ҰБТ-дан 139 балл жинаған екі талапкердің нәтижесі жойылды

ҰБТ-дан 139 балл жинаған екі талапкердің нәтижесі жойылды 1

Биылғы ҰБТ басталғалы бері 139 балл жинаған екі талапкер тіркелді. Дегенмен қайта тексеру кезінде аталған оқушылардың ереже бұзғаны белгілі болды.

Бұл жайында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев хабардар етті.

«Сіздер ҰБТ-да өз біліміңізбен жоғары ұпай жинасаңыздар, біз қатты қуанамыз. Бірақ академиялық адалдық қағидаларын сақтамай, оңай тапсыру жолдарына жүгінетін талапкерлер бар. Сондықтан сіздерге қуанышты жаңалықты айтар алдында қосымша тексеріс жүргізуді жөн көрдік. Өкінішке қарай, талапкерлердің бейнежазбасын қайта тексеру барысында ереже бұзу фактілері анықталды. Тиісті шаралар қолданып, тестіленушілердің ұпайын жойдық» дейді Руслан Емелбаев Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, академиялық адалдық бәрінен жоғары тұруы тиіс.

«Өзіңізді де, өзгелерді де алдаудың қажеті жоқ. Ең дұрысы армандарыңызға адал жолмен жетіңіздер. ҰБТ-да терең білімінің арқасында 140 балл жинайтын тест тапсырушы табылады деп сенеміз. Ол дәл сіз болуыңыз мүмкін, біз сізді күтеміз. Менің жеке нөмірім ашық жарияланған, Сіздер әлеуметтік желілерде жазып жатқан әр хабарламаны оқимын. Осыған дейін жазғанымдай, дәл қазір біз 100-ден аса ерекше жоғары балл (20+ балдан 90+ балға дейін) жинаған талапкерлердің бейнежазбасын қосымша тексерістен өткізіп жатырмыз. Ереже бұзушылықтың арқасында қол жеткен бүкіл нәтиже жойылады» деп атап өтті орталық директоры.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.