Қозықұйрық егіп, табыс тауып жүр
Қозықұйрық егіп, табыс тауып жүр
861
оқылды
Ордабасы ауданында тұратын мектеп оқушысы Дінмұхамед Айболатұлы үй жағдайында саңырауқұлақ өсіруді табыс көзіне айналдырған. Темірлан ауылы Амангелді Иманов атындағы мектепте оқитын Дінмұхамед бүгінде кәсіптің ерекше түрін бір кісідей меңгеріп алған. Анасы Зарина Әжіден баласы­ның кішкентайынан шығарма­шылыққа құштар болғанын айта­ды. «Балам бір күні тағамға қосатын саңырауқұлақты сатып алғанша өзіміз өсірейік деп ұсыныс айтты. Алғашында қалай болады екен деп күмәнданғанымыз рас. Бірақ баланың талабына қарсы шықпай, тәуекел етіп, Алматыдан қажетті заттарын сатып алып бердік», – дейді анасы Зарина Мұратқызы. Одан соң Дінмұхамедтің анасы Ордабасы ауданы Төрткүл ауылын­ың тұрғыны, 30 жылдан бері қозы­­құйрық өсірумен айналысып келе жатқан Қаршыға Арысбек­қызына өтінішпен шығады. Қаршыға апайдың дәрісін алып, интернет арқылы саңырақұлақ өсірудің түрлі технологиясымен танысқан Дінмұхамед кәсіптің сырын тез ұғып алады. Сөйтіп, тура 25 күнде алғашқы өнімді жинаған. Бұл іске есік алдындағы қосал­қы үйдің бір бөлмесін арнаған Дін­мұхамед саңырауқұлақ ұрығы­нан 63 блок егеді. «Бір блоктан 2-3 келі саңырау­құлақ алдым. Оны күніне 1 рет суарамын. Күтімін тапсаң, 1 блок 4 рет таза өнім береді. Бірінші өнімін жинап алып, келісін 1 000 теңгеден саттық. Енді екінші өнім­ді жинауға әзірленіп жатырмыз. Саңырауқұлақты тәулігіне 3 реттен суарамын. Ал 3-4 өнімге қойған кезде суды молынан құятын бола­мыз. Кешкі 8-9 шамасында таза ауа кіру үшін есік-терезені ашып тастаймын. Таңға дейін ашық тұрады», – дейді жас кәсіпкер. Дінмұхамед Айболатұлы Қызығы, Ордабасыда қазақ үшін жеңсік ас саналатын саңырау­құлаққа сұраныс жоғары. Кейбір тұрғындар тағамға пайдалану үшін 10 келі сатып аламыз десе, аудан орталығында кафе 50 келі саңырау­құлақ алуға дайын. Әлі күнге дейін хабарласып, қозықұйрықты сатып алуға қызығып жатқандар да бар. Алайда бірінші өнім тез арада сатылып кеткен. Бұл жолы жас кә­сіпкер 10-15 мың теңге табыс тап­қан. Дінмұхамед өз ісін кеңейткісі келеді. Ол жуырда қытай тәсілімен 3 блок қосыпты. «Саңырауқұлақты екі түрлі тәсілмен егуді қолға алдым. Біріншісі қарапайым. Қытай тәсілін жақында бастадым. Оның тиімдісі блокты көлденеңнен жатқызып қоямыз. Сосын үсті-үстіне жинай берсек болады, көп орын алмайды. Бұл тәсілді өзім ізденіп таптым. Келешекте блок санын 100-ге жеткізуді ойлап отырмын, әзірге саңырауқұлақ шығатын 66 блогым бар», – дейді Дінмұхамед Айболатұлы. Биыл 9-сыныпты тәмамдаған Дінмұхамед Шымкент қаласын­дағы Ә. Қастеев атындағы кол­леджге баруды ойлап отыр. «Үл­кенім Дінмұхамед бала күнінен сурет салу үшін елімізде жоқ бояуларды, қалам сынды керекті заттар сұрайтын. Біз оны интернет арқылы тауып, тапсырыс­пен ал­дырып бердік. Мульти­пликацияға да қызығады. Ізденім­паз. Алға қойған мақсаты да көп. Өзін-өзі дамытып жүр. Екіншім де тотықұс сияқты ерекше құстармен айна­лыс­қысы келеді, ал кішкен­тайым құлпынай өсірмекші. Оған кішірек жылыжай салып бермек­шіміз», – дейді анасы. Өнерлі балалардың әкесі, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Айболат Тұрғанбайұлы да, анасы Зарина Мұратқызы да сурет салуды ұнатады екен. Осылайша, шығар­ма­шылық қасиет ата-анасынан дарыған балалардың болашағынан мол үміт күтуге болады. Ізденімпаз алғыр баланың ата-анасы 2-3 жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келгенімен, өзі осында әжесі­нің қолында тәрбиеленіпті. Қазір қозықұйрық егіп, пайда тауып жүрген Дінмұхамед бола­шақта қазақ мультфильмін дамыт­қысы келеді.

Түркістан облысы