Ұлттық құрылтайда Мұхтар Шахановқа Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Бұл туралы тиісті Жарлық Ақордада жарияланды.
«Қазақ әдебиетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін жазушы Мұхтар Шахановқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын», – делінген Жарлық мәтінінде.Мемлекет басшысы еліміздің ең жоғары марапатын ақынға Ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсыруды ұйғарғанын айтты.
«Қадірлі ағайын, Құрылтайды барша жұртымыз үшін жағымды жаңалықпен аяқтағым келіп отыр. Кеше даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенін білесіздер. Ол – Әнұранымыздың авторы, Ұлт руханиятында ерекше орны бар аса көрнекті тұлға. Біртуар сазгерге құрмет көрсету – перзенттік парызымыз. Шәмшіні халқымыз «Қазақ вальсінің королі» деп қадірлейді. Шәмшінің әндері қашан да халықтың жүрегінде, ешқашан құндылығын жоймайды. Оның ақын Мұхтар Шахановпен бірлесіп жазған әндері елге кеңінен танымал. Әйгілі композитор мен атақты ақынның достығы – барша жұртқа үлгі. Жақында Шәмшінің іні-досы Мұхтар Шаханов 80 жасқа толады. Оның шығармашылық еңбегі құрметке лайық. Ол – өте шыншыл, адал, ұлтжанды адам. Мен бүгін Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға Ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырғанды жөн көрдім», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.