«АрселорМиттал Теміртау» шахтасында кейінгі 10 жыл ішінде 41 адам зардап шегіп, 20-дан астам апат болған. Ал 16 жыл ішінде аталған шахтадағы апат салдарынан қаза тапқандардың жалпы саны – 109. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында айтты.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да төрт отандасымыз қаза тапты. Оның алдында болған «Абай» шахтасындағы топтық жазатайым оқиға бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ. Металлургия комбинатының өндірістік кешенін және көмір шахтасын тиісті жағдайда ұстау жөніндегі іс-шараларды толық қаржыландырмағандықтан, өндірістік апат болды. Еңбек қауіпсіздігі жөніндегі іс-шаралар орындалмайды. Кадр саясаты дұрыс жүргізілмеген. Кәсіпорында шетелдік және отандық қызметкерлер арасында жалақы теңсіздігі бар. Сонымен қатар жазатайым оқиға мен жарақаттану жағдайын тергегеннен кейін де инженерлік-техникалық қызметкерлер соңғы орында қалып отыр. Кәсіпорынның бірінші басшылары асыраушысынан айырылған отбасының алдында моральдық жауапкершілік сезбейді. Тек өтемақы төлеумен шектеледі», – деді Ерлан Саиров.Депутаттың айтуынша, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өндірістік кешеніне жүргізілген техникалық аудиттің қорытындысы Парламент Мәжілісіне және көпшілікке жариялануы тиіс.
«Жүргізілген аудит негізінде комбинаттың апатсыз жұмысын қамтамасыз ету үшін инвестиция көлемін анықтау және Л.Миттал мырзадан кәсіпорынның өндірістік базасын қалпына келтіруді талап етеміз. Адам өлімімен аяқталған апаттың жиілеп кеткені үшін кәсіпорынның бірінші басшылары жауапқа тартылуы тиіс», – деді Мәжіліс депутаты.