Шарапатын әр балақай сезінеді
Шарапатын әр балақай сезінеді
Мемлекет басшысының биылғы 19 қаңтардағы №780 Жарлығына сәйкес «2022 жыл – Балалар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Соған орай, ел Үкіметі Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Республикалық жоспардың мақ­саты – балалардың дене бітімі, зияткерлік, рухани, имани дамуына ықпал ететін жағдай жасау жолымен олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғауды қамтамасыз ету. Елімізде бүгінде 6 млн 300 мың бала бар. Таяуда екіге бөлініп, қайта құ­рылған Білім және ғылым ми­нистр­лігі Балалар жылына арнал­ған шаралар кешенінің 5 айлық қорытындысының есебін жа­рия­лады. Одан белгілі болғандай, жоспардағы 66 іс-шараның ішінде баланың шығармашылық, спорт­тық, зияткерлік қабілеттерін да­мыту мақсатына тікелей бағыт­талғаны – 21 іс-шара. Осы ретте, республикалық жоспардан бөлек, 17 өңірлік, 280 аудандық және қалалық, сондай-ақ білім беру ұйымдарының жоспарлары қа­был­данған екен. Мемлекеттік әлеу­мет­тік қолдаумен жекелеген санаттағы балалар 100 пайыз қамтылған, олардың ішінде 460 мың аз қам­тылған отбасынан шыққан балалар және 22 мың жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қал­ған балалар бар. Сәуір-мамыр ай­ларында балаларды әртүрлі шы­ғармашылық және спорттық іс-шараларға тарту жандандырылды. Бес айда 17 300 іс-шара өткізіліп, оған 2,5 млн бала немесе оқушы­лардың жалпы санының 75 пайызы тартылды. Солардың ішінде әлеу­меттік экономикалық мәртебесі төмен 719 772 оқушының 566 085-і (78,6 пайызы) қамтылған. – Жыл басынан бері Үкімет көптеген іс-шараны жүзеге асыр­ды. Мәселен, елімізде алғаш рет әл-ауқат индексі әзірленді. Ол Премьер-Министрдің биылғы ақпандағы өкімімен бекітілді. Осы бес айда 34 мың орынды қамтитын 322 балабақшаның 9,4 мың орын­дық 130-ы ашылды. 300 мың бала үйірмелер мен секциялармен қо­сымша қамтылуда. Осылайша, қам­ту көрсеткіші 70,5 пайыздан 75,5 пайызға дейін 5 пайызға ар­тып, 2 732 681 баланы құрады. Елі­мізде алғаш рет халықаралық зият­керлік, шығармашылық, спорт­тық олимпиадалардың 100 же­ңімпазы мен жүлдегері конкурс­тан тыс отандық жоғары оқу орын­дарының гранттарына ие болмақ. Ал беделді халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне алғаш рет ақшалай сыйлықтар табыс етіледі. І орын – 4,5 млн тг, ІІ орын – 3 млн тг, ІІІ орын – 1,5 млн тг. Сыйлықтар олардың ұстаздарына да беріледі. Оқу бағдарламасына «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы алғаш рет енгізілді. Білім алушылар арасындағы білім сапасы бойынша алшақтықты азайту мақсатында алғаш рет 500 мың үлгерімі төмен және СЭС-і төмен оқушыларды қолдауға бағытталған «Цифрлық мұғалім» жобасы өз жұмысын бас­тады. Мектеп пен ата-ана қарым-қатынасының форматы да өзгерді: әдеттегі ата-ана жиналыстарының орнына педагог-ата-ана конси­лиумдары өткізіледі. Республи­ка­ның техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс 45 мың орынға ұлғай­ты­лып, қаржыландыруға қолдау көр­сетілген. ЖОО гранттарының саны 15 мыңға арттырылып, 88 214-ке дейін ұлғайтылды. Колледжге ал­ғаш рет оқуға түсушілер үшін бел­гілі бір жағдайлар жасалған түсу емтихандары алынып тасталды, талапкер 4 колледжді және 4 ма­мандықты өзі таңдайды, қабылдау квотасының тізбесі 9 санатқа дейін кеңейтілді. Балалар жылында тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіл­ген бастауыш сынып оқушылары­ның саны 10 пайызға артты (41 пайыз немесе 607 318 бала). «Балаға лайық» республикалық акциясы арқылы мектеп асханалары мен санитарлық тораптардың жағдайы ерекше бақылауға алынды. Атаулы жыл аясында одан да бөлек атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Бұл айтылғандары соның тек бір парасы ғана. Мәселен, «Қа­зақстандық балалардың әл-ауқаты институтын», «Балалар игілігі үшін» балалар құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік жо­балық офистерін, Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл институтын құру жоспары мұндағы шаралардың кешенді сипатқа ие екендігін аң­ғартады. Биылғы мамыр айынан бастап жасөспірімдер арасында депрессиялық мінез-құлық және суицидтік бейімділік белгілері ту­ралы куәландыратын жарияла­ным­дарды әлеуметтік желілерде мониторингтеу үшін жасанды интеллект технологияларын қол­дана отырып, суицидтердің алдын алу бойынша «Alem Mental» ақ­параттық жүйесі іске қосылды. Жоба Қазақстанның коммуни­кациялық интернет ортасындағы суицидтік бейімділіктер мен көңіл күйлерді қадағалауға, сондай-ақ алдын алу шараларын әзірлеуге мүмкіндік беретін шешімдердің біріне айналды. «2021 жылмен салыстырғанда шығармашылық үйірмелерде қамту 88 111 балаға ұлғайтылды. Мәдениет және спорт министр­лігінің де­ректері бойынша 7 223 үйір­меде 250 709 бала бар. Респуб­ликалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында балалар арасында оқырмандар қозғалысы жандан­дырылды, 6400 кітапханашы мен 3,4 млн оқушы тартылды. Рес­публика мектеп кі­тапханаларының кітап қоры 2,2 млн дана жаңа көр­кем әдебиетке жа­ңартылды. Мек­теп кітапханаларына орташа ке­лушілер саны 10 есеге арт­ты. Ба­лаларды қорғау, оның ішін­де мек­тептерде тәрбие ком­по­нентін кү­шейту мәселелері бойын­ша мем­ле­кеттік органдар мен ұйым­дар қыз­­метінің мониторингі жүйелен­дірілді. Министрліктің Рес­публи­калық әдістемелік тобы 10 өңірдің және Нұр-Сұлтан қаласы­ның 378 балалар мекемесінде бол­ды. Ба­лалардың құқықтарын қорғау са­ласындағы волонтерлік қозға­лысқа серпін берді. Үйде оқитын бала­ларға көмек көрсету бойынша «Мен сенің досыңмын» акциясына 6 мың­­нан астам волонтер қатысты. Ал­ғаш рет «Балалар және театр» жо­басы аясында «Қазақстан хал­қы­на» қорымен бірлесіп 500 мың ба­лаға 6 театрға тегін абонемент ұсы­­ны­лады. 5 айда 743 дебат клубы ашы­лып, ел бойынша 120 мың жас де­ба­терді қамтумен 5 905 клуб құрылды. Одан бөлек, алғаш рет мектеп автобустарының автопаркі ауқым­ды түрде жаңартылды. Жергілікті атқарушы органдар 515 мектеп ав­тобусын сатып алып жатыр. Мә­дениет және спорт министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың аппарат­тық-бағдарламалық кешеніне байланыс желілері арқылы қо­сылған бағдарламалық қамтылым мен техникалық құралдардың жиынтығы түрінде мөлшерле­ме­лерді есепке алу орталығын енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Букмекерлік кеңседе, оның ішінде интернет желісінде ойыншыларды тіркеу (алдын ала тіркеусіз) мүмкін болмайды. Осылайша, құмар ойын­дарға қатысуды және кәме­летке толмаған адамдардың бәс тігуін шектеу мақсатында ойын­шы­лардың жеке басын верифика­циялау жүргізіледі. МЕАО құ­рылып, толыққанды жұмыс істе­геннен кейін 21 жасқа толмағандар оған тіркеле алмайды және тиі­сінше заңды жолмен ұйымдасты­рылған бәс тігуге қатыса алмайды. Осы ретте 500 мың баланы ақпа­рат­тық қамтыған «Жастар мен ба­­лалар арасындағы интернет-тә­уелділік пен құмар ойындардың алдын алу» жобасы бойынша «Jas Otan» жастар қанатының респуб­ликалық қоры грант алушы атан­ғанын атай кету керек. Сонымен қатар наурыз айын­да жалпы саны 6-дан 17 жасқа дейінгі 3 мыңнан астам баланы қам­титын «Риза­шы­лық – мейірімділік бұлағы» жал­пыұлттық мәдени-білім беру жо­басы аяқталды. Жоба толе­рантт­ы­лыққа тәрбиелеу және көп­ұлтты Қазақстанның бірлігін сақ­тау ар­қылы балаларды адамгерші­лік жа­­ғынан дамыту мақсатында өткізілді. БҒМ балаларды жыл бойы са­уықтыру және жұмыспен қамту жүйесінің тиімділігін арттыру, осы саланың кадрлық әлеуетін дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ол үшін жақында «Балдәурен» ба­засында балалар лагерлерінің студенттік және ЖОО мен колледж педотряд­та­рының 111 мүшесінің қатысуымен «Балалық шақ нави­гаторлары» педагогикалық отряд­тарының рес­публикалық слеті өт­кізілді. «Әжем­нің ертегілері» жо­басы аясында Ұлттық академиялық кітапхана ақпан, наурыз, сәуір айларында 4-8 сыныптардың 50 оқушысына «Үл­кен өнеге», «Тәр­бие – тал бесіктен» танымдық са­ғаттарын, «Ертегілер елінде» бей­не-оқылым өткізді. danabala.kz балалар әде­бие­тінің «Дана бала» сайты 100 кітап­пен толықтырылды. Сәуір айында Инновациялық психологиялық-педагогикалық идеяларды қолдану бойынша әр­түрлі елдердің ғалымдары мен прак­тиктерінің күш-жігерін бі­ріктіру мақсатында Алматы қала­сында «Қазақстан Республика­сындағы білім беру процесіне қа­тысушыларға тиімді психоло­гия­лық-педагогикалық көмек көрсету бойынша Инновациялық техно­логиялар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Республикалық жоспар шең­беріндегі және одан тыс аядағы маңызды жұмыстар жыл соңына дейін жалғаса бермек. Мәселен, қоғамдық бастамамен Бала құқық­тары жөніндегі өңірлік уәкіл, об­лыстардың, республикалық ма­ңызы бар қалалар әкімдерінің кеңесшісі, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төра­ғасының орынбасары қызметтерін енгізу, интернет-ресурстар арқылы білім беру ұйымдарында қауіпсіз және жайлы ортаның қамтамасыз етілуіне қоғамдық бақылау тетігін орнату және мектептегі тамақтану сапасын, асханалар мен санита­рия­лық тораптардың жай-күйін бағалау бойынша «Балаға LIKE» республикалық акциясын іске асыру, жетім балалар мен ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналасты­рудың баламалы нысаны ретінде кәсіптік қабылдау отбасын енгізу, білім беру ұйымдарында бітімгерлік (медиация) қызметтерді енгізу және басқа да көптеген шаралар жоспарланған. Балалар жылын жүзеге асыру Үкіметтің ерекше бақылауында. Барлық ақпарат министрліктің рес­ми интернет-ресурсында және әлеуметтік желілердегі парақша­ларда жарияланады.