Биыл маусымның 21-нен 26-сы аралығында Бурабайда өтетін Айбын әскери-патриоттық жиынға Астанадан 15 оқушы қатысады. Оның 5-уі қыз, 9-ы ұл.
«Өмірімді әскери саламен байланыстырғым келеді» – Жанель Есембекова
aikyn.kz
119
оқылды

«Садақсыз ер болмас, сарбазсыз ел болмас» дегендей, елімізде өскелең ұрпақты жастайынан әскери тәртіпке үйретіп, әскер саласына баулуы түлеп ұшқан ұясынан басталады. Әрине, бұл мектепте өтетін – бастапқы әскер дайындық сабағы. Ал жастар арасындағы Айбын әскери-патриоттық жиыны олардың әскери салаға деген сүйіспеншілігін оята түскендей. Тіпті бағын сынаған жастың біразына әскери саланы таңдауына түрткі болған. Міне, ол сайысқа дайындалып жатқан жасөспірімдердің дайындығына куә болдық.

Олардың дайындығы Астана қаласындағы 22750 әскери бөлімде өтіп жатыр.  Елорда бойынша қатысатын топ 15 жасөспірімнен құралған. Оның – 5-уі қыз, 9-ы ұл.

Патриоттық клуб жетекшісінің айтуынша, бұл құрам 50 бала ішінен іріктелген. Оларды 100 метрден 1 шақырымға дейін жүгіру бойынша сынақ тапсырған.

– «Айбынға» қатысушыларды күш-қуатына қарап, яғни физикалық тұрғыда мықтылығына мән бердік. Сайысқа дейін енді апта бойы бекітілген нормамен дайындалады. Оның ішінде жүзу, қолма-қол күрес, белтемірде тартылу, қару-жарақты шашып-жинау, қарудан дұрыс атуды үйренеді, – дейді Ануар Қасенов.

Бастапқы әскери дайындықтан беретін ұстаз Ануар Қасенов әскерге баланы 7 сыныптан даярлайтынын айтты. «7-сыныптан жинақталған балалар мектепті бітіргенде біріншіден – әскерге дайын болса, екіншіден жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндік алады» деді ол.

Айбындықтардың арасында әскер қатарына қосылып жатқаны да аз емес. Далалық оқу-жаттығу, спорттық жән етоптық сайыстан құралған жиын алғашында 2015 жылы өткен. Содан бері қаншама жасөсіпірмді әскери тәртіпке, төзімділікке үйретті. Биылғы Айбынға қатысуға Алдияр Қайыргелдіні ұстазы шақырған. 

– Мұнда келгеніме еш өкінбеймін. Айбынға келуге ата-анам да қарсылық білдірмеді. Керісінше, «қатысып, бағыңды сынап көр» деп мені жігерлендірді. Уақыттың бәрі өз сыныптастарыммен бірге дайындықтан бас көтертпей өтіп жатыр. Бұған дейін кадетте әскери техниканы танып-білеуге, қалай қолдануды үйренсек, қазір бұған шапшаңдықты қосуымыз керек. Ендігі мақсат – Айбында бірінші орын алу. Қаруды шашып-жинауды 36 секундтан 25 секундқа жеткізбекпін, – дейді Алдияр Қайыргелді.  

Айбындықтардың арасында қыздар да бар. 14 жастағы Жанель Есенбекова қазір 8-сыныпта оқиды.

«Айбын жиыны – бізге берілген үлкен мүмкіндік. Қатарға қосылғаныма ризамын. Оның біздің болашағымызға берері мол. Осыған қатысу барысында өзімнің төзімділігіме көзім жетті. Бұрынғыдай қолды бір сілтеп қоя салмай, бірден іске көшетін болғанмын. Осы саламен өмірімді байланыстырғым келеді, өзіме қатты ұнайды, – деді  Жанель Есенбекова.

Бүгінде еліміздің әр өңірінен оқушылардың басын қосып, жауынгерлік дайындық элементтерін көрсетіп, атыс қаруын бөлшектеу, оны жинау, дене дайындығы нормативтерін орындау, кедергілер жолағынан өту сияқты жаттығуларды еңсереді.