«Қымбат» мектептер қазақ тілін қажетсінбейді
«Қымбат» мектептер қазақ тілін қажетсінбейді
1,029
оқылды
Жыл сайын үш ауысымды мектептердің жүктемесін азайту мақсатында жекеменшік мектептердің саны артып келеді. Сәйкесінше, аталмыш мектептерге баратын кейбір балалар үшін мемлекет арнайы субсидия бөліп, мектеп ашамын деген инвесторға жағдай жасап отыр. Алайда жекеменшік мек­теп­терде қазақ сыныптары жоқтың қасы. Салалық министрліктің дерегі бойынша, Қазақстанда жекеменшік мектеп саны 400-ден асты. Өңірлер бойынша жекеменшік мектептерді ашуда Түркістан облысы (56), Шым­кент қаласы (52), Алматы қа­ласы (41), Нұр-Сұлтан қаласы (29) көш бас­тап тұр. Бұл аймақтарда же­ке­меншік мектептердің көп бо­луының басты себебі – халықтың тығыз ор­наласуымен байланысты. Санау­лы­лардың ғана қалтасы кө­теретін ха­лықаралық элиталық бі­лім ошақтары көп жағдайда ағыл­шын, орыс тілінде білім береді. Бұл оқушы тартудың жо­лы ғана емес, мектептің халық­ара­­лық деңгейде білім беретінін дә­­лел­дейтін көрсет­кішке айналған. Осы­лайша, аталған мектептердің мем­ле­кеттік тілде бі­лім беруге құлығы жоқ. Мұны елор­далық ата-ана Гүлайым Талап та растап отыр. Оның ай­туынша, же­ке­меншік мектептердің құрылтай­шылары ең әуелі қазақ-ағылшын тілінде білім беруі керек. – Жекеменшік мектепте бала­мызға сапалы білім бергіміз келіп, қызымызды 2-сыныпқа апардық. Алайда қазақ сыныптары жоқ екен. Не ағылшынша, не орысша оқытуы­мыз керек. Ал біз баламызды мемле­кеттік тілде оқытқымыз келеді. Бі­рақ қазақ тілінде сапалы білім алу қолжетімсіз болып отыр, – дейді Гүлайым Талап. Қазақ сыныбын ашу тиімсіз Ал құрылтайшылар жекеменшік мектепте қазақ сыныптарының бол­мауын сұраныстың жоқтығынан дейді. Яғни, қазір ата-аналардың ба­сым бөлігі бала­сын орыс, ағыл­шын сыныбында оқы­туға құштар. Салдарынан жеке­меншік мектепке бірнеше бала үшін қазақ сыныбын ашу қаржылық жа­ғынан тиімсіз. «Дана» жекеменшік мектебінің ди­ректоры Күләнда Ба­тырбеко­ва­ның айтуынша, мектепте орыс сы­ныбы көп. Қазақ сынып­та­ры бас­тауышта бір ғана сыныптан бар. Себебі ата-аналардың көбі баласына баста­уыш­ты оқытып, 4-сыныптан кейін мем­лекеттік мектептерге алып кетеді. – Алғашында біз қазақ сынып­тарында балаларды ақысыз оқыт­тық. Бірақ ата-аналар балалары енді бір нәрсе үйреніп, нәтиже көрсетіп келе жатқанда ақша төлегісі келмей, басқа мектепке ауыстырып алады. Бізде әлі балалардың біліміне ин­вестиция құю мәдениеті қалып­тас­паған. Балаларының білімінен орыс, ұйғыр және корей ұлттары инвести­ция аямайды. Тіпті, қа­тар­дағы құры­лысшы болып жүрген­дері де бала­ларын жекеменшік мек­тепте оқы­тады, – дейді Күләнда Батырбекова. Ата-ана таңдау жасағанда сапа­лы білімге және оқу бағасына көңіл бөлетіні сөзсіз. Еліміздегі жекемен­шік мектептер ұсынатын баға диа­пазоны әртүрлі. Аймақтарда оқу ақысы айына 50 мың теңгеден бас­талып, Алматы, Нұр-Сұлтан мега­полис­те­рінде 1 миллион теңгеден асып жығылады. қазақ сыныптары Оқу ақысы жөніндегі рейтингте бірінші орынды Нұр-Сұлтан қала­сында орналасқан QSI халықаралық мектебі иеленіп отыр. Мұнда 1-сыныптан 12-сыныпқа дейін оқу ақысы бірдей, жылына 26 000 АҚШ доллары, айына орта есеппен 1 миллион 280 мың теңгеден. Оқу тек ағылшын тілінде жүргізіледі. Ха­лықаралық деп аты айтып тұрған­дай, негізінен елімізде жұмыс іс­тей­тін шетелдік азаматтардың, дип­ло­маттардың балаларына арналған мектеп. Дегенмен мұнда Қазақстан азаматтарының да балалары білім алады. Бала саны да шағын, 300-ден асады. Екінші орында Алматы қаласында орналасқан халықаралық QSI мектебі тұр. Мұндағы оқу ақы­сы, елордадағыдан арзан, айына орта есеппен 1 миллион 80 мың тең­геден. Оқушы саны – 450. Рей­тингте үшінші орынды Haileybury Almaty және Haileybury Astana мек­тептері иеленген. Екі мектептің бір орында орналасу себебі – екі мек­теп­те білім беру құны бірдей. Мұнда дайындық сыныбынан бастап 13-сы­ныпқа дейін білім беріледі. Сондықтан оқу ақысы сыныптарға қарай бөлініп отырады. Мысалы, дайындық сыныбы жылына 5,6 млн теңге, 3-6-сынып оқушылары үшін 9,7 млн теңге, 10-13-сыныптар үшін 12,6 млн теңге. Орта есеппен оқу ақы­сы айына бір бала үшін шамамен 1 млн теңге. Бұл қаржыға оқушы­ның таңнан кешке дейін білім алуы, үш мезгіл ішетін тамағы кіреді. Жекеменшік мектепте қосымша үйір­мелер де, спорт секциялары да қамтылған. Бала мектепте үй тап­сыр­маларын орындап, түсінбеген тұсын мұғалімдерімен қайта пы­сықтайды. Мектеп бағдарла­ма­сын­да шахмат, робототехника сияқты салалар бар. Ағылшын тілінің прак­тикалық сабағын америкалық аза­мат өтеді. Бір сыныпта 15-18 оқу­шы­дан отырады, ал мемлекеттік мек­тепте – 25-30 оқушыдан. Сон­дық­тан қай жағынан алып қарасақ та, жекеменшік мектеп тиімді. Ай­талық, мемлекеттік мектепте оқы­ған оқушы қосымша репетитор жалдауына тура келеді. Мұндайда бәрібір оқыту шығыны жекеменшік мектеппен бірдей болады. – Қазақ сыныптары тек қазақ ұлтына ғана керек. Алайда қаншама қаракөзіміз баласын орыс сы­ныптарына береді. Сондай-ақ жеке­меншік мектептерде баласын оқыт­қысы келетін көп ата-ананың әлеу­меттік жағдайы нашар. Олар бала­ның болашағы үшін сапалы біліміне инвестиция салғанша, ол қаржыны той-томалаққа жұмсағанды жөн са­найды. Қаржылық сауаттылық жоқ­тың қасы, – дейді Күләнда Ба­тырбекова. Қазақ қоғамы бүгінде эконо­ми­калық табысы мен әлеуметтік мәр­тебесіне қарай жіктеле бастағанын көріп жүрміз. Алғашқы сатыда зәу­лім үйлер мен қымбат көлік болса, екінші саты беделді оқу орны мен жекеменшік сектордағы мектеп­тер­мен ерекшеленеді. Сол себепті же­кеменшік мектептер туралы сөз болғанда «ақшасы барлар беттеп, ақшасы жоқтар шеттей береді» деген пікірдің бәсі басым болып кел­ген еді. Қазір мемлекет тарапы­нан балаларды жекеменшік мектеп­ке оқытуға жылына 532 мың теңге субсидия бөлінеді. Бірақ бұл қаржы жалпылама бөлінгендіктен, нақты қай тілде оқытатын сыныпқа қарас­тырылғаны тағы да беймәлім. Ал жекеменшік мектептер таңдау құ­қығын ата-аналардың өздеріне қал­дырып, қазақ сыныптарының қыс­қарып қалғанына бас та қатыр­майды. Сондықтан бұл жүйені рет­теп, жекеменшік мектептерге қазақ сыныптарын ашудың белгілі бір лимитін енгізу керек сияқты. Құрылтайшының құрығы ұзын Бұған дейін айтылып келген аралас мектептердің жыры бітпей жатып, жекеменшік мектептерде қазақ сыныптарының болмауы қо­ғам тарапынан да қызу пікірталас тудырып отыр. Білім сарапшысы Данагүл Смақованың айтуынша, қазіргі бастауыш сыныптарда орыс сыныбы көп, сәйкесінше 4-5 жылда қазақ тілінде мектеп бітіретін тү­лектердің саны күрт азаяды. 2020 жылғы статистика бойынша, Қазақ­станда тұратын халықтың 69 пайызы қазақ, орыс ұлтының үлесі – 18,27 пайыз. Сонда жекеменшік және аралас мектептердегі шәкірттердің басым бөлігі қазақ балалар деген сөз. Олардың көбі Ресейде оқуға түсіп жатқаны туралы ақпарат бар. Қазір Ресейде демографиялық жағ­дай өте қиын. Сондықтан көрші ел­ге адам капиталы керек. Біздің тү­лектерімізді мектеп бітіре сала шаң­сорғыш сияқты тартып алып жа­тыр. Бұл мәселені бірнеше жыл­дың ішінде шешетін қарапайым жол болса, ол – балабақшаны түгелдей қа­зақ тіліне көшіру. Мемлекеттік бол­сын, жекеменшік болсын, бәрі қазақ тілінде тәрбие беруі тиіс. – Аралас мектептерден арыл­май жатып, жекеменшік мектеп­тер­де де қазақ сыныптарының жағдайы ушығып кетті. «Қазақша білмеймін немесе өзім орыс тілін білмей қи­нал­ғанмын» деген сылтау айтып, ата-аналар балаларын орыс сынып­тарына тасиды. Дегенмен қазақ ба­ласы ана тілінде білім алғаны дұ­рыс. Жекеменшік мектептердің а­р­тында белгілі бір құрылтай­шы­лардың идеологиясы да жатуы мүм­кін. Сондықтан мемлекеттің білім беру саясатын түбегейлі қайта қарау қажет, – дейді Данагүл Смақова. Шынымен де, егер мемлекет та­рапынан жекеменшік мектеп­тер­дің құрылтайшыларын қатаң ба­қылауға алмаса, білім ордалары идеология құралына айналып кетуі әбден мүмкін. Мұндай мәселе туын­дамас үшін жекеменшік мектеп­тердегі сапаны қадағалап қана қой­май, ондағы мемлекеттік тілде білім беретін сыныптардың санын да бақылауда ұстау керек.