Жастар саясатының жаңа тынысы
Жастар саясатының жаңа тынысы
461
оқылды
Бәсекеге қабілетті біліммен қаруланған жастар – еліміздің болашағы. Маң­ғыстау облысында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жас буын­ды еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі жаңғыру үдерістеріне тарту, әлеуметтік белсенділігін арттыру бағытында бірқатар іс-шара ұйым­дастырылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сан түрлі саладағы жас­тармен еркін форматта кездесу өткізіп, жасампаз жобалар мен жаңа­шыл бастамаларға, озық идеялар мен ұтқыр ұсынымдарға құлақ түріп, жас­тарға көрсетілетін қолдау деңгейін жоғарылатуға ерекше мән берген еді. Маңғыстау облыстық Жастар ре­сурс­тық орталығының басшысы Абылай Фазылбек жастар саясаты өңір басшы­лы­ғының назарында екенін жеткізді.
– Биыл белсенді жас буын өкіл­дерінің бастамасымен үкіметтік емес ұйымдарға 5 мемлекеттік грант ұсыныл­ды. Бұл үшін Маңғыстаудың ынталы жастарын жан-жақты дамыту мақса­тында бюджеттен 75 миллион теңге бөлінді. Мемлекеттік грант аясында 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Грант иегері атанған үкіметтік емес ұйымдар жастарды кәсіпкерлікке баулу­мен, Маңғыстау жастарына ортақ ақпа­рат­тық алаң құрумен, жұмыссыз жастар­мен жұмыс жүргізумен, жастар театры­ның жұмысын үйлестірумен, сонымен қатар жастардың тәжірибе алмасуын ұйымдастырумен айналысады. Жастар­мен жұмыс жүргізу – Маңғыстау облыс­тық әкімдігі қызметінің басым бағыты. Грант аясында «Болашаққа сенім­мен» жастар лагерін, ауыл жастарына арналған «Ауыл кеші» мәдени жобасын, облыстық әлеуметтік идеялар байқауын, өңірлік дебат турнирін, облыстық старт­аптар байқауын және бірқатар зияткер­лік, ағартушылық және қоғамдық-мәдени жобаларды жүзеге асырмақ. Бұдан бөлек, жастар бастамаларына қолдау көрсету мақсатында 40 шағын грант беріледі. Сәйкесінше, биыл өңір­дегі жұмысшы жастар, студенттер, жас көшбасшылар, жас таланттарға қолдау көрсету мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылады, – деді Абылай Фазыл­бек.
Бұдан бөлек, өңірдегі жастар ара­сын­дағы мәселелерді егжейлі-тегжейлі зерттеу, жастардың қоғам дамуындағы рөлін анықтау, Жастар ресурстық орталықтары қызметінің тиімділігін арттыру және өңір жастарының әлеуетін көтеру де басты міндет. Аталған міндет­терді орындау мақсатында Маңғыстау облысындағы жастар саясатын дамыту­дың 2022-2023 жылға арналған кешенді жұмыс жоспары әзірленіп жатыр. Жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында облыс көлемінде «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын бастады. Жоба аясында 1 500-ге жуық маңғыстаулық жас қамтылады. Олардың басым бөлігін әлеуметтік жағынан аз қамтылған жасөспірімдер құрайды. Жыл басында алғаш рет Ақтау қаласының жастары кешкі уақытта орталықта бас қосуға арналған «Кешкі шай» жобасы жүзеге асырыла бастады. 400-ге жуық жас қатысқан жоба тоқсан сайын ұйымдастырылады. Дәстүрлі түрде наурыз айында орталықтың «Mangystau Nauryz Fest – 2022» жастар фестивалі өтіп, оның аясында 50-ге жуық мерген қатысқан садақ атудан облыстық ашық турнир ұйымдас­тырыл­ды. «Jastar Books» жобасы – қала тұрғын­дары мен қонақтарын, кітапсүйер оқыр­ман­дардың басын біріктірген шара. Мұнда кітап жәрмеңкесі, зияткерлік ойындар мен жас өнерпаздардың кеші ұйымдастырылды. Биыл өңірдегі жастар ұйымдарының қызметін жетілдіру, NEET санатындағы жастармен кешенді жұмыс жүргізу және жастардың бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету бойынша жұмыстарға да басымдық берілмек. «Осы мақсатта облыстағы NEET санатына жататын жастардың нақты саны анықталып, бірыңғай дерекқор жасақ­талып жатыр. Өңірде бұл санатқа жататын 10 мыңға жуық жас бар. Соны­мен қатар оларға арналған қоғамдық-мәдени, спорт­­тық, ағартушылық бағытындағы іс-шараларды ұйымдас­тыру жоспар­ланған. Іс-шаралардың бағытына сәйкес топ­тық немесе нақты жұмыс жүргізіледі.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ