Адам уақытты сезінгенде ғана өзін-өзі қадағалап отырады. Өзіне-өзі бағыт белгілейді. Жалпы, мына өмірде рухы мықты, мақсаты айқын өр мінезді жан уақыттың ығында кетпей, әр күнін, әрбір сағатын тиімді пайдаланғанда ғана өз мұратына жетеді.
Жуырда Алаштың ардақты азаматы, қайраткер десең қайраткер, ғалым десең ғалым, ұстаз десең ұстаз Тілектес Есполов 70 жасқа толатынын естігенде мен де іштей, шіркін уақыт-ай дедім. «Өтті дәурен осылай» деген сөздер есіме түсті. Екіұдай ойға қалдым. Бірі – білім мен ғылым әлемінде қатар жүрген Тілектес Исабайұлын өзім білгеннен бергі жарты ғасырға жуық уақыттың қас пен көздің арасында өте шыққаны. Екіншісі – алтыннан да қымбат асыл уақытты өз дегеніне бағындырып, жастайынан алдына қойған мақсат-мүдделерін артығымен орындап, ғибратты ісімен көш бастаған замандасымыздың қасымызда жүргені.
Ұлы Абайға сүйенсек: «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге, көкірегінде болсын көз». Адамгершілік пен адалдық, білімділік пен еңбекқорлық, терең ойлылық пен қайраттылық, кісілік пен кішілік сияқты көркем мінездер бір бойынан табылатын тұлға туралы пайымды сөз айту оңай дүние емес.
Тұлғатану – қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласында енді бой көтере бастаған бағыт. Тәуелсіздікке дейін де ұлттық тарих пен мәдениетке олжа салған әйгілі азаматтар туралы іргелі еңбектер жарық көргенін жоққа шығармаймыз. Бірақ мемлекеттік тәуелсіздік пен шығармашылық еркіндік орнаған тұста айтылған сөздің мазмұнын, қадір-қасиетін партиялық өктемдікпен суғарылған сөзбен қатар қою мүмкін емес қой. Қазіргі оқырман да бөлек. Солардың бірі – өзіммін. Қазақстан азаматтарының 60 жастан асқан аға буыны тарихқа материалистік көзқараспен ой түзегені, танымын қалыптастырғаны ешкімге құпия емес. Біздер, яғни сол буынның өкілдері, қандай мәселені болмасын назарға алғанда базиске, экономикалық болмыс-бітіміне басымдық беруге машықтанғанбыз. Дұрысы адам факторы екенін енді тани бастадық.
Жаңаша пайымдасақ, тұлға дегеніміз – өзіне тәуелді емес объективті әлемдегі (ортадағы) қажеттілікті (экономикалық, ғылыми, саяси, өндірістік, т.б.с.с.) тәжірибелік-қолданбалық, теориялық-шығармашылық жаңашылдықпен шешкен (жүзеге асырған) немесе шешу (жүзеге асыру) жолын дұрыс нұсқаған әлеуметтік субъект. Тұлға дәйектеген ізашарлық нәтижені замандастары, кейінгі ұрпақ та кәдеге жаратады. Дегенмен кейбіреуінің ғұмыры ұзақ болса, бірінікі өтпелі сипатта қалатыны рас. Басқаша айтқанда, қолданымдық, танымдық маңызын жоймайтын мәңгі құндылық – нәтиже бар да, шектеулі уақыт пен кеңістік сұранысына ғана сай келетіндері бар. Мұның бәрін неге тізбелеп отыр дейсіздер ғой? Айтайын.
Мен білетін Тілектес Исабайұлы нағыз кемел тұлға. Оның интеллектуалдық қабілет-қарымы студент шағында-ақ көзге түсті. Өткен ғасырдың 70-жылдарын көп адам тоқыраумен байланыстырады. Экономика мен идеологияда тоқырау болған да шығар. Ал жоғары білім беру жүйесі ол дерттен ада еді. Мүлтіксіз жұмыс істеп тұрды. Көзімізбен көрдік, арасында жүрдік. Профессор-оқытушылар құрамы жаңа толқынмен ауысып, жас ғылым кандидаттарымен толығып жатты.
Орда бұзар отызында техника ғылымдарының кандидаты атанған белсенді жас болдым-толдым деген пендешілікке ұрынбады. Қайта өзін-өзі қамшылай түсті. Қызметі де өсті. Институтта зерттеу лабораториясын басқарды, 1993 жылы Алматы индустриалдық техникумына директор қызметіне жоғарылатылды. 1997 жылы экономика ғылымдарының докторы дәрежесіне диссертация қорғады. 2001 жылы өзі оқыған төл институтына қайта оралды.
Бірақ бұл жай оралу емес еді. Тілектес Есполов докторлық диссертациясын даярлаумен айналысып жүргенде кешегі екі ЖОО – Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институты мен Қазақ ауыл шаруашылығы институты біріктіріліп, Қазақ аграрлық университеті мәртебесімен қайта құрылған еді. 2001 жылы Президенттің Жарлығымен университетке ұлттық мәртебе берілген болатын. Міне, осы іргелі оқу орнының ректорлығына тәуелсіздігіміздің оныншы белесінде кемеліне келіп толысқан, ғылым және қоғам қайраткері Т.Есполов тағайындалды.
Содан бері аттай жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. 90 жылдық шежірелі тарихы бар университеттің тізгінін ұстаған ректор мен оның командасы үздіксіз ізденіспен талай асуды бағындырғанына куә болдық.
Бір ғана мысал, ҚазҰАЗУ-да ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі 1 млрд теңгеден асқаны көп шаруадан хабар береді. Ондаған жыл бойы ЖОО базасында зерттеу университетін құру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді. Жинақталған тәжірибесі 4 том көлемінде жарыққа шықты.
Университеттегі ең үлкен жетістіктің бірі – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына ықпал ету, үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздестіру, тарту және трансферттеу мақсатында Халықаралық агротехнологиялық хабтың құрылуы. Агрохабтың құрамында: АҚШ, Нидерланд, Франция, Оңтүстік Корея сияқты елдермен нақты ғылыми жобалар шеңберінде ашылған 11 ғылыми-зерттеу институты, 49 зерттеу зертханасы, 18 халықаралық зерттеу орталығы жұмыс істейді. Зертханалар халықаралық агенттіктермен аккредиттелген және өзге де жоғары оқу орындары, ҒЗИ мен агроқұрылымдар ғалымдарының ұжымдық пайдалануына есігі ашық.
Индустриалды-инновациялық дамудың аясында бұрын 4 мамандық бойынша мамандар даярланса, бүгінде олардың саны 11-ге жетті. Әлемнің жүздеген университетімен іскерлік байланыс орнатылған. Зерттеу университетіне айналу келешегі Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарғы мемлекеттік бағдарламасында да көрініс тапты. Тап бүгін Дамушы Еуропа және Орталық Азия QS рейтингі бойынша ҚазҰАЗУ 200 ЖОО арасында 77-орынға жайғасқан.
Биыл QS WUR-2022 пәндік рейтингте алғаш рет «Ауыл шаруашылығы және орман ресурстары» бағыты бойынша топ-401-ге кірді. Жуырда халықаралық QS-2023 бойынша әлемнің үздік университеттері рейтингінде 481-орынды иеленді. Тілектес Есполов өзі айтқандай, ендігі мақсат – QS-400 рейтингімен әлемдік деңгейдегі университет атану.
Әрине, негізгі контингент жастар болғандықтан, басты назар білім берумен қатар патриоттық тәрбие беруге, Отанды сүюге, тәуелсіздікті қадірлеуге, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді қадірлеп, насихаттауға аударылады. Университетте өткізілген іс-шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығы құрылып, оны басқаруды Тілектес Исабайұлының маған сеніп тапсырғанын қалай айтпай кетерсің. Сол сияқты «Достық» студенттік ассамблеясы құрылып, университет Алматы қаласындағы «Университеттер альянсының» белсенді мүшесі атанғаны да ұстаз-ғалымның ұшан-теңіз еңбегінің бір парасы. Көп жылдардан бері Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты жұмыс істеп келеді. Ол институт та шын мәнінде жастардың рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиесінің өзегі.
Бүгінде Тілектес Исабайұлының басшылығымен сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын алу шараларын тиімді іске асыру мақсатында да университет бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2020 жылдың қарсаңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру орталығы ашылды. PARASAT деп аталатын бұл орталық Sanaly Urpaq республикалық жобалық кеңсесімен, «Алматы – адалдық алаңы» жобасымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментімен, Алматы қаласының әкімдігімен тығыз байланыста жұмыстар атқаруда.
Ректордың тәуелсіздікпен еселенген жасампаздығы университеттің тыныс-тіршілігі мен келбетін адам танымастай өзгертті. Әлемдік университеттік білім жүйесіне интеграциялану үдерісі басталып кетті. 2019 жылғы қазан айында ҚазҰАЗУ мен Нидерланд Вагенинген (Wageningen University and Research - WUR) университеттері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім бойынша «Өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар» және «Ветеринарлық тағам қауіпсіздігі және технологиясы» бағыттарынан қазақстандық мамандар даярлануда. Түлектер Вагенинген университетінің сертификаты мен ҚазҰАЗУ-дің дипломын алатын болады.
Біздің университетті бітірген мамандарды дүниенің төрт бұрышынан кездестіруге болады. Мәселен, Назари Ибрахим есімді азамат Ауған елінен білім іздеп Қазақстанға келген екен. Осында университеттің «Су ресурстары және суды пайдалану бойынша білім беру бағдарламасы» арқылы білім алып, бакалавр атағын иеленіпті. «Ұлы дала елі атанған Қазақстанда білім алғаныма шын жүректен қуаныштымын, – деп хат жолдаған екен. – Қазір Қазақстан елшілігінің көмегімен Ауғанстан астанасы Кабул қаласында қазақ тілінен сабақ беріп жүрмін». Жас жігіттің болашақта Ауған-Қазақ мектебін ашсам деген ойы бар. Мұндай шәкірттеріміз әр қиырда, әр салада абыройлы еңбек етіп жүр.
Біз «Ұлық болсаң, кішік бол» деген халықпыз. Мыңдаған адам қызмет атқарып, он мыңдаған студент, магистрант пен докторант білім алатын іргелі жоғары оқу орнын басқаратын Тілектес Исабайұлын өмір белесінде азамат ретінде де, басшы ретінде де бір кісідей танитыным рас. Ашығын айтсам, маған тектіліктен тамыр тартқан мәдени-имандық қасиеттері бөлекше сезіледі. Сөйлесе қалса, үлкеннің де, кішінің де тілін таба алатын ізгілік иесі. Білім қуған жастарға қамқорлығы ұшан-теңіз. Тіпті, әрбір білім алушының аты-жөнін біледі ме деп те қаламын. Осыдан бірнеше жыл бұрын университетті бітіріп кеткендердің атын атап, түсін түстеп, тағдыры мен жетістігін айтып, масаттанып отыратын сәттерін де көргенбіз. Ара-арасында солармен бірге түскен фотосуреттерін қолға алып, толқи сөйлеп кететінін қайтесің!
Адамдық таза болмыс пен шынайы асыл қасиет деген осы болар.
Бойындағы бар күш-жігерін, білімі мен білігін үлкен ұжымның, аграрлық білім мен ғылымның игілігіне жұмсап келе жатқан айтулы тұлғаға қандай жылы лебіз арнасаң да жарасады.
Мен білетін Тілектес Есполов жетпістің жемісті жылдарына қажырлы еңбегімен жеткен, ел құрметтеген тұлға.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
Ұлттық ғылым академиясының
академигі