Астықты өлке нансыз қала ма?
Астықты өлке нансыз қала ма?
560
оқылды
Астық өндірумен айналысатын солтүстік өңірде де бидай тапшылығы мен қымбатшылығы айқын сезіле бастады. Ресей бидай импортын шектегеннен кейін ішкі нарықтағы бидайдың бағасы тіптен шарықтай түсті. Ішкі логистикалық тізбек жү­рісінен жаңылып, астық өндірушілердің өнім жеткіліксіздігін айтып дабыл қаққан. Ауыл шаруашылығы министрлігі де, тиісті облыстық басқармалар да бидайдың жеткілікті екенін айтып ақталғанымен, көптеген қамба бос қалған. Азық-түлік келі­сімшарт корпорациясының қорлары сақталатын элева­торлар қаңырап қалғаны жиі айтылады. Қамбалар бос қалды Ел арасында бидайдың басым бөлігі экспортталатыны жиі айты­лады. Ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өнімдерінің негізінен шетел асқанын, ал қазір егін ора­ғы­на дейін қамбаларының бос екенін жеткізді. «Былтыр 10 мың тоннаға жуық астық шыққан. Негізгі бөлігін Өз­бекстан және Ауғанстан елдеріне экспорттадық. Қазір қырман бос. Алдағы егін орағынан үміт күтіп отырмыз. Биыл 1 500 тонна тұқымды 15 мың гектар алқапқа септік. Енді күзгі жиында өнім қалай болады, со­ған қарай әрекет етпекпіз», – дей­ді Sinegor – Grain ЖШС-ның ди­ректоры Жанат Тасығожин. Бидайды жасырған кім? Ал тиісті басқармалар мен ве­домстволар жағдайдың тұрақ­ты­лы­ғын, бидай мен ұн қорының жет­кі­лікті екенін мәлімдеп отыр. Олар­дың айтуынша, шаруаларда бидай қоры жеткілікті. Тіпті, егер са­намалап айт­қанда ішкі нарықты 2045 жылға де­йін толықтай қамтуға жет­пек. Алай­да ауыл шаруашы­лы­ғының та­­уар өн­дірушілері бағаның құбылуына орай астықты сары май­дай сақтап отыр. «Ақмола облысының элева­тор­ларының жүктемесі былтырғы егін орағының өзінде 43 пайызды ғана құраған. Ары кетсе 48 пайыз ғана болды. Қазір облыс бойынша 560 мың тонна көлемінде бидай бар. Мен өзім жағдайды анық­тау үшін барлық облыстың аг­рарлық шаруа­шылықтарымен ха­барласып анализ жасадым. Шаруа­шылықтардан би­дайдың бар-жоғын сұрадым. Көп­шілігі бидайдың жоқ екенін айтқан. Болмаса экспорттың да тоқ­тауы мүмкін екенін айтып ескерттім. Тек содан кейін ғана өнім­нің бар екені анықталды. Көп­шілігі астық­ты­ қым­бат бағаға өткізу мақ­сатында бидай көлемін жасырын ұстайды», – дейді Ақмола облысы Ауыл ша­руа­шы­лығы басқарма­сы­ның бөлім бас­шысы Медет Төлегенұлы. Диірменшілер дабыл қақты! Ресми деректерге сенсек, өткен жылдың желтоқсанында Ресей теміржолдарымен Қазақстанға 800 мың тонна, басқа көліктермен 200 мың тонна бидай жеткізілген. Қайта өңдеушілер тағы 2,5 миллион тонна астықтың көлеңкелі жолмен жет­кі­зілгенін мәлімдеді. «Бүгінде статистикалық мәлі­мет­тер бойынша Қазақстанда 5,9 млн тонна бидай бар. Алайда әкімдіктер берген мәлімет мүлдем басқа. Мәселен, Павлодар облы­сында мәліметтер бойынша қорда 400 мың тоннадан астам бидай болса, шынында 53 мыңнан асар-аспас қана бидай бар екені мәлім болды. Алдағы уақытта бидайға де­ген сұраныс одан сайын өсетіні бел­гілі. Бұл елдегі мәселені одан са­йын ушықтырып жіберуі әбден мүм­кін», – дейді Қазақстанның қай­та өңдеушілер одағының төра­ғасы Евгений Ган. Елде бидай және ұн қорының жеткілікті екенін Азық-түлік келі­сімшарт корпорациясы да мәлім­деді. Олардың айтуынша, қазір елдегі бидай және ұн көлемі мол. Элеваторларда бидай жеткілікті. «Қазір Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорында 700 мың тоннадан астам бидай бар. Мал шаруашылығы, құс ұстайтын фер­малар, одақтар мен ассоциа­ция­лармен арнайы меморандумдар жүргізілген. Бидайдың жетіспеу­­шілігі жоқ», – дейді корпорация­ның департамент басшысы Сағат Ыдырысов. Ал диірменшілердің айтар уәжі басқа. Олар елде астық қорына байланысты екі үлкен аса маңызды мәселені атады. «Баға тым шарықтап кетті. Астық өндірушілердің шикізатты тым өсіріп жібергені ұн өңдеуші­лер­ге ауыр соғып тұр. Қазір би­дай­дың әр тоннасы 170 мың теңгеге жетіп жығылды. Алдағы уақытта бұдан да қымбаттайтынына күмән жоқ. Көпшілік аграрлық шаруашы­лық­тар бидайды қаңтар, ақпан ай­ла­рында баға қымбаттаған тұста өт­кізеді. Ешкім ұзақмерзімді келі­сім­шартқа отырғысы келмейді. Баға күн сайын өсіп жатыр. Қазақстаннан сатып алған бидайды өзбектер са­тып алып, Тәжікстан мен Ауған­станға біздің брендпен өткізеді. Ал бізден алған бидайды өздеріне қалдырып ішкі нарығын қамтамасыз етіп отыр», – дейді «Нан-Абыройы» ЖШС-ның басшысы Әбдірахман Сарбасов.  
P.S. Сонымен, түйінді мәселенің тарқатылатын шешімі әзірге бел­гісіз. Бұл орайда тиісті министр­ліктер мен ведомстволар мәселені қолға алып, аграрлық шаруашылықтар мен ұн өндірушілердің арасындағы келісімді реттеп, баға саясатына ықпал етсе құба-құп болар ма еді...

Ақмола облысы