Бұрын ҰБТ ата-ана мен түлек үшін біркүндік үлкен төңкеріс болса, қазір жағдай өзгерген. Былтырдан бастап еліміздегі барлық мектеп бітірушілер электронды форматта тестілеуден өтіп жатыр. Осылайша, ҰБТ тапсыру әділдік пен тәртіпке біртабан жақындай түсіпті. Сынақ тапсырушылардың жағдайын білу үшін елордадағы тестілеу пункті орналасқан Тәуелсіздік сарайына барып қайттық.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің атмосферасы алыстан аңғарылады. Есік алдына жиылған түлектер мен арасындағы санаулы ата-ананың бейнесі де анадайдан менмұндалап көзге көрінді. Түлектердің бірі тесті ойдағыдай тапсырып, қуанып шықса, енді бірінің жанары жасқа шыланған. Иә, 11 жыл оқыған біліміңді қорытындылап, үлкен өмірге жолдама алу кім-кімге де оңай емес. Бірақ былтырғы жаңа өзгерістерден кейін ҰБТ тапсырудың өзіндік мәдениеті қалыптасқандай. Топырлаған ата-ана мен артық адамдардың қарасы азайған. Тесті мектеп болып тапсырып жатқандар жоқ. Әр түлек жеке-дара таңдау жасап, өздеріне ыңғайлы күнді таңдап алыпты. Бірінші болып пікір білдірген №55 мектептің түлегі Дәурен Өміржанұлының айтуынша, іште бақылау қатал. Бір емес, екі камера тест тапсырушылардың әр қимылын қадағалап тұр. Сондықтан «шпаргалкадан» көшіру де, телефон қолдану да мүмкін емес.
– Мен шығармашылық емтиханға дайындалып жүрмін. Сол үшін тек Қазақстан тарихы мен оқу сауаттылығынан тест тапсырдым. Барлығы 35 сұрақтың 24 балына дұрыс жауап беріппін. Дайындалған сұрақтарым келген жоқ. Болашақта денешынықтыру пәнінің мұғалімі болғым келеді. Шығармашылық емтихан тапсыратындарға 1 сағат қана уақыт берді,– дейді Дәурен Өміржанұлы.
Қазір мемлекеттік гранттың конкурсына қатысу үшін түлектер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Қайсысында балы жоғары болса, конкурсқа сол балды ұсынады. №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің түлегі Тәңірберген Жақсылық бірінші мүмкіндігінен 83 балл жинады. Енді маусым айының аяғында екінші мүмкіндігін тапсырып, бұдан да жақсы ұпай алуды ойлап отыр.
– Физика-математика пәнін таңдадым. Сұрақтар қиындау болды. Бірақ мен дайындалған жоқпын. Білетінімді белгілеп шықтым. Ақпараттық жүйелер мамандығын таңдағандықтан, грантқа жетіп қалатын шығармын деп үміттенемін. Бақылаушылар барлығын тексеріп кіргізді. Жан-жағымызда камера. Сондықтан көшіремін деу мүмкін емес,– дейді Тәңірберген Жақсылық.
Ресми мәлімет бойынша, негізгі ҰБТ басталғаннан бері 90 мыңнан астам талапкер тест тапсырған. Оның ішінде түлектердің 74,7%-ы – қазақ тілінде, 25,2%-ы – орыс тілінде, 0,1%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ басталғалы шекті балды 67%-ға жуық талапкер жинаған. Ал орташа ұпай 65 балды құрап отыр. Біз тілдескен түлектердің көпшілігі физика, математика пәндерін таңдапты. Бұл елімізде техникалық мамандықтарға деген сұраныстың артқанын дәлелдегендей. Дегенмен ҰБТ тапсырып, жоғары балл жинап қиналғанша, яғни миллиондап ақша төлеп ақылы оқығанша шетелде оқиын дейтін жастар да кездесті. Солардың бірі – №37 мектептің түлегі Береке Асанов. Оның айтуынша, ҰБТ өмірдің соңы емес.
– ҰБТ ойдағыдай өтті деп айта алмаймын. Бірақ көңіл күйім керемет. Физика-математика пәнін таңдап 65 балл алдым. Берілген уақытты толық пайдаланбадым. Бар-жоғы бір жарым сағат тапсырдым. Қазір Польшаға оқуға тапсырып жатырмын. Ол жақта оқу біздің елдегі оқуға қарағанда әлдеқайда арзан. Компьютерлік инженерия мамандығын таңдадым,– дейді Береке Асанов.
Бір жылдары ҰБТ-ның сұрақтарына қатысты ата-аналар мен түлектердің арыз-шағымы көп болған еді. Абылай ханның шапанының қанша түймесі бар екенін, Роза Рымбаеваның концертте киген көйлегінің түсі қандай болғанын сұраған жағдайлар кездескен. Биыл мұндай мәселе туындамапты. Дегенмен түлектердің айтуынша, кейбір пәндерден келетін сұрақтардың базасы жаңарып кеткен. Айта кетейік, талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тест тапсырушының жеке кабинетінде қолжетімді болады.
–Биылғы түлектер келетін сұрақтың мазмұнын да білмей тапсырып жатыр. Себебі тест орталығындағы ақылы тесттер базасы жаңартылмады. Тек нақты тапсыратын тест жаңартылған. Қанша дайындалса да, көп түлек негізгі тесттен төмен нәтиже алуда, – дейді елордалық мұғалім Әсем Алматова.
Мұны тест тапсырушылардың ата-аналары да растап отыр. Үйде көңілі жай таппай, қызымен бірге тестілеу пунктінің алдына келген Ләззат Төлеубаеваның айтуынша, ҰБТ-ның жаңа форматы көңілінен шықпаған. Себебі бала психологиялық тұрғыда бақылау қиындаған сайын тез сынып қалады.
– Шығып жатқан түлектердің барлығы сұрақтардың қиындағанын, базаның өзгеріп кеткенін айтып жатыр. Қызым химия, биология пәнін таңдады. Қазір ата-аналардың ҰБТ тапсырып жатқан жерге келуіне тыйым салынған. Бірақ мен қызыма және оның құрбыларына қолдау білдірейін деп жандарына келдім, – дейді Ләззат Төлеубаева.
Бағына емес, бабына байланысты
Тест тапсыру қиындады, бақылау күшейді десе де, айласын асырмақшы болған талапкерлер де кездесіп жатыр. Айталық, бүгінде 119 талапкер смартфон, «шпаргалка» және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 118 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылыпты. Былтыр талапкерлердің атын жамылып, тестілеуге кірмекші болған бөгде адамдар анықталған еді. Соған байланысты биыл ҰБТ-ға кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылуда: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Яғни, тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтіп жатыр. Егер бұған дейін тестілеу процесін әр компьютердің жоғарғы жағынан бақылап отыратын бір камера ғана болса, енді тестіленушінің жеке басын сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (фронталды) камера орнатылған.
– Былтыр Face ID жүйесі мен бақылауды күшейтудің нәтижесінде бөгде адамдарды кіргізуге тырысқан 18 жағдай анықталды. Биыл біз алғаш рет бөгде адамдарды кіргізуге тырысқан бір ғана фактіні тіркедік. ҰБТ-ның үшінші аптасында қатысушы өзінің орнына басқа тұлғаны жіберген. ҰБТ-ға кіргізу барысында Face ID жеке басын сәйкестендіру жүйесі бөгде адамды анықтады. Тиісті іс-шаралар қабылданды, тестіленуші мен тестілеуге кіруге талпынған бөгде тұлға бойынша дерек құқық қорғау органдарына жіберіледі, – дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Сондай-ақ биыл алғаш рет академиялық адалдықты сақтау мақсатында талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланды. Яғни, ҰБТ-ның әрбір қатысушысына жеке тест нұсқасы беріледі. Ережелерді бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға талпынған жағдайда Ұлттық тестілеу орталығы ереже бұзушыларды анықтап, олардың нәтижесін жояды. Руслан Емелбаевтың айтуынша, наурыз айында 9 оқушы тест сұрақтарын суретке түсіріп, әлеуметтік желіге таратып жіберген.
– Шыны керек, тестілеуді оңай тапсыру үшін кейбір тестіленушілер әртүрлі қулыққа баруға дайын. Бірақ біздің жүйені ешкім алдай алмайды. Наурыз айында 9 тестіленуші тест сұрақтарын суретке түсіріп, оларды Telegram арналарға таратқан. Бұл мәселені 2 ай бойы толығымен зерттеп, қызметтік тексеріс жүргіздік,– дейді Руслан Емелбаев.
Ішкі тексерістің нәтижесінде 9 тестіленушінің нәтижесі жойылып, 3 қызметші жұмыстан босатылған. Ал негізгі ҰБТ-да мұндай жағдай әлі болмапты. Ұлттық тестілеу орталығының директоры WhatsApp нөмірін ашық жариялағаннан бері халықпен тығыз байланыс орнатқан. Кейбір ереже бұзу туралы ақпаратты тестіленушілердің өздері хабарлап отырады екен. Сондай-ақ егер тест тапсырушы бірінші мүмкіндігінде тыйым салынған затпен кіруге талпынса немесе тестілеуде ұсталатын болса, онда ол екінші мүмкіндігін қолдана алмайды. Ал дәл осы жағдай екінші мүмкіндікте болса, онда бірінші мүмкіндігінің нәтижелері жойылып, грант конкурсына қатыса алмайды. Яғни, екі мүмкіндікті пайдаланудың да өзінің ережелері бар.
140 балл алған талапкер жоқ
Жалпы, негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Ал ҰБТ басталғалы бері 140 балл жинаған түлек жоқ. Әзірге 139 балл жинаған екі талапкер ғана тіркелді. Дәл қазір Ұлттық тестілеу орталығы 100-ден асқан, яғни жоғары балл жинаған талапкерлердің бейнежазбасын қосымша тексерістен өткізіп жатыр. Ереже бұзған жағдайлар тіркелсе, түлектердің барлық нәтижесі жойылады.
Биыл ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Сонымен қатар олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тест тапсырушылар саны артып келеді. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл үш апта ішінде тестілеуге ерекше білім беру қажеттілігі бар 310 бала қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 16 мамырда басталып, 2022 жылғы 5 шілдеге дейін жалғасады. Бұл ретте талапкерлер тестілеу орны мен уақытын өздері таңдайды.