Бюджет қаржысы – халық қажетіне

бюджет Сенат

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Үкіметтің және Есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін, сондай-ақ бірқатар заң жобаларын қарады.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынымы бойынша Жоғарғы Сот­тың судьяларын сайлау туралы бол­ды. Депутаттардың дауыс беру нә­ти­жесінде Досжан Әмір мен Қамбар Нұрышев Жоғарғы Сот судьялары қызметіне сайланды.

Сонымен қатар сенаторлар «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне электр энер­гети­касы, энергия үнемдеу және энер­гия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік бас­қару және мемлекеттік шекара мә­селелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады. Нәтижесінде, Сенат депутаттары заң жобасына бірқатар түзетулер енгізіп, оны Мәжіліске қайтарды.

Нақты айтқанда, сенаторлар көппәтерлі тұрғын үйлерді кондоминиум ны­санын басқарудың жаңа тәсіліне кө­шіру мерзімін 2023 жылдың 1 шілде­сіне дейін ұзартуды ұсынды. Одан бө­л­ек, Палата депутаттары Алматы қа­ла­сын дамыту мәселесіне назар аударып, жылжымайтын мүлікті ресімдеу мәселелерін қарау жөніндегі комиссияның қызметі мен құзыреті туралы нормаларды нақтылау қажет еке­нін жеткізді. Сенат енгізген түзетулердің қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдық-құқықтық нысанын өз­гертуге, оның негізгі өкілеттіктерін ай­қындауға, «Ұлттық ғылым академиясының академигі» ұғымын бекітуге жә­не академиктерге зейнеткерлік жас­қа жеткеннен кейін өмір бойы ай сайын­ғы стипендия белгілеуге қатысты ұсыныстар бар. Бұл нормаларды «Ғылым туралы» заңда нақты көрсету ұсынылды.

Сондай-ақ сенаторлар Үкіметтің және Есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдады.

Отырыс барысында жалпы былтыр рес­публикалық бюджеттің негізгі параметрлері орындалғаны атап өтілді. Дегенмен депутаттар бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін одан әрі жақ­сарту мәселесіне тоқталып, халық­тың әл-ауқатын арттыруға кері әсер ете­тін бірқатар маңызды және жүйелі мәселеге назар аударды.

Сенат Төрағасы мемлекет қаржысын жұмсаудың тиімділігін арттыру аса маңызды екенін атап өтті.

«Жаңа кезеңде мемлекет қаржысын жұмсаудың және республикалық бюджетті орындаудың тиімділігін арт­тыруы­­мыз қажет. Осы бағытта жаңа ұс­та­­ным­дар мен принциптер керек», – деді Палата Төрағасы.

Бұдан басқа, ол еліміздің алдында тұр­ған маңызды міндеттердің бірі өңір­лердің дамуын жаңа деңгейге көтеру екенін айтты.

«Облыстарда инфрақұрылымды жетілдіру, коммуникацияларды жаңар­ту, әлеуметтік нысандар салу, тұрақ­ты жұмыс орындарын ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру бағыттары бойынша ауқымды жұмыс атқарылуға тиіс. Конституциялық өзгеріс­тердің аясында Сенат өңірлердің мәселелерін қарастыратын негізгі инс­титут ретінде анықталды. Алдағы уа­қытта осы бағытта Үкіметпен бірле­сіп, нәтижелі жұмыс істейміз деп се­не­міз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, 2021 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есеп 2022 жылғы 20 маусымда өтетін Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қаралып, қорытындыланады.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.