Елімізде алдағы жарты жылда электр энергиясы тағы қымбаттайтын болды. Бұл жөнінде Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың өзі ескертіп отыр. Оның айтуынша, тарифті өзгертудің негізгі үш себебі бар. Пайда көру үшін емес Тоқ бағасының өсуінің ең бірінші себебі – энергетика саласына арналған көмірдің қымбаттауы. Екіншіден, логистикалық шығындар артып кеткен. Үшінші себеп – энергоұйымдардың қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру мәжбүрлігі туындап отыр. «Бұл қадамға электр стансаларының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін барамақпыз. Өкінішке қарай, бұл салада тым төменгі еңбекақы деңгейі сақталып отыр. Сондықтан да білікті кадрлар ұзақ тұрақтамайды. Тіпті, біз ондай кадрлардан айырылып қалып отырмыз. Энергия өндіретін компаниялардың табысын арттыру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Сондықтан да оны қарастырып отырған жоқпыз», – дейді Болат Ақшолақов. Жалпы, соңғы үш жыл бойы елімізде электр тарифі 7-9 пайыз аралығында қымбаттап отырған. Мәселен, биылғы мамыр айына дейін бұл көрсеткіш 8,7 пайызды құраған. Былтыр 7 пайыз болыпты. Ал енді 2022 жылы оның нақты қандай диапазон аралығында болатынын тап басып министрдің өзі де айта алмай отыр. Сондықтан да мұндағы бағақұрауды еліміздегі энергия өндіретін 47 топтың қамту аясындағы нарық шешуі мүмкін. Бұлардың ішіндегі 1 кВт/сағатқа шектік тарифтері ең қымбаттары «Sagat Energy» ЖШС – 15,04 теңге, «Атырау ЖЭО» АҚ – 13,24, «Ақтөбе рельс зауыты» ЖШС – 13,05 теңге, «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС – 13,04 теңге және «Риддер ЖЭО» АҚ – 12,68 теңге. Мамыр айындағы мәлімет бойынша, халыққа арналған тариф электр плитасын қолданатын бөлігі үшін 100 кВт/сағатқа І деңгейде – 1456 теңге, ІІ деңгейде – 1891 теңге және ІІІ деңгейде – 2354 теңге. Ал электр плитасын қолданбайтын бөлігі үшін 1479, 1907 және 2376 теңге болған. Биылғы алғашқы төрт айда елімізде 40 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндіріліпті. Бұл 2021 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 0,4 пайызға аз. Өңірлер бойынша алар болсақ, өндірілген энергияның 42,6 пайызы немесе 17 млрд кВт/сағаты Павлодар облысына тиесілі. Одан кейінгі орындарда Қарағанды (4,8 млрд кВт/сағат), Шығыс Қазақстан (3,1 млрд кВт/сағат) және Атырау (2,8 млрд кВт/сағат) облыстары. Сонымен бірге елімізде электр энергиясын тұтыну да жылдан-жылға артып келеді. 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында ол 1,3 пайызға өсіп, 30,4 млрд кВт/сағат құраған. Түсіністікпен қарауға шақырады Еліміздің электр энергетикасы саласы кешенді жаңғыртуға мәжбүр. Өйткені мұндағы тозу үлесі тым көп болып тұр. Әр өңірде әртүрлі десек те, мәселен инфрақұрылымдар мен жабдықтардың ескіруі Қарағанды облысында 91 пайыз, Батыс Қазақстан облысында 82 пайызға дейін жеткен. Бұл мәселені шешудің түрлі жолдарын қарастырғанымен, Үкімет тозығы жеткен салаға инвестор тартудың қиындығынан тариф саясатына қайта оралуға мәжбүр. «Тарифті өсіру мәселесі халыққа қатты әсер ететінін білемін. Бірақ біз бұған түсіністікпен қарағанымыз жөн. Өйткені бұл мемлекет тарапынан мәжбүрліктен қолға алынған шара. Егер өздеріңіз байқаған болсаңыздар, соңғы жылдары елімізде электр энергиясының тапшылығы қатты сезілді. Оның бірнеше себебі бар. Алайда басты себебі – энергия өндіруші және таратушы жабдықтардың дайын еместігі немесе нашар дайындалғаны. Себебі құзіретті органдардың бекітіп берген шектік тарифтері тым төмен болғандықтан, олар қондырғылар мен жабдықтарды жаңалауға немесе қайта жаңғыртуға жетпейді. Сондықтан да мен тарифті өсіруді дұрыс деп санаймын», – дейді ҚР Еңбек сіңірген энергетигі, Haırýshev energy телеграм каналының авторы Жақып Хайрушев. Оның айтуынша, осыдан он жыл бұрынғы бастама – инвестицияға айырбас тариф енгізу мәселесіне қайта оралу керек. Соның арқасында электр энергетикасы саласын жаңалаудың мүмкіндігі туған еді. Бір мысал – Екібастұз ГРЭС-1 осыдан 10-15 жыл бұрын күрделі жөндеуді қажет ететіндіктен, ал оған қаражат жоқтықтан өзінің 8 блоктың режимінің тек 2-3 блогында ғана жұмыс істеп тұрған болатын. Сол кезде Энергетика министрлігі батыл қадамдарға барып, «тариф-инвестиция» жобасын ұсынды. Осыдан соң ГРЭС-ке жан бітіп, екінші тынысы ашылды. Бүгінде ол 7 блоктық режимде жұмыс істеп, ел экономикасын тапшылықтан құтқарып тұр. «Темір дегеніміз мәңгі емес. Бізде ең ескі электр стансасына 63 жыл болды. Ал олардың пайдалану мерзімі 30-35 жыл десек, ол өзінің нормативтік мерзімін екі есе өтеп тастап отыр деуге болады. Мұндай нәтижеге энергетиктердің өз жұмысын ұқыпты атқара алғанының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Өйткені бүгінгі қолданыстағы жабдықтар мен қондырғылардың қосалқы бөлшектері бүгінде шықпайды, олар өндірістен алынып тасталған, стандарттары өзгеріп кеткен. Сондықтан оларды қосымша сызбалар жасап, тапсырыс беріп жасатуға мәжбүр. Тағы бір мәселе – бұл саладағы кәсіпорындар монополист болып табылатындықтан, оларға бейіндік саладан тысқары қызметтер көрсетуге тыйым салынған. Сондықтан да олар техникаларын пайдаланып үй құрылысын салуға, жол салуға, жер қазуға құқы жоқ. Тығырықтан шығудың енді бір жолы – дифференциалды тариф әдісін енгізу. Заңды тұлға мен жеке тұлға төлейтін коммуналдық ресурс ақысын теңестіруді көздейтін бұл жоба қазір екі-үш өңірде сынақтан өтіп жатыр. Егер тиімділігін көрсетсе, республика бойынша жүзеге асыру көзделуде», – дейді Жақып Хайрушев. Электр энергетика саласындағы персоналдың еңбекақысын өсіру – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Себебі мұндағы кадрлардың әлеуметтік жағдайын жақсарту дәл бүгінде кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Қазір электр өндіру, тарату кәсіпорындарында білікті кадрлар қалмаған. Өйткені мұндағы орташа айлық 100-120 мың теңгенің шамасында. Сондықтан да энергетик-маман мұндағы ең аз айлық 160 мыңнан төмен болмауы керек деп санайды. Сонда ғана біз бұл саланы жаңғыртуға бір қадам жасай аламыз. Тарифтерді субсидиялаған тиімді Тарифті өсіру бірінші кезекте ауылдықтарға қатты батады. Өйткені қалаға қарағанда мұндағы тариф екі есе қымбат болып келеді. Соның ішінде заңды тұлғаларға – қожалықтар мен шаруашылықтарға қиын. Энергетиктер мұны жеткізу шығынының артып кететінімен, тұтынушылар қарасының аздығымен түсіндіреді. Сондықтан да мемлекет бұл тұста субсидиялау жүйесін енгізуі қажет және бірінші кезекте ауылдар мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының коммуналдық шығындарын субсидиялауы тиіс. «500 мың халқы бар қала мен 300 шақырым жерде орналасқан 300 үйлі ауылға электр энергиясын жеткізу екі түрлі шығынды талап етеді. Оны түсінуге болады. Алайда осы жағдайды ескере отырып, мемлекет ауылға субсидия беруі керек. Тіпті, қалалардың жанындағы саяжайлар туралы да осыны айтуға болады. Электр энергиясын жеткізуші компаниялар оларды ауыл шаруышылығы кәсіпорындарының санатымен есепке алып, соған сәйкес тариф орнатады. Бірақ ол шалғайда емес, қаланың іргесінде, негізгі желінің бойында орналасқан ғой. Сондықтан бұл мәселені Үкімет қаперіне алуы тиіс», – дейді экономика ғылымдарының докторы Төлеутай Рақымбеков. Оның айтуынша, бағаны қымбаттатпай тұрып, бірінші кезекте электр энергиясына қойылатын тарифтердің құрамын тексеру керек. Өйткені мұнда делдалдар жоқ деп айта алмаймыз. Одан соң топ-менеджерлерінің айлығын, мінген көлігін, әкімшілік-материалдық шығындарын тексеріп, оңтайландыру керек. Мәселен, кішігірім энерго компаниясының басшысына жеке күзет компаниясын жалдау не үшін керек. Жалпы, бұл сала кешенді өзгерістерді қажет етеді. «Түнгі тарифті» қайта енгізу қажет Онсыз да жыл сайын қымбаттап келе жатқан электр тарифі қалтаға салмақ салған өңірдің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. «Севказэнергосбыт» ЖШС тоқ тарату қызметін көрсететін Шал ақын ауданында, мәселен, былтырғы 5 тамыздан бері бірнеше тариф қолданылады екен. Қарапайым халық үшін 1 кВт/сағат 12,42 теңге тұрады. «Бүгінгі коммуналдық шығындар ең бірінші кезекте жалғызбасты қарияларға қатты батады. Олар зейнетақысын ішер асы мен дәрісіне зорға жеткізіп отырғанда тарифтің қымбаттауы одан сайын салмақ болғалы тұр. Сондықтан да бұрындары «түнгі тариф» деген болатын. Сол зейнеткерлер үшін өте тиімді еді. Түнгі уақытта тамағымызды пісіріп, суымызды жинап, құрал-жабдықтарымызды қуаттап алатынбыз. 2017 жылдан бастап оны алып тастады. Ендеше, онсыз да қымбатшылық қысқан заманда біз секілді әлсіз жандардың жағдайын ойлап, сол тарифті қайтадан іске қосқан жөн деп санаймын», – дейді Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Лидия Нечупей. Зейнеткердің айтып отырған сөзінің жаны бар. Осыдан оншақты жыл бұрын әлеуметтік шиеленіске жол бермеу үшін және тарифтерді ұстап тұру үшін «түнгі тариф» әдісі енгізілген болатын. Қарапайым тұрғындар үшін заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелерге қарағанда екі есе аз тариф белгіленіп, оның негізгі салмағы түнде электр энергиясын пайдалана алмайтын мектеп, дүкен, асхана сынды тағы да басқа абономенттерге, тіпті түнде тоқ пайдаланбаған жеке тұлғаларға түсетін. Әрі ол тариф электр энергиясының өзіндік құнынан төмен болғандықтан, электрмен қамту ұйымдарын шығынға ұшыратты да, осылайша кейіннен алынып тасталды. Негізінен бұл ұсыныс Нұр-Сұлтан қаласында қыс сайын айтылып келеді. Бас шаһарды көк түтін қаптап, оның себебі жұрт үйін қолына түскен отынмен, түрлі қоқыс пластикпен немесе тез жанатын құрылыс материалдарымен жылытуға мәжбүр екені анықталғанда, оларға үйін электр энергиясымен арзан жылытуға мүмкіндік беру үшін «түнгі тарифті» қосу туралы сан рет мәселе көтерілді. Бірақ оны қала басшылығы да, Үкімет те құлағына ілген жоқ. Қалай болғанда да – биыл электр энергиясы қымбаттайтыны анық. Алайда ол тек өнеркәсіптік-экономикалық мәселе ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік те, экологиялық та салдары барына мемлекет түсіністікпен қарағаны абзал.