін, ақсақ-тоқсақтарды арбамен тасимын, бос жүрмеймін. Денің сау, жұмысқа жарамды кезіңде сыйлысың, денсаулығым сыр берген еді, ең жақын отбасыма керек болмай қалдым. Әйтеуір, далада қараусыз қалмай, осы орталықты паналадым. Әрине, өзің қалағандай еркін өмір сүруге, ақтық демің шыққанша, отбасыңмен бірге бақытты ғұмыр кешкенге не жетсін!.. Бұл да бір сынақ. Дәрігерлер Мұрат ағаның дерті – деменция синдромы екенін айтты. Деменция кезінде адамның когнивтивті (ойлау) қабілеті бұзылады. Бұл диагнозды ақыл-есінің кемдігі деп атайды. Елімізде хоспистер қалай жұмыс істейді? Паллиативті медициналық көмек көрсету ұйымында (немесе хосписте) жазылмас ауруға шалдығып, халі нашарлаған адамдар медициналық күтім алып қана қоймай, сонымен қоса оларға және олардың жақындарына әлеуметтік, психологиялық, рухани қолдау көрсетіледі. Қазақстанда паллиативті медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 27 қарашадағы №ҚР ДСМ-209/2020 бұйрығымен реттеледі. Оған сәйкес, науқасқа ауырсынуды басатын дұрыс схема таңдау және үйде еңсере алмайтын ауыр симптомдарды басу керек болғанда, сондай-ақ күтім жасайтын туысы жоқ науқасты хосписке жібереді. Хосписте химия және сәуле терапиясы, қосымша диагностика, хирургиялық операциялар, арнайы ем-дом, оңалту шаралары жүргізілмейді. Елімізде паллиативті көмек жоғары деңгейде дамымаған. Жұмыс істеп тұрған хоспистер көбіне жеке медициналық мекеме емес, ірі ауруханалардың бөлімшесі ретінде ашылған. Мысалы, Нұр-Сұлтанда паллиативті медициналық көмекті Көпсалалы медицина орталығы (ересектерге арналған 30 төсек-орын), №1 және №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханалары (балаларға арналған 10 төсек-орын) көрсетеді. Жеке паллиативті көмек орталықтарына келсек, мұнда 2019 жылғы қазанда 150 орындық «AMARA Investment» хосписі, одан бөлек, «Мейірім» жеке мейіргерлік күтім клиникасы бар. Паллиативті көмекке кімдер зәру? Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған дерекке сүйенсек, Көпсалалы медицина орталығында паллиативті көмекті 2020 жылы – 659 пациент, 2021 жылы 710 пациент алған. 2022 жылғы қаңтардан мамырға дейінгі аралықта 352 пациент жатқан. Бүгінде мұнда аурудың IV кезеңіндегі 245 пациент есепте тұр. №1 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының паллиативті көмегіне 2020 жылы – 27 бала, 2021 жылы 16 бала жүгінген. Жыл басынан бері аталған ауруханада 9 бала қызмет алыпты. №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында паллиативті көмек беру былтырғы 20 қаңтардан басталды. 2021 жылы 6 балаға, ал биылғы қаңтар айынан бері 4 пациентке паллиативті көмек көрсетілген. Нұр-Сұлтаннан басқа, өз алдына бөлек хоспистер Алматы, Өскемен, Павлодар, Тараз, Қарағанды, Ақтөбе және Қостанай қалаларында бар. Ал өзге өңірлерде паллиативті көмек жергілікті онкологиялық диспансерлер мен ауруханалар қабырғасында ғана көрсетіледі. «Соңғы» күндердің құны қанша? Қазір елімізде жұмыс істеп тұрған хоспистердің өзінде де проблема аз емес. Соның бірі – республикалық бюджет есебінен бөлінетін қаражаттың аздығы. Паллиативтік медициналық көмек көрсететін ұйымдардың жұмысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан төленеді. Оның мөлшері – айына әр науқасқа 10 300 теңге. «МӘМС-тен бөлінетін қаражат паллиативті қызметтің құнын ақтамайды. Өйткені ол ақша науқастың дәрі-дәрмегіне, бес уақыт тамағына, күтіміне жетпейді. Кей жағдайда науқастың негізгі дертінен бөлек, қан қысымы немесе қант деңгейі көтеріліп жатады. Ол уақытта қосымша медициналық көмек керек. Біздің орталықтағы дәрігерлер мен медбикелерге түсетін жүктеме көп. Олар кәсіби медициналық көмекте көрсетіп қана қоймай, моральдық, психологиялық қолдау жасайды. Жарасын тазалап, жуындырып, күтім көрсетеді. Бұл оңай шаруа емес», – дейді «AMARA Investment» паллиативті медициналық көмек көрсету орталығының директоры Гүлмира Шорайқызы. Ресейде паллиативті көмекке зәру науқастардың басына 48-60 мың теңгеден төленеді екен. Ал Германияда мұндай орталықтардың қызмет құны 400 АҚШ долларынан басталады. «Бізге науқастардың көбі қатерлі ісік диагнозымен келеді. Емделмейтіні түсінікті, бірақ өмірінің соңғы күндерін лайықты деңгейде өткізуге көмектескеніміз дұрыс. Кейбір отбасында оған мүмкіндік бола бермейді. Ол кісілердің уақытылы дәрі-дәрмегін беру керек, жарасы болса оны сүртіп, таңу қажет, дерті жанына бататындар ауырсынуға шыдамай айқайлауы, жылауы мүмкін. Мұның бәріне төзу оңай емес. Бірде бізге бір келіншек анасын алып келді. Анасы төсек тартып жатқан екен, сол кісіге қараймын деп жұмысынан да шыққан, қарызданып-қауғаланған, өз-өзіне қарауды мүлдем ұмытқан, оның үстіне күйеуі де тастап кеткен. Әбден қажығаны көрініп тұр. Анасын бізге әкеліп тапсырған соң, бірнеше айдан кейін тағы соқты. Танымай қалдым. Өз-өзіне келіп, жұмысқа тұрып, жағдайын түзепті. «Анама күтім жасай алмағаным үшін өзімді қатты кінәлі сезініп едім, бірақ берген кеңесіңізге рахмет», – деді жылап. Айтпағым, паллиативті көмекке тек науқастар емес, олардың жақындары да мұқтаж. Өйткені оларға кәсіби психологиялық көмек қажет. Кейде жақынын орталыққа жатқызғысы келмей, науқастың соңғы күндерінде қасында болғысы келетін жандар бар. Ондайда біздің ұйымда қалуға да, үйіне әкетуге де рұқсат береміз және медициналық күтім жасаудың жолдарын үйретіп жібереміз.
ТҮЙІН: Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың 60-80 пайызы паллиативті көмекке зәру. Күн сайын елімізде онкологиялық дерттің орташа есеппен 30 жаңа дерегі анықталатынын, ал жыл сайын одан 15 мың адам қайтыс болатынын ескерсек (басқа ауруларды айтпағанның өзінде), хоспистердің жеткіліксіздігі айқын көрінеді. Ал жұмыс істеп тұрғандарының өзінде қаржы тапшы.
Айдана НҰРМҰХАН, Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ