Қайта түлеген ұлттық құрама

Қайта түлеген ұлттық құрама

Мұнша көп көк Туды бұрын-соңды «Астана Аренадан» көргендер кем де кем. Иә, 13 маусым күні Қазақстан мен Словакия арасындағы кездесу көптің есінде қалды. Себебі ұлттық құрама тарихында 55- жеңісіне қол жеткізді. Оған қоса, Ұлттар лигасы аясында төрт ойын қатарынан жеңіліссіз серияны жалғап, словактардан басым түсті. Төрт ойын – он ұпай Ұлттық құраманың Ұлттар лигасындағы ойынын көрген жанкүйердің жаны кірді, білем. Өйткені бұл сәтті ойыншы да, жанкүйер де ұзақ күтті. Лық толы стадион, көк Ту астындағы қошемет, төрт ойын – он ұпай. Қазақстан құрамасы С дивизионының 3 тобына түскенде, Словакия фавориттер көшін бастаған-ды. Айналдырған бір аптаның ішінде жігіттердің аталған ел құрамасын екі рет жеңетінін кім білген?! Қазақстандықтар 7 маусым күні Трнавада өткен ойында 1:0 есебімен жеңіске жетсе, күні кешегі нәтиже – 2:1. Елордада тартысты ойын өтері белгілі еді. Себебі бір апта бұрынғы кездесуден кейін Словакия құрамасының бас бапкері ауысқан-ды. Оларға есені қайтару керек болса, қазақстандықтарға топтағы бірінші орынды сақтау қажет еді. Стадиондағы атмосфераның әсері ме, алаң иелері үзіліске дейін екі гол соқты. 18-минутта Ян Ворогов­ский қақпаны дәл көздесе, 39-минутта Елхан Астанов баспен дәл соққы жасап, есепті еселеді. Үзілістен кейін есепті қысқар­туды мақсат еткен словакиялықтар 51-ми­нутта діттегеніне жетті. Алайда Қазақстан құрамасы соңына дейін басымдықты сақтап қала алды. Осы тұста қақпашы Шацкийдің ең­бе­гін айта кеткен жөн. Өйткені ойын барысында жанкүйер Шацкий жасаған сейв санынан шатасты. Осылайша, ел құрамасы С-3 тобында бірінші орында тұр. Тарихта қалатын нәтиже Спорт журналисі Бек Төлеуовтің айтуынша, биыл Ұлттар лигасында сенсация көп. Мәселен, осыған дейін бұл турнирді жеңген Франция төрт ойынның біреуінде ұта алмаған. «Ұлттар лигасының биылғы өткізу уақы­ты Қазақстан үшін тиімді болды. Еуропада футбол маусымы аяқталды. Көптеген құрама ойыншылары шаршаңқы. Демалысқа шығуды күтіп жүр. Ал бізде керісінше фут­бол маусымы қызып тұр. Осы ретте Қазақ­стан­­ның 4 матчта 10 ұпай жинайтынын, шыны керек, күткен жоқпын. Бұған ешкім де сенген жоқ. Бәлкім, бұл қазақ футболын­дағы жаңа парақтың ашылуына әсер етер. Әрине, қуа­ныш­тымын. Біздің елде мұндай қуанышты сәттер көп бола бермейді. Әзірге осы сәттен ләззат алып, жігіттерге алғыс айтуымыз керек. Енді қыркүйекте Беларусь құрамасын өз жерімізде жеңіп, топтан шығу мәселесіне ден қойған дұрыс», – дейді ол. Расымен, аталған лига басталғалы қар­сы­лас қақпасына 6 гол соғып, 2 гол жібердік. Бұған бас бапкер Магомед Адиевтің де қосқан үлесін айта кеткен жөн. Ол тізгінді алғалы бері жастар сенім артты. Мәселен, Рамазан Оразов, Михаил Габышев, Аслан Дарабаев, Елхан Астанов, Тимур Досмағам­бетовтер негізгі құрамнан көрініп жүр. Сондай-ақ ұлттық құрама футболшыларын тек Премьер-лига көшбасшыларының арасынан таңдамай, басқа да саңлақтарға жол ашылғаны білініп-ақ тұр. Олай деуімізге «Ордабасының» жартылай қорғаушысы Елхан Астановтың ойын барысында алаң­ның кез келген бұрышынан табылып, сенім­мен ойнағаны дәлел. «Әрине, бапкердің ұлттық құрамаға өзгеріс әкелгені анық. Командалық рухтың бар екені, ойыншылар алаңда соңғы демі қалғанша тырмысып жүргенін байқадық. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы уақытта құра­ма­мызға жетпей жүрген сенімділік те пайда болған. Футболшыларымыз психологиялық барьерден өтіп, өздеріне сене түскен. Ұлттық құраманың бұл нәтижесі – Қазақстан футболының тарихында қалатыны сөзсіз», – дейді спорт журналисі Айбар Рысдәулет. Меже – Еуропа  чемпионаты Адиевтің жұмысын жоққа шығармаған дұрыс. Алайда Талғат Байсуфиновтің де еңбегіне көз жұмбау керек. Өйткені бұл жеңіс «Байсуфинов багажымен» келгені тағы бар. Яғни, бұрынғы бапкер тактикасы мен Адиев шешімі микс жасап тұр. Мәселен, спорт сарапшысы Бек Төлеуовтің айтуынша, Словакияға қарсы ойында Аслан Дарабаев, Елхан Астанов, Рамазан Оразовтың қысқа пас алмасу арқылы нәтиже шығаруы – Байсуфиновтің кезінен бар нәрсе. Украина қақпасына соққан Мұжықовтың голы да осыған ұқсас. Иә, алда шешуші екі ойын бар. Бірі – Беларуське, екіншісі – Әзербайжанға қарсы матч. Спорт журналисі Айбар Рысдәулеттің пікірінше, Словакия мен Әзербайжан өз мүмкіндігін соңына дейін пайдалануға тырысады. «Бізден бөлек, С дивизионында өзге үш топ бар. Қазір ол жақта Грекия, Түркия және Грузия көш бастап тұр. Олардың әрқайсысы мықты. Ұлттық құра­ма­мызға соңына дейін сенеміз. В дивизионы­на шығып, 2024 жылғы Еуропа чемпио­натының жолдамасын сарапқа салатын плей-оффқа қатысуына тілекшіміз», – дейді ол. Осы орайда, спорт сарапшысы Айдос Рымқұлдан алдағы екі ойынға болжам жасауын сұрадық. Ұлттар лигасының алдағы мачтары қыркүйек айында өтерін ескерсек, болжам жасау қиын екені белгілі. Алайда сарапшы: «Болжам жасау қиын. Себебі 2-3 айдан соң құраманың қандай деңгейде болатыны белгісіз. Зайнутдинов бастаған лидерлеріміз жарақатынан айығып, көмекке келіп жатса, Қазақстан құрамасы Беларусьты екі доп айырмасымен ұтады деп ойлаймын. Соңғы ойын Әзербайжанмен шешуші болмауы мүмкін. Сондықтан ол ойында Әзербайжан жеңеді деп ойлаймын. Құраманың қазіргі бабына қарай әзірге болжамым осындай. Алда не боларын уақытында көрерміз», – дейді Айдос Рымқұл. Егер ұлттық құрама С дивизионын бірінші орынмен аяқтаса, В дивизионына өтеді. Жоғарыда аталғандай, ол топта мықты қарсыластар күтіп тұр. Дивизиондар жоғарыл­аған сайын тартыс қыза түсері анық. Оның үстіне, Еуропа чемпионатында доп тебуге мүмкіндік туса, жанкүйерлердің қуанышында шек болмас еді. Статистикаға көз жүгіртсек, Қазақстан құрамасы ең көп ұпайға әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде қол жеткізген екен (2001 жыл, 14 ұпай). Демек, алда осы бір тарихи цифрды түзеуге мүмкіндік бар. Бұдан бұрын футбол атмосферасы талайды тәнті етіп, біріктіретінін ұмытпағанымыз жөн. Сло­вакиямен ойын алдында стадион маңындағы кептелістің өзі көз қуантады. Өйткені осы жеңіс ҚФФ-ның инфра­құрылымда жіберген қателігін сәл де болса ұмыттырғандай әсер қалдырады. Матчты алаңнан не теледи­дардан көрген балалар Астановтай доп тебуді армандағаны анық. Сондықтан атқамінерлер елдегі стадиондардың сиқына қарап, балалар мен жасөспірімдер арасын­дағы спорттың мүшкіл халін ескерсе дейміз.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ