Осы күндері Мексиканың Леон қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Әлемнің 39 елінен келген 200-ден аса спортшы бақ сынап жатқан бәсекеде зілтеміршілеріміз топ жарды. Әзірге Қазақстан қоржынында 9 алтын, 2 күміс, 6 қола медаль бар. Осы орайда құрама қоржынындағы алғашқы алтынды олжалаған Ерасыл Сәулебековпен сұхбаттасқан едік.– Ерасыл, күні кеше ғана әлем чемпионатыңда жеңіске жеттің. Әлем чемпионы атанғандағы әсерің қандай болды?
– Жеңіске жетіп, чемпион атанған сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Төбем көкке жеткендей болды. Әлемнің мықтылары жиналған ірі жарыс болған соң алдымызға үлкен мақсат қойып бардық. Міне, соған жетіп отырмыз. Әлі Мексикадамыз. Отандастарымыз құттықтап жатыр, баршаңызға рақмет.
– Қоссайыста 281 келіні бағындырдың. Бұл оңай емес екені белгілі. Айрықша күш-жігерді қажет ететін додаға қалай дайындалдың?
– Дайындық қиын болды. Көп жарақат алып, бел, аяқ ауырса да, шыдадық. Жаттығуды тоқтатпадық. Ең бастысы, жақсы нәтижеге жеттік.
– Жаттығу залында қанша уақытыңды өткізесің? Жаттыққан сәтте жеңіл салмақты бірінші көтересің бе әлде ауыр салмақтан бастаған ыңғайлы ма?
– Жаттығу залында ең аз дегенде 1 сағат уақытымды жұмсаймын. Негізі, көбіне 3 сағат жаттығамыз. Қыздырынып алып, аз салмақтан бастаймыз ғой.
– Жұлқа көтеруде 123 келіні, ал серпе көтеруде 158 келіні бағындырдың. Қайсысы қиын болды?
– Шынымды айтсам, екеуі де оңай емес. Алайда отандастарымның қолдауынан кейін қатты қиындықты сезінбедім.
– Сенің салмағыңда (67 келі) 9 спортшы әлем чемпионы атағына таласты. Алайда саған тең келер ешкім болмады. Жеңіске жетуіңе жаттықтырушыңның да үлесі мол. Бапкерің туралы біле отырсақ.
– Бапкерім – Айдар Ералиев. Бала кезімнен, 9 жыл бойы жаттықтырып келеді. Көптеген сынақта қасымнан табылды. Мұнымен қоса Жәнібек, Дима, Айбек ағайларымның көп көмегі тиді. Негізі, ауыр атлетикаға алғаш 6 жасымда Ақылбек деген ағам алып келген. Сол сәттен бастап осы спортты таңдадым. Үміті ақталған сәтте ағама да алғысымды білдірсем деймін.
– Қазір жасың нешеде?
– 2006 жылы өмірге келгенмін. Жасым 15-те. Әлі жаспын (күліп).
– Боксшылар жекпе-жек алдында салмақ қуып, көп тағамдардан тыйылуға мәжбүр болады. Ал сен қандай тағамдардан бас тартасың?
– Иә, спортшы болғасын, тамақтану тәртібіне мән беретіндер бар. Бірақ бізде мұндай қағида жоқ. Әр тамақ бізге күш береді. Сондықтан ешқандай шектеу қоймаймыз, тамақ талғамаймыз.
– Спортпен айналысып жүріп сабағыңнан қол үзіп қалатын кездер бола ма?
– Жоқ, сабағыма кедергі келтірмейді, бәрін қатар алып жүруге тырысамын. Енді кейде үлгермей қалатын кездерім болады. Өзім математика, Қазақстан тарихы пәндерін сүйіп оқимын.
– Спорттан бөлек, болашақта қандай да бір маман иесі болғың келетін шығар?
– Мүмкін. Бірақ ол жағын әлі ойланбадым. Қазіргі бар арманым – Олимпиада чемпионы болып, еліміздің абыройын асыру.
– Жетістігін жоғары бағалайтын спортшыларың бар ма? Жалпы, ауыр зат көтеріп, күш сынасатын спорт несімен қызықтырды?
– Жеңіске деген ұмтылыс, талас. Зілтемірді көтеру. Қарсыласты жеңе білу, кейде жеңілу. Осының бәрі қызық болды. Осы саладағы спортшылардан Илья Ильиннің, Александр Зайчиковтің жетістігіне қызығамын. Оларды үлгі тұтамын.
– Хоббиің не?
– Атқа мінгенді жаным сүйеді. Атқа мініп алып, әсем табиғатта серуендегенге не жетсін!
– Туған жерің, отбасың туралы да айтсаң. Сенің жетістігіңе қуанып жатқан болар.
– Әрине. Қызылорда облысы Жосалы ауданында туып-өстім. Отбасыма келер болсақ, әкем мен анам және ағам бар.
– Әңгімеңе рақмет!