Тоғызыншы территорияда – жаңа әкімшілік аумақтар
Тоғызыншы территорияда – жаңа әкімшілік аумақтар
921
оқылды
Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары Қазақстандағы облыстар саны бір азайып, бір көбейді. Өйт­кені мем­ле­кеттік басқару сала­сы­ның заң­ды­лығы бойынша билікті орта­лық­сыз­дандыру – өңірлердегі өзін-өзі бас­қару ор­гандарының көбейіп, үс­тем болуына әкеледі. Ал егер бү­кіл билік орталықтың қо­лына шо­ғырланса, керісінше об­лыстар са­ны оңтайланды­ры­ла­ды. Соның кө­рінісіндей, 1991 жы­лы тәуел­сіз­дік алғанда республи­ка­да 19 об­лыс болыпты. 1997 жы­лы одан 14 об­лыс қана қалды. Сондық­тан Жаңа Қазақстанды құру мәсе­ле­сі­мен бірге облыстар санын қай­­та­­дан арттыру қажет­тілігі туында­ды. Қазақстан құрылымы қалай өзгерді? Мемлекетіміз территориясы жөні­нен әлемде 9-орында орналасқаны мә­лім. Бұл ретте біз осы топтағы бі­ре­­гей ел саналамыз. Өйткені жерінің ау­мағы жөнінен алдыңғы тұғырларда ор­­налас­қан өзге 8 мемлекеттің бәрі – фе­­дера­тивтік мемлекеттер. Қазақстан ға­­на уни­тарлы мемлекет. Мысалы, Конс­­титуциясына сәйкес, РФ 85 субъек­ті­ден құралған. Канада – 10 провинция мен 3 аумақтан тұратын федеративтік мем­лекет. АҚШ-та 50 штат бар. ҚХР 34 про­винцияны, 5 автономды ауданды, сон­дай-ақ Тибетті, Гонконгты, Ма­као­ны, саяси мәртебесі айқындалмаған Тай­ванды бақылайды. Бразилия 26 штат (estados) пен 1 федералдық округке бө­лі­неді. Аустралия 6 штатқа, 3 құрлықтық аумаққа және бірнеше сыртқы аумаққа ажыратылған. Үндістанда құмырсқадай қап­таған халық 28 штат пен 8 одақтық ау­мақта өмір сүреді. Ал Аргентина фе­дера­тивтік республикасына 23 про­вин­ция және 1 федералдық округ кіреді. Назар аударар жайт, алдымызда тұрған мемлекеттердің өңірлері жік-жікке бөлі­неді, тіпті қырғи қабақ күйде. Феде­ра­цияның әр бөлшегі түрлі тілде сөйлейді, бір-бірін түсінісе алмайды. Сонымен қатар мемлекеттен бөлініп, тәуелсіздік алғысы келетін автономиялары жетерлік. Сондықтан азаттыққа қол жеткізгенде Қазақстан «президенттік басқару ныса­нындағы біртұтас, унитарлы мемлекет» де­ген ең дұрыс, ең оңтайлы модельді таңдап алды. Сол кезде еліміз 19 облысқа бөліне­тін. Бертінде бес облыс жабылып тынды. Бұлар – Талдықорған, Жезқазған, Семей, Көкшетау және Торғай облыстары. 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы жойылып, одан Шымкент мегаполисі бөлінді. Орнында Түркістан облысы құры­лып, орталығы Түркістан қаласына көші­рілді. Нәтижесінде, республикалық ма­ңыз­ды қалалар санының үшеуге өсуіне бай­ланысты өңірлер саны 17-ге дейін ­арт­қа­ны­мен, облыстар саны өзгеріссіз қал­ды – 14. Биылғы 16 наурыздағы Жолдауында Мем­лекет басшысы Жаңа Қазақстанды құ­руға бағытталған Конституциялық ре­фор­малар және саяси жаңғырулар аясында 3 жа­ңа облыстың құрылатынын жария­ла­ды. Жа­ңа облыстар Қ.Тоқаевтың 2022 жыл­ғы 4 ма­мырдағы «Қазақстан Респуб­лика­сының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен құрылды. Осылайша, бүгінде Қазақстан бірінші деңгейлі 20 әкімшілік-аумақтық бірліктен тұратын республика саналады. Соның ішін­де 17-сі – облыс, 3-еуі – республикалық ма­­ңызы бар қала. Бұдан бөлек, елімізде екінші деңгейдегі әкімшілік-аумақтық бірлік саны 218-ге дейін көбейді. Арасына облыстардағы 164 аудан, облыстық ма­ңыздағы 38 қала, мегаполистер ішіндегі 16 аудан енеді. Бұл ретте Президенттің 2022 жылғы 4 мамырдағы «Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» жаңа Жарлығына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының құрамында, бірін­ші­ден, Тарбағатай ауданының құрамынан бөлу арқылы әкімшілік орталығы Ақсуат ауылында орналасқан жаңа Ақсуат ауданы, екіншіден, Көкпекті ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Самар ауылында орналасатын жаңа Самар ауданы құрылды. Жалпы алғанда, Қазақстанда 89 қала, 29 кент, 6 293 ауыл бар. Қай облысқа қанша аудан кірді? Сарапшылар қазақстандықтардың көз алдында тарихи оқиғалар болып жатқанын қаперге салады. Демек, болашақ зерттеу­ші­­лер жай-жапсарын жете ұғынуы үшін оның бәрін – бүге-шігесін хаттап, тіркеп алған жөн-ақ. Сонымен, Президент Қ.То­қаевтың 8 маусымда күшіне енген Жарлы­ғымен мемлекетіміздің әкімшілік-аумақтық құрылысына салмақты реформа жүргізілді. Біріншіден, Абай облысы құрылды. Оның құрамына Ақсуат, Абай, Аягөз, Бес­қа­рағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көк­пекті аудандары, Семей және Курчатов қа­лалары кірді. Оның бәрі Шығыс Қа­зақ­стан облысынан бөлінді. Жаңа өңірдің әкім­шілік орталығы – Семей қаласы. Ел Пре­зиденті 11 маусымдағы Жарлығымен Абай облысының әкімі лауазымына Нұрлан Ұранхаевты тағайындады. Екіншіден, Ұлытау облысы дүниеге келді. Оған Жаңаарқа, Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қала­ла­ры бағындырылды. Тиісінше, олар Қара­ған­ды облысынан кетті. Жезқазған қаласы – Ұлытау өңірінің әкімшілік орталығына айналды. Мемлекет басшысы 11 маусым­да­ғы Жарлығымен Берік Әбдіғалиұлын Ұлы­тау облысының әкімі лауазымына бекітті. Үшіншіден, Жетісу облысы ашылды. Оның құрамына Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сар­қан аудандары, Талдықорған және Текелі қалалары қосылды. Бұлар Алматы облы­сының құрамынан шықты. Жаңа облыстың әкімшілік орталығы Талдықорған қала­сын­да орнықты. Мемлекет басшысы 11 мау­сымда Жетісу облысының әкімі ретінде Бейбіт Исабаевқа сенім артты. Төртіншіден, Алматы облысының әкім­шілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев (бұрынғы Қапшағай) қаласына көшірілді. Енді ел Үкіметі Жоғарғы Сотпен, Пре­зидентке тікелей бағынатын және есеп бе­ретін меморгандармен бірлесіп, 1 ай мер­зімде ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын – «Жол картасын» бекітуі тиіс. Яғни, жаңа облыстарда облыстық, аудан­дық мәслихаттар, әкімдіктер сыртында, сот, прокуратура, орталық меморгандардың бөлім-басқармалары және басқасы ашы­лады. Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, орталық меморгандардың аумақтық бөлімшелерінің жұмысын жолға қоюға қатысты ұйымдастырушылық шаралар қабылданып жатыр. Тарихи бетбұрыс тың өзгерістерге түрткі Әлеуметтанушы-зерттеуші Леонид Яко­венко республиканың әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту оңай мәселе емес екенін ескертеді. «Бұл жұмыс кейінгі жылдары мамандар талқылауына салынып, мұқият зерделенсе керек. Өйткені Кеңес кезінде, одан бертінде облыстарға, аудандарға бөлу үрдісі ғылыми зерттеулермен жете қамтылмады. Соның кесірінен кейбір аграрлық аудандарда егін салып, мал жаюға жер жетпеуде: онысы көрші аудандарға кетіп қалған. Мысалы, қазір Түркістан облысының Қазығұрт, Отырар және Сауран аудандарында жерге қатысты талас туып, әкімшілік-аумақтық құрылысты қайта қарауға тура келіп жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда байырғы қазақы ау­мақтық бөліс моделі халыққа мейлінше жа­қын болған: қазақ елі жер бөлісте көш­пелі, мал өсіретін және отырықшы, қала­лық өңірлердің ерекшеліктерін ескерді. Сондай-ақ қай рудың адамдары іске қыры болып, мыңғыртып мал айдаса, соларға көбірек жер берілген. Үш ғасырлық отарлау кезінде оның бәрі бұзылды», – дейді ғалым. Оның айтуынша, жаңа облыстардың құрылуының оң және теріс жақтары бар. Оң жақтарын өз Жолдауында Мемлекет бас­шысы да жария етті. Тұрғындар орта­лық­қа бару үшін қияға қатынау «қияме­тінен» құтылады. Жергілікті билік жұрт­шылыққа жақындай түседі. Президенттің тапсырмаларын, бастамаларын өңірлерде жүзеге асыру, әр ауыл тұрғынына дейін жет­кізу жеңілдеуі тиіс. Сонымен бірге теріс жағы ретінде әкімдер мен шенеуніктер санының өсуін атауға болады. Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пайымдауынша, үш жаңа облысты құру – бір жағынан символизмнің мәселесі. Тиі­сінше, қазақ елі үшін аса ардақты Абай, Ұлытау, Қонаев атаулары таңдап алынды. Екінші жағынан, бұл қадам орасан зор ұйымдастырушылық, кадрлық міндеттерге негізделген. Жергілікті тұрғындар арасынан жаңа мәслихат депутаттары, жаңа әкімдер, шенеуніктер шығады. Тиісінше, көзтаныс болғандықтан, олар жергілікті тұрғындарға мейлінше жақын болады. Яғни, жергілікті басқарушылардың жаңа формациясы тәрбиеленуі шарт. Жаңадан құрылатын мекемелердің санаты кең, саны көп, жұмыс ауқымы жан-жақты: полиция, Антикор, ҰҚК, қаптаған министрлік-агенттіктердің жаңа бөлім­ше­лері, медициналық мекемелер, білім орда­лары ашылады. Облыс орталығына ай­нал­ған Қонаев (Қапшағай), Жезқазған, Се­мейде жаңа университеттер ашылып, жас­­тардың тартылыс орталығына айна­лады. Оларға баспана, жатақхана керек. Сондай-ақ олар көңіл көтеруі үшін жаңа, ірі ойын-сауық орталықтары бой көтереді. Жаңа облыстар «кәрі» облыстармен инвестор тартуда қызу бәсекеге түседі. Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының тізгінін бұрын тұтас аймақты басқармаған азаматтар ұстады. Олар шұғыл, әбжіл қимылдап, бар ынта-ықыласымен, күш-жігермен жұмыс істеп, жеке отау құрған өңірлерді өркендеу жолына түсіре алмаса, елдің, ел басшылығының сенімінен айы­рылады. Сондықтан жыл соңына дейін төл жаң­ғыруларын, реформаларын, бетбұрыс­тарын жүзеге асырып, алдын ала жетіс­тік­терін паш етуі керек. Ендеше қоғамды біраз қы­зық күтіп тұрғанға ұқсайды. Әзірге жаңа облыстардың eGov-тағы ресми сайты да жоқ. Сондай-ақ облыс бюджеттері бөлінбеген. Себебі 2022 жылғы нақтыланған бюджет биылғы мамырдың басында қабылданып кетті. Ал жаңа об­лыстарды құру туралы Жарлық 8 маусымда ғана күшіне енді. Салдарынан енді об­лыстардың, жаңа аудандардың бюджеттерін бөлу, бюджеттік бағдарламаларын түзу, даму бас жоспарларын әзірлеп, қабылдау секілді «қырық есекке жүк болар» жұмыс ауқымы қордаланып жатыр. Оларды шешу үшін заңдарды, Үкімет қаулыларын, әкімдер өкім­дерін және мәслихаттардың шешім­дерін қабылдау қажет. Мұның бәрі уақытты, қаржыны, адами ресурсты және сабырды талап етеді.