Референдум өтті, халық Конституцияға түзетулерді құптады. Өзгерістер мәнінің бірі партия құруды жеңілдетуге бағытталған. Бұл ретте Қазақстанда жаңа 30-дан астам партия құрылуы мүмкін. Ресми мәлімет бойынша, Әділет министрлігіне осынша өтініш түскен. Алайда оның қаншасы өмірге жолдама алатыны белгісіз. Оның үстіне, сарапшылар бұл салада санның сапаға көше бермейтініне назар аудартады. Швецияда 768 партия бар. Мықты, беделдісі – санаулы. Жалпы, белсенділер партия ашқанда нені көксейді? Бұл үрдіс елге не береді?
Саяси арена жаңа саяси күштерге ашық
Конституциялық кеңес аппаратының басшысы Бақыт Нұрмұхановтың дерегінше, жаңа партияларды тіркеу туралы қазірдің өзінде 30-дан аса өтініш келіп түсті. Осының өзі Конституциялық реформа партиялық жүйені дамытуға тың серпін беруі мүмкін екенін аңғартады.
Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсекені қамтамасыз етуден бастау алатынын жариялады. Осыған байланысты мемлекет партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық тұрғыдан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауы тиіс. Атап айтқанда, партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Біріншіден, жаңа партияны тіркету үшін бұрынғыдай 20 мың емес, одан 4 есе аз көлемде, 5 мың мүше жинаса, жеткілікті. Екіншіден, партия ашудағы мықты бір кедергі – өңірлердегі филиалдарға қатысты: ондағы өкілдер саны 600-ден кем болмауы тиіс. Әр өңір мен мегаполистерден 600 өкілден жинау күрделі, ұзақ уақыт алады. Алда өңірлердегі өкілдерге қатысты осы талап 200 адамға дейін төмендетіледі.
Үшіншіден, партия құрушы азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1 мыңнан 700 адамға дейін азаяды. Бұл шектеуді мүлдем алып тастау туралы ұсыныстар болыпты. Бірақ ондай талап дамыған елдерде де бар. Сондай-ақ жеке партияның көшбасшысы болғысы келетін адам артынан 700 адамды ертіп, қол жинай алмаса, партия төрағасы болуға лайық па?
Төртіншіден, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт ұлғайтылады. Бұл қадамдар саяси кеңістікті дамыту үдерісін жандандырады. Қордаланған проблемаларды сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болуы тиіс.
Бүгінде Үкімет, Парламент депутаттары және сарапшылар заңнамаға тиісті түзетулер енгізу бағытында шұғыл жұмыс істеуде. Яғни, Президенттің 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында жария етіліп, 5 маусымдағы референдумда халық мақұлдаған бұл өзгерістер әзірге күшіне енген жоқ: ол үшін Парламент тиісті заңдарды қабылдауы қажет. Бұл өзгерістер Әділет министрлігі әзірлеген «Кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және басқа заң жобаларында қарастырылған. Құжаттар меморгандардың келісімінен өтіп жатыр. Олар арқылы «Саяси партиялар туралы» қолданыстағы заңға түзетулер енгізіледі.
«Конституциялық өзгерістерге сәйкес, Президент өкілеттігі аяқталғанша партиядағы мүшелігін тоқтатуға міндетті болады. Сондай-ақ әкімдер мен олардың орынбасарларына да кез келген партияға мүше болуға тыйым салынады. Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформаларды күтіп отырмай, өз еркімен партиядан шықты. Заңдар қабылдаған соң әкімдер мен олардың орынбасарлары да партиялардан алшақтауы шарт. Бұл саяси бәсекелестікті күшейтеді. Саяси партияларды құру тәртібі айтарлықтай жеңілдейді. Сондықтан саяси аренада жаңа саяси күштер пайда болуы әбден мүмкін», – деді Бақыт Нұрмұханов.
Саяси ұйымдардың артында кімдер тұр?
Сарапшылардың байламынша, әзірше бастамашыл топтар талаптарды жұмсартатын заңнамалық түзетулердің қабылданып, күшіне енуін күтіп отыр. Әйтпесе қолданыстағы ескі талаптар қиындау. Бұған дейін Әділет министрі Қанат Мусин 10 партияны құру бойынша бастамашыл топтың нақты жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Олар 2019 жылдан бері тіркеуге құжаттарын тапсырумен келеді.
«Соның ішінде «Халық дербестігі» партиясы ІІ кезеңнен өте алды, партия құру туралы хабарламасы расталды. Ол төл съезін өткізді. Қолданыстағы ескі заңнама бойынша ол құрылтайшылық съезден кейін 20 мың мүшесінің тізімін ұсынды. Тіркеу мерзімі заң бойынша уақытша тоқтатылды. Партия мүшелері деректерінің заңға сәйкестігі тексеріліп жатыр. Тағы үш партия бойынша жұмыс бірінші кезең сатысында жүргізіледі. Бұл ретте бастамашыл топтағылардың саны 1 мың адамнан кем болмауы тиіс. Алайда кейбірінің ЖСН-і дұрыс жазылмаған, аты-жөні сәйкеспейді. Өкінішке қарай дүние салған адамдар да бар. Кейбірі басқа партиялардың мүшесі болып шықты. Заң бойынша Қазақстан азаматы тек бір партияның мүшесі бола алады», – деді министр Қ.Мусин.
Сондай-ақ жылдың басынан бері Әділет министрлігіне тағы бірнеше бастамашыл топ жүгініпті. Дегенмен, ведомствоның мәлімдеуінше, олардың бәрінің партия құру туралы хабарламалары растаусыз кері қайтарылды. Бұған олардың бастамашыл топтарына кірген азаматтардың ұсынылған деректерінің «Саяси партиялар туралы» заңының 6 және 8-ші баптарындағы талаптарға сәйкес келмеуі түрткі болған.
[caption id="attachment_201278" align="alignnone" width="1200"]