Ел құрметтеген азамат
Ел құрметтеген азамат
719
оқылды
Адам уақытты сезін­ген­де ғана өзін-өзі қадағалап отырады. Өзіне-өзі бағыт бел­гілейді. Жалпы, мына өмірде рухы мықты, мақ­са­ты айқын өр мінезді жан уақыттың ығында кетпей, әр күнін, әрбір сағатын тиім­ді пайдаланғанда ғана өз мұратына жетеді. Жуырда Алаштың ардақты азаматы, қайраткер десең қайрат­кер, ғалым десең ғалым, ұстаз десең ұстаз Тілектес Есполов 70 жасқа толатынын естігенде мен де іштей, шіркін уақыт-ай дедім. «Өтті дәурен осылай» деген сөздер есіме түсті. Екіұдай ойға қалдым. Бірі – білім мен ғылым әлемінде қатар жүрген Тілектес Исабайұлын өзім білгеннен бергі жарты ғасырға жуық уақыттың қас пен көздің арасында өте шыққаны. Екіншісі – алтыннан да қымбат асыл уақытты өз дегеніне бағындырып, жастайынан алдына қойған мақсат-мүдделерін арты­ғымен орындап, ғибратты ісімен көш бастаған замандасымыздың қасымызда жүргені. Ұлы Абайға сүйенсек: «Білім­діден шыққан сөз талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге, көкі­ре­гінде болсын көз». Адамгершілік пен адалдық, білімділік пен ең­бек­қорлық, терең ойлылық пен қай­рат­тылық, кісілік пен кішілік сияқты көркем мінездер бір бойынан та­былатын тұлға туралы пайымды сөз айту оңай дүние емес. Тұлғатану – қоғамдық-гумани­тар­лық ғылымдар саласында енді бой көтере бастаған бағыт. Тәуел­сіздікке дейін де ұлттық тарих пен мәдениетке олжа салған әйгілі аза­маттар туралы іргелі еңбектер жа­рық көргенін жоққа шығармаймыз. Бірақ мемлекеттік тәуелсіздік пен шығармашылық еркіндік орнаған тұста айтылған сөздің мазмұнын, қадір-қасиетін партиялық өктем­дікпен суғарылған сөзбен қатар қою мүмкін емес қой. Қазіргі оқырман да бөлек. Солардың бірі – өзіммін. Қазақстан азаматтарының 60 жас­тан асқан аға буыны тарихқа ма­териалистік көзқараспен ой түзе­гені, танымын қалыптастырғаны ешкімге құпия емес. Біздер, яғни сол буынның өкілдері, қандай мә­селені болмасын назарға алғанда базиске, экономикалық болмыс-бітіміне басымдық беруге машық­танғанбыз. Дұрысы адам факторы екенін енді тани бастадық. Жаңаша пайымдасақ, тұлға дегеніміз – өзіне тәуелді емес объек­тивті әлемдегі (ортадағы) қажет­тілікті (экономикалық, ғылыми, саяси, өндірістік, т.б.с.с.) тәжіри­белік-қолданбалық, теориялық-шығармашылық жаңашылдықпен шешкен (жүзеге асырған) немесе шешу (жүзеге асыру) жолын дұрыс нұсқаған әлеуметтік субъект. Тұлға дәйектеген ізашарлық нәтижені замандастары, кейінгі ұрпақ та кәдеге жаратады. Дегенмен кей­біреуінің ғұмыры ұзақ болса, бірінікі өтпелі сипатта қалатыны рас. Бас­қаша айтқанда, қолданымдық, танымдық маңызын жоймайтын мәңгі құндылық – нәтиже бар да, шектеулі уақыт пен кеңістік сұра­нысына ғана сай келетіндері бар. Мұның бәрін неге тізбелеп отыр дейсіздер ғой? Айтайын. Мен білетін Тілектес Исабай­ұлы нағыз кемел тұлға. Оның интеллектуалдық қабілет-қарымы студент шағында-ақ көзге түсті. Өткен ғасырдың 70-жылдарын көп адам тоқыраумен байланыс­ты­ра­ды. Экономика мен идеология­да тоқырау болған да шығар. Ал жоғары білім беру жүйесі ол дерттен ада еді. Мүлтіксіз жұмыс істеп тұр­ды. Көзімізбен көрдік, арасында жүрдік. Профессор-оқытушылар құрамы жаңа толқынмен ауысып, жас ғылым кандидаттарымен то­лығып жатты. Орда бұзар отызында техника ғылымдарының кандидаты атанған белсенді жас болдым-толдым деген пендешілікке ұрынбады. Қайта өзін-өзі қамшылай түсті. Қызметі де өсті. Институтта зерттеу лаборато­риясын басқарды, 1993 жылы Ал­маты ин­дустриалдық техникумына директор қызметіне жоғары­ла­тыл­ды. 1997 жылы экономика ғылым­да­рының докторы дәрежесіне дис­сертация қорғады. 2001 жылы өзі оқыған төл институтына қайта оралды. Бірақ бұл жай оралу емес еді. Тілектес Есполов докторлық дис­сертациясын даярлаумен айна­лы­сып жүргенде кешегі екі ЖОО – Алматы зоотехникалық-мал дәрі­герлік институты мен Қазақ ауыл шаруашылығы институты бірік­ті­ріліп, Қазақ аграрлық университеті мәртебесімен қайта құрылған еді. 2001 жылы Президенттің Жарлы­ғымен университетке ұлттық мәр­тебе берілген болатын. Міне, осы іргелі оқу орнының ректорлығына тәуелсіздігіміздің оныншы беле­сінде кемеліне келіп толысқан, ғы­лым және қоғам қайраткері Т.Есполов тағайындалды. Содан бері аттай жиырма жыл­дан астам уақыт өтіпті. 90 жылдық шежірелі тарихы бар университеттің тізгінін ұстаған ректор мен оның командасы үздіксіз ізденіспен талай асуды бағындырғанына куә болдық. Бір ғана мысал, ҚазҰАЗУ-да ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі 1 млрд теңгеден асқаны көп шаруадан хабар береді. Ондаған жыл бойы ЖОО базасында зерттеу университетін құру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді. Жи­нақталған тәжірибесі 4 том көле­мінде жарыққа шықты. Университеттегі ең үлкен жетіс­тіктің бірі – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына ықпал ету, үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздестіру, тарту және трансферттеу мақсатында Халықаралық агро­тех­нологиялық хабтың құрылуы. Агро­хабтың құрамында: АҚШ, Нидер­ланд, Франция, Оңтүстік Корея сияқ­ты елдермен нақты ғылыми жо­балар шеңберінде ашылған 11 ғылыми-зерттеу институты, 49 зерт­теу зертханасы, 18 халықаралық зерт­теу орталығы жұмыс істейді. Зертханалар халықаралық агент­тіктермен аккредиттелген және өзге де жоғары оқу орындары, ҒЗИ мен агроқұрылымдар ғалымдарының ұжымдық пайдалануына есігі ашық. Индустриалды-инновациялық дамудың аясында бұрын 4 мамандық бойынша мамандар даярланса, бү­гінде олардың саны 11-ге жетті. Әлем­нің жүздеген университетімен іскерлік байланыс орнатылған. Зерттеу университетіне айналу ке­лешегі Қазақстанның агроөнер­кә­сіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарғы мемлекеттік бағдар­лама­сында да көрініс тапты. Тап бүгін Да­мушы Еуропа және Орта­лық Азия QS рейтингі бойынша ҚазҰАЗУ 200 ЖОО арасында 77-орынға жайғасқан. Биыл QS WUR-2022 пәндік рейтингте алғаш рет «Ауыл шаруа­шылығы және орман ресурстары» бағыты бойынша топ-401-ге кірді. Жуырда халықаралық QS-2023 бо­йынша әлемнің үздік универси­теттері рейтингінде 481-орынды иеленді. Тілектес Есполов өзі айт­қандай, ендігі мақсат – QS-400 рей­тингімен әлемдік деңгейдегі уни­верситет атану. Әрине, негізгі контингент жас­тар болғандықтан, басты назар білім берумен қатар патриоттық тәрбие беруге, Отанды сүюге, тәуелсіздікті қадірлеуге, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді қадірлеп, насихаттауға аударылады. Уни­верситетте өткізілген іс-шаралар­дың тиімділігін арттыру мақсатында «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығы құрылып, оны басқаруды Тілектес Исабайұлының маған сеніп тапсырғанын қалай айтпай кетерсің. Сол сияқты «Дос­тық» студенттік ассамблеясы құ­рылып, университет Алматы қа­ласындағы «Университеттер альян­сының» белсенді мүшесі атанғаны да ұстаз-ғалымның ұшан-теңіз еңбегінің бір парасы. Көп жыл­дардан бері Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты жұмыс істеп келеді. Ол институт та шын мәнінде жастардың рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиесінің өзегі. Бүгінде Тілектес Исабайұлының басшылығымен сыбайлас жемқор­лықпен күрес және оның алдын алу шараларын тиімді іске асыру мақ­сатында да университет бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2020 жылдың қарсаңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру орталығы ашылды. PARASAT деп аталатын бұл орталық Sanaly Urpaq республикалық жо­балық кеңсесімен, «Алматы – адал­дық алаңы» жобасымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Алматы қаласы бойын­ша департаментімен, Алматы қа­ласының әкімдігімен тығыз байла­ныста жұмыстар атқаруда. Ректордың тәуелсіздікпен есе­ленген жасампаздығы универси­теттің тыныс-тіршілігі мен келбетін адам танымастай өзгертті. Әлемдік университеттік білім жүйесіне ин­теграциялану үдерісі басталып кетті. 2019 жылғы қазан айында ҚазҰАЗУ мен Нидерланд Вагенин­ген (Wageningen University and Research - WUR) университеттері арасындағы ынтымақтастық туралы меморан­думға қол қойылды. Келісім бо­йын­ша «Өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар» және «Ветери­нар­лық тағам қауіпсіздігі және техно­логиясы» бағыттарынан қазақстан­дық мамандар даярлануда. Түлектер Вагенинген университетінің сер­тификаты мен ҚазҰАЗУ-дің дипло­мын алатын болады. Біздің университетті бітірген мамандарды дүниенің төрт бұры­шынан кездестіруге болады. Мәсе­лен, Назари Ибрахим есімді азамат Ауған елінен білім іздеп Қазақстанға келген екен. Осында университеттің «Су ресурстары және суды пай­да­лану бойынша білім беру бағдарла­масы» арқылы білім алып, бака­лавр атағын иеленіпті. «Ұлы дала елі атанған Қазақстанда білім алғаныма шын жүректен қуаныштымын, – деп хат жолдаған екен. – Қазір Қа­зақстан елшілігінің көмегімен Ау­ғанстан астанасы Кабул қаласында қазақ тілінен сабақ беріп жүрмін». Жас жігіттің болашақта Ауған-Қа­зақ мектебін ашсам деген ойы бар. Мұндай шәкірттеріміз әр қиырда, әр салада абыройлы еңбек етіп жүр. Біз «Ұлық болсаң, кішік бол» деген халықпыз. Мыңдаған адам қыз­мет атқарып, он мыңдаған сту­дент, магистрант пен докторант бі­лім алатын іргелі жоғары оқу орнын басқаратын Тілектес Исабайұлын өмір белесінде азамат ретінде де, басшы ретінде де бір кісідей тани­тыным рас. Ашығын айтсам, маған тектіліктен тамыр тартқан мәдени-имандық қасиеттері бөлекше сезі­леді. Сөйлесе қалса, үлкеннің де, кішінің де тілін таба алатын ізгілік иесі. Білім қуған жастарға қамқор­лығы ұшан-теңіз. Тіпті, әрбір білім алушының аты-жөнін біледі ме деп те қаламын. Осыдан бірнеше жыл бұрын университетті бітіріп кеткен­дердің атын атап, түсін түстеп, тағ­дыры мен жетістігін айтып, масат­та­нып отыратын сәттерін де көр­генбіз. Ара-арасында солармен бір­ге түскен фотосуреттерін қолға алып, толқи сөйлеп кететінін қайтесің! Адамдық таза болмыс пен шы­найы асыл қасиет деген осы болар. Бойындағы бар күш-жігерін, білімі мен білігін үлкен ұжымның, аграрлық білім мен ғылымның игі­лігіне жұмсап келе жатқан айтулы тұлғаға қандай жылы лебіз арнасаң да жарасады. Мен білетін Тілектес Есполов жетпістің жемісті жылдарына қа­жырлы еңбегімен жеткен, ел құр­меттеген тұлға.

Ханкелді ӘБЖАНОВ, Ұлттық ғылым академиясының академигі