«Mıras»-та мәнді мәселелер қаралды
«Mıras»-та мәнді мәселелер қаралды
386
оқылды
«AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «Miras» аймақтық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынның күн тәр­тібінде ақын-жазушы­лар­ды қолдауға бағытталған «Абай әлемі» кітаптар топта­масын жарыққа шығару бойын­ша биылғы жұмыс жос­­пары және өңірдегі құс­бе­­гілер мәселесі талқы­лан­ды. Жиында ШҚО Мәдениет, Білім, сондай-ақ Дене шынық­тыру және спорт басқармаларының соңғы үш айда атқарған жұмыстары жөнінде есептері тыңдалды.
– «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Абай әлемі» кітаптар топтамасын жарыққа шығару 2018 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Жоба басталған уақыттан бері 69 атаулы кітап 152 189 данамен басылып шықты. Жарық көрген кітаптар облыстағы кітап­ханаларға таратылды. Оның ішінде 17 ауылдық кітапханаға 75 300 дана кітап берілді. Былтырғы басылым ел тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына арналды. Онда өңір қаламгерлерінің 18 кітабы 9 000 данамен басылып шықты. Биыл­ғы жобаны жүзеге асыру мақсатында 30 млн теңге сомасында бюджеттік қаражат көзделген. Аталған жоба аясында 12 автордың 13 кітабын – барлығы 6 500 дана кітап шығару жоспарланған, – деді ШҚО Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Әшімханқызы.
Бұдан соң облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының құсбегілікті қолдау бойынша атқарып жатқан жұмысын баяндаған ведомство өкілі Фархад Әнуарбекұлы бүркітшілер байқауын ұйымдастыру ісіне кеңірек тоқталды.
– Бүркітшілікті дамыту мақсатында ШҚО-да облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстар өткізіледі. Былтыр 26 ақпан мен 3 наурыз аралығында Өскеменде бүркітшілер арасында ел чемпионаты ұйымдастырылды. Жарысқа республиканың 12 облысынан спортшылар қатыс­ты. Сайыс қорытындысы бойынша ШҚО құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды. Осы жылы да біз облыс көлемінде бүркітшілер чемпионатын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді басқарманың Дене шынықтыру бөлімінің басшысы.
Отырыс соңында сөз алған кеңес мүшелері ұлттық спортты қолдауға арналған игі бастаманы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу қажеттігін айтты. Сонымен қатар облыстық Мәдениет басқармасына өңірдегі жас ақын-жазушылармен жүйелі жұмыс істеп, олар­ға қолдау көрсету қажет еке­нін атап өтті.

Азат ҚАЗАҚ