Жыл сайын үш ауысымды мектептердің жүктемесін азайту мақсатында жекеменшік мектептердің саны артып келеді. Сәйкесінше, аталмыш мектептерге баратын кейбір балалар үшін мемлекет арнайы субсидия бөліп, мектеп ашамын деген инвесторға жағдай жасап отыр. Алайда жекеменшік мектептерде қазақ сыныптары жоқтың қасы.
Салалық министрліктің дерегі бойынша, Қазақстанда жекеменшік мектеп саны 400-ден асты. Өңірлер бойынша жекеменшік мектептерді ашуда Түркістан облысы (56), Шымкент қаласы (52), Алматы қаласы (41), Нұр-Сұлтан қаласы (29) көш бастап тұр. Бұл аймақтарда жекеменшік мектептердің көп болуының басты себебі – халықтың тығыз орналасуымен байланысты. Санаулылардың ғана қалтасы көтеретін халықаралық элиталық білім ошақтары көп жағдайда ағылшын, орыс тілінде білім береді. Бұл оқушы тартудың жолы ғана емес, мектептің халықаралық деңгейде білім беретінін дәлелдейтін көрсеткішке айналған. Осылайша, аталған мектептердің мемлекеттік тілде білім беруге құлығы жоқ. Мұны елордалық ата-ана Гүлайым Талап та растап отыр. Оның айтуынша, жекеменшік мектептердің құрылтайшылары ең әуелі қазақ-ағылшын тілінде білім беруі керек.
– Жекеменшік мектепте баламызға сапалы білім бергіміз келіп, қызымызды 2-сыныпқа апардық. Алайда қазақ сыныптары жоқ екен. Не ағылшынша, не орысша оқытуымыз керек. Ал біз баламызды мемлекеттік тілде оқытқымыз келеді. Бірақ қазақ тілінде сапалы білім алу қолжетімсіз болып отыр, – дейді Гүлайым Талап.
Қазақ сыныбын ашу тиімсіз
Ал құрылтайшылар жекеменшік мектепте қазақ сыныптарының болмауын сұраныстың жоқтығынан дейді. Яғни, қазір ата-аналардың басым бөлігі баласын орыс, ағылшын сыныбында оқытуға құштар. Салдарынан жекеменшік мектепке бірнеше бала үшін қазақ сыныбын ашу қаржылық жағынан тиімсіз. «Дана» жекеменшік мектебінің директоры Күләнда Батырбекованың айтуынша, мектепте орыс сыныбы көп. Қазақ сыныптары бастауышта бір ғана сыныптан бар. Себебі ата-аналардың көбі баласына бастауышты оқытып, 4-сыныптан кейін мемлекеттік мектептерге алып кетеді.
– Алғашында біз қазақ сыныптарында балаларды ақысыз оқыттық. Бірақ ата-аналар балалары енді бір нәрсе үйреніп, нәтиже көрсетіп келе жатқанда ақша төлегісі келмей, басқа мектепке ауыстырып алады. Бізде әлі балалардың біліміне инвестиция құю мәдениеті қалыптаспаған. Балаларының білімінен орыс, ұйғыр және корей ұлттары инвестиция аямайды. Тіпті, қатардағы құрылысшы болып жүргендері де балаларын жекеменшік мектепте оқытады, – дейді Күләнда Батырбекова.
Ата-ана таңдау жасағанда сапалы білімге және оқу бағасына көңіл бөлетіні сөзсіз. Еліміздегі жекеменшік мектептер ұсынатын баға диапазоны әртүрлі. Аймақтарда оқу ақысы айына 50 мың теңгеден басталып, Алматы, Нұр-Сұлтан мегаполистерінде 1 миллион теңгеден асып жығылады.
Оқу ақысы жөніндегі рейтингте бірінші орынды Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан QSI халықаралық мектебі иеленіп отыр. Мұнда 1-сыныптан 12-сыныпқа дейін оқу ақысы бірдей, жылына 26 000 АҚШ доллары, айына орта есеппен 1 миллион 280 мың теңгеден. Оқу тек ағылшын тілінде жүргізіледі. Халықаралық деп аты айтып тұрғандай, негізінен елімізде жұмыс істейтін шетелдік азаматтардың, дипломаттардың балаларына арналған мектеп. Дегенмен мұнда Қазақстан азаматтарының да балалары білім алады. Бала саны да шағын, 300-ден асады. Екінші орында Алматы қаласында орналасқан халықаралық QSI мектебі тұр. Мұндағы оқу ақысы, елордадағыдан арзан, айына орта есеппен 1 миллион 80 мың теңгеден. Оқушы саны – 450. Рейтингте үшінші орынды Haileybury Almaty және Haileybury Astana мектептері иеленген. Екі мектептің бір орында орналасу себебі – екі мектепте білім беру құны бірдей. Мұнда дайындық сыныбынан бастап 13-сыныпқа дейін білім беріледі. Сондықтан оқу ақысы сыныптарға қарай бөлініп отырады. Мысалы, дайындық сыныбы жылына 5,6 млн теңге, 3-6-сынып оқушылары үшін 9,7 млн теңге, 10-13-сыныптар үшін 12,6 млн теңге. Орта есеппен оқу ақысы айына бір бала үшін шамамен 1 млн теңге. Бұл қаржыға оқушының таңнан кешке дейін білім алуы, үш мезгіл ішетін тамағы кіреді. Жекеменшік мектепте қосымша үйірмелер де, спорт секциялары да қамтылған. Бала мектепте үй тапсырмаларын орындап, түсінбеген тұсын мұғалімдерімен қайта пысықтайды. Мектеп бағдарламасында шахмат, робототехника сияқты салалар бар. Ағылшын тілінің практикалық сабағын америкалық азамат өтеді. Бір сыныпта 15-18 оқушыдан отырады, ал мемлекеттік мектепте – 25-30 оқушыдан. Сондықтан қай жағынан алып қарасақ та, жекеменшік мектеп тиімді. Айталық, мемлекеттік мектепте оқыған оқушы қосымша репетитор жалдауына тура келеді. Мұндайда бәрібір оқыту шығыны жекеменшік мектеппен бірдей болады.
– Қазақ сыныптары тек қазақ ұлтына ғана керек. Алайда қаншама қаракөзіміз баласын орыс сыныптарына береді. Сондай-ақ жекеменшік мектептерде баласын оқытқысы келетін көп ата-ананың әлеуметтік жағдайы нашар. Олар баланың болашағы үшін сапалы біліміне инвестиция салғанша, ол қаржыны той-томалаққа жұмсағанды жөн санайды. Қаржылық сауаттылық жоқтың қасы, – дейді Күләнда Батырбекова.
Қазақ қоғамы бүгінде экономикалық табысы мен әлеуметтік мәртебесіне қарай жіктеле бастағанын көріп жүрміз. Алғашқы сатыда зәулім үйлер мен қымбат көлік болса, екінші саты беделді оқу орны мен жекеменшік сектордағы мектептермен ерекшеленеді. Сол себепті жекеменшік мектептер туралы сөз болғанда «ақшасы барлар беттеп, ақшасы жоқтар шеттей береді» деген пікірдің бәсі басым болып келген еді. Қазір мемлекет тарапынан балаларды жекеменшік мектепке оқытуға жылына 532 мың теңге субсидия бөлінеді. Бірақ бұл қаржы жалпылама бөлінгендіктен, нақты қай тілде оқытатын сыныпқа қарастырылғаны тағы да беймәлім. Ал жекеменшік мектептер таңдау құқығын ата-аналардың өздеріне қалдырып, қазақ сыныптарының қысқарып қалғанына бас та қатырмайды. Сондықтан бұл жүйені реттеп, жекеменшік мектептерге қазақ сыныптарын ашудың белгілі бір лимитін енгізу керек сияқты.
Құрылтайшының құрығы ұзын
Бұған дейін айтылып келген аралас мектептердің жыры бітпей жатып, жекеменшік мектептерде қазақ сыныптарының болмауы қоғам тарапынан да қызу пікірталас тудырып отыр. Білім сарапшысы Данагүл Смақованың айтуынша, қазіргі бастауыш сыныптарда орыс сыныбы көп, сәйкесінше 4-5 жылда қазақ тілінде мектеп бітіретін түлектердің саны күрт азаяды. 2020 жылғы статистика бойынша, Қазақстанда тұратын халықтың 69 пайызы қазақ, орыс ұлтының үлесі – 18,27 пайыз. Сонда жекеменшік және аралас мектептердегі шәкірттердің басым бөлігі қазақ балалар деген сөз. Олардың көбі Ресейде оқуға түсіп жатқаны туралы ақпарат бар. Қазір Ресейде демографиялық жағдай өте қиын. Сондықтан көрші елге адам капиталы керек. Біздің түлектерімізді мектеп бітіре сала шаңсорғыш сияқты тартып алып жатыр. Бұл мәселені бірнеше жылдың ішінде шешетін қарапайым жол болса, ол – балабақшаны түгелдей қазақ тіліне көшіру. Мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, бәрі қазақ тілінде тәрбие беруі тиіс.
– Аралас мектептерден арылмай жатып, жекеменшік мектептерде де қазақ сыныптарының жағдайы ушығып кетті. «Қазақша білмеймін немесе өзім орыс тілін білмей қиналғанмын» деген сылтау айтып, ата-аналар балаларын орыс сыныптарына тасиды. Дегенмен қазақ баласы ана тілінде білім алғаны дұрыс. Жекеменшік мектептердің артында белгілі бір құрылтайшылардың идеологиясы да жатуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттің білім беру саясатын түбегейлі қайта қарау қажет, – дейді Данагүл Смақова.
Шынымен де, егер мемлекет тарапынан жекеменшік мектептердің құрылтайшыларын қатаң бақылауға алмаса, білім ордалары идеология құралына айналып кетуі әбден мүмкін. Мұндай мәселе туындамас үшін жекеменшік мектептердегі сапаны қадағалап қана қоймай, ондағы мемлекеттік тілде білім беретін сыныптардың санын да бақылауда ұстау керек.