«Судың да сұрауы бар» дегенді көп айтқанымызбен, мәселенің түпкі мәніне әлі жетпедік. Су тапшылығы бойынша еліміз Азияда Бангладеш, Үндістан, Қытай және басқа елдерден кейін 8-орында. Бұл тапшылық қазірдің өзінде орталық облыстарда, Сырдария, Жайық, Іле, Шу, Талас өзендерінде байқалып отыр. Тапшылық жайы сөз болғанда жауаптылар ел аумағында жерасты суының көптігіне иек артып, ақталғысы келетіндей. Бірақ сол суды қалай пайдаланып отырмыз?Кеннің кесірі тиді
Қазақстанда су шаруашылығында қордаланған мәселе көп. Су ресурстарын басқаруда кемшілік жетерлік. Айталық, елімізде суды пайдаланудың тиімділігі өте төмен деңгейде. Суға қойылған тариф шығынды өтемейді. Инвестиция көлемі аз, су инфрақұрылымы да ескірген. Бұл мәселелер мінберлерде айтылды да. Кезінде Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев елде 2 200-ден астам иесіз, өздігінен ағатын скважина барын айтқан. Ал суармалы егістіктің тек 16 пайызында ғана тамшылатып суару технологиясы мен жаңбырлатқыш қондырғылар пайдаланылады. Депутат келтірген мәліметке қарағанда, елдегі су тапшылығы 8 жылдан кейін жылына шамамен 12-15 текше шақырым, яғни 15 пайызды құрайды екен.
Экономикада су ресурстарының мұндай жетіспеушілігі бұрын-соңды болған емес. Иә, былтырғыны айтпағанда, еліміз әлі су тапшылығын сезінген жоқ. Жыл басында Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев кен орындарын игеруді белсенді түрде кеңейту су тапшылығының артуына әкелетінін айтқан. Соның бір мысалы – республикадағы жер қойнауын пайдаланушылар жерасты суларының маңынан кен орындарына барлау жүргізіп, ұңғымалар қазып жатыр. Салдарынан жерасты сулары мұнаймен араласып, ластанған. Мысалы, Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Қызылорда облысындағы Мыңбұлақ жерасты сулары кен орындарының кесірінен ластанып кетті. Осылардың барлығы шөл даланың көбеюіне әкелді. Енді халық тұтынатын ауызсуды да жеткізе алмай әлек бола бастайтын тәріздіміз.
Маман ресми деректің жалған екенін айтады
Саладағы алаңдатарлық ахуал мұнымен шектелмейді. Ең қорқыныштысы – еліміздегі жерасты сулары көлемі туралы нақты ақпараттың жоқ екені. Кейбір дереккөздерде Қазақстанның жалпы тұщы су қоры 429 текше шақырым деп бағаланған. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өткен жыл соңындағы мәліметіне сәйкес, Қазақстанда тұщы судың үлкен қоры бар, 3,5 мыңнан астам жерасты көздері анықталған екен. Олардың жалпы көлемі алдын ала мәліметтер бойынша 100 текше шақырымнан асады. Оның 58 пайызы Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарына тиесілі. Дегенмен инженер-гидрогеолог Анар Тілеулесованың айтуынша, бұл ақпарат нақты емес.
– Елімізде тұщы су қоры қанша екенін ешкім білмейді. Оған қоса, 3,5 мыңнан астам жерасты су көзі бар дегенімізбен, жер-жерде табиғи су көздері, бұлақтар тартылып қалып жатыр. Халықтың 93 пайызы таза ауызсумен қамтылған деп айтып жүрсек те, ауызсу мәселесі көптеген өңірде өзекті болып отырғаны жасырын емес. Жалпы, тұщы су қорымыз 2025 жылға қарай 75 текше шақырымға, ал 2050 жылға дейін 50 пайызға азаяды деген болжам бар, – дейді Анар Тілеулесова.
Суға қатысты заңның олқылығы көп
Бір қызығы, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» кодексінен жерасты сулары мүлдем алынып тасталған. Сондай-ақ су шаруашылығына жауапты мекемелерді министрліктерге, облыс әкімдіктеріне, комитеттерге бөліп тастаған. Анар Тілеулесова су тапшылығына да су ресурстарын басқарудың осы тиімсіздігі себеп болып отыр деген пікірде. Ойлап қарасақ, бүгінде еліміздегі су мәселесімен алты министрлік, жергілікті атқарушы органдар мен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы айналысады екен. Сондықтан ешкімде тікелей жауапкершілік жоқ. Яғни, мойнында жүктің жоғын біліп, әркім өз білгенін істей береді.
– Ең алдымен мәселенің заңнамалық жағы қолға алынғаны дұрыс. Себебі бір-біріне қайшы заң көп. Әділет министрлігі оларды бір жүйеге келтірмесе, жер қойнауын пайдаланушылардың әрекеттерін заң аясында шектеу де қиынға соғады. Сондай-ақ барлық су ресурсы бір қолда болуы, бір мекемеге біріктірілуі керек. Сонда ғана жауапкершілік болады. Содан кейін жан-жақта жүрген мамандарымызды жинап, жұмысын жүйелі үйлестіру керек, – дейді сарапшы.
Маман суды пайдалануды бақылау схемасы жасалуы керек екенін айтады. Елімізде қанша мекеме қандай мөлшерде су алатынын есептеу қажет. Әйтпесе, суды үнемдеу керек деп жүргенімізбен, қуаты тәулігіне 50 текше метрге дейінгі су скважиналарын бұрғылау үшін қазір арнайы рұқсат алудың қажеті жоқ. Ойлап қарасаңыз, 1 текше метр – мың литр су. Яғни, тәулігіне 50 мың литр су алатын мұндай объектілерді кез келген адам сала береді деген сөз.
– Егер, расымен суды үнемдегіміз келсе, салаға жаңа технологиялар енгізілуі керек. Ал қазір ондай технологияның енгізілгенін де көріп отырған жоқпыз. Суды көп мөлшерде пайдаланатын мекемелерде, кәсіпорындарда, жылу-электр орталықтарында суды қайта пайдалану технологиясын енгізу қажет. Бүгінде тұщы су қорының қанша екенін болжаудың өзі де қиын. Себебі оны білу үшін ең әуелі аймақтарда гидрологиялық посттар болуы керек. Қазір бізде ондай посттар жоқ. Жерасты сулары қорына мониторинг те Кеңес үкіметі кезінде жүргізілген, – дейді Анар Тілеулесова.
Гидролог жерасты суы күрт төмендегенін көрген
Балқаш – Алакөл бассейндік инспекциясын ұзақ жыл бойы басқарған маманның бұл пікірін инженер-гидролог Мәлікайдар Мұрат та растайды. Ол Кеңес үкіметі кезінде Қызылорда облысының жерасты суларына мониторинг жүргізумен айналысқан. Сондағы көпке беймәлім, бірақ мамандар көзімен көрген «сұмдықты» естігенде мәселенің күрделеніп бара жатқанын байқадық.
– Ленинград гидрометеорология институтын бітірген соң Қарақалпақстан Республикасымен шекаралас бұрынғы Жаңақала совхозы тұсында метерологиялық стансада жұмыс істедім. Кеңес үкіметі кезінде еліміздің барлық аймағында гидрогеологиялық экспедициялар болған. Қызылорда қаласының түбінде геологтар поселкесі болды. Сол уақытта халық қоныстанбаған жерлер, жайылымдар үнемі тексеріліп, жерасты суларының деңгейін, сапасын анықтау жұмыстары жүргізілетін. Облыстың жерасты суларының картасын жасаған «Қазгидрогеология» атты мекеме болды. Скважиналардың, табиғи су көздерінің қысымы қадағаланатын. Скаважиналардың барлығы белгіленген карта да болды, – деп еске алады ол.
Бұрын осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде жерасты суларының деңгейі болжанып отырған. Зейнеттегі гидролог Қызылқұм өңірінің қазіргі жағдайына қатты алаңдаулы.
– «Қазгидрогеологияда» жұмыс істеген кезімде он күн сайын жерасты суларының деңгейін өлшеп тұратынбыз. Ол уақытта су бір деңгейде болды. Жауын-шашын кездері ғана аздап көтерілетін. Кейін Байқоңыр ғарыш айлағы үшін су тарту қондырғысы салынды. Айлаққа көп мөлшерде жерасты суын ала бастаған кезде Қызылқұмның жерасты суларының деңгейі күрт түсіп кеткен еді. Содан кейбір табиғи скважиналар тартылып та қалды, – дейді Мәлікайдар Мұрат.
Кеңес Одағы ыдырауының алдында болған бұл жағдай тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында назардан тыс қалды. Сол кезде «Қазгидрогеология» мекемесі жабылып, мал шаруашылығы саласы да тоқырауға түскен. Сала ардагері әлі күнге дейін бұл мәселеге лайықты мән берілмей отырғанына алаңдаулы.
Тәжірибе неге ескерілмейді?
У.Ахметсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының директоры Мәліс Әбсаметов те қазіргі Су кодексінде де жерасты сулары туралы сөз жоқ екеніне күйінеді. Бұған қоса, Қазақстанда су негізінен трансшекаралық көздерге тиесілі.
– Дегенмен республикада жерасты су көзі көп. Олардың ең ірілерінің бірі Қызылорданың солтүстік-шығысында, тағы бірі Атырау облысында орналасқан. Балқаш көлінің аумағында да термоминералды жерасты суларының үлкен қоры бар. Құндылығы жағынан бұлардан кем түспейтін өзге де су көзі көп. Осыншама су ресурсын сақтау мәселесін Экология министрлігінің Геология комитеті деңгейінде көтердік те. Бүгінде су құдықтарының қайда апаратынын, қалай жұмыс істейтінін, қанша су айдайтынын анықтап, есепке алумен айналысып жатырмыз. Бірақ бұл бағытта да мәселе көп. Үйлердің аулаларында да қазылған иесіз, қараусыз ұңғымаларды көп кездестіреміз, – дейді Мәліс Әбсаметов.
Ғалым жерасты суларын сақтау принциптері оны ұтымды пайдаланудан тұруы керек деп санайды. Екіншіден, тасқын мен еріген суларды жинау, тау жоталарында су қоймаларын құру қолға алынуы керек. Бұл ретте ол су мәселесін сәтті шеше білген Израиль, Аустралия, Кипр, Ұлыбритания сияқты елдердің тәжірибесіне назар аударған жөн деген пікірде. Дәл жаңағы айтқанымыздай, тасқын суынан бастап, жауын суын да тиімді пайдалануды аталған елдер әлдеқашан қолға алған.
Қорыта айтқанда, республикадағы су ресурстарының қорлары туралы нақты ақпараттың жоғы біраз проблемаға себеп болып отыр. Мысалы, көптеген ауылды ауызсумен қамту үшін қыруар қаржы бөлініп, скважиналар бұрғыланып, блок-модульдерді орнатылғанымен, онда бекітілген жерасты су қорларының жеткіліксіздігі байқалады. Жерасты су қорының мониторингі жүргізілмейтіні өз алдына, бірқатар су қоймасында, тіпті гидрологиялық бекеттерде, тұщы су көздерінде гидрологиялық посттар жоқ. Соның салдарынан салада білікті мамандар да азайып барады. Қалай болғанда да, Қазақстандағы тұщы жерасты суларының бірегей кен орындарының қорын қайта бағалау өте өзекті мәселе болып отыр.