Қазақстанда отбасылардың ажырасуы көбейіп барады – Ұлттық комиссия дабыл қақты
Қазақстанда отбасылардың ажырасуы көбейіп барады – Ұлттық комиссия дабыл қақты
619
оқылды
​​Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Қазақстандағы отбасылардың ажырасу көрсеткіші көбейіп кеткенін мәлімдеді. Ведомство әлеуметтік желідегі парақшасында некенің ең қауіпті кезеңін де атаған.
«Жасыратыны жоқ, Қазақстанда некеге тұру саны азайып, ажырасулар біртіндеп көбейіп келеді. Бұл ақпарат Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) жүргізген «Қазақ отбасы-2020» ұлттық баяндамасында жинақталған. Сарапшылардың пікірінше, ерлі-зайыптылар үшін ең қиыны некенің бірінші онжылдығы екен (бұл барлық ажырасулардың жалпы санынан 61,5%-ына жеткен). Сонымен қатар  некеге тұрудың алғашқы төрт жылы барлық ажырасулардың үштен бірін құрайды», –  деп жазды Ұлттық комиссиядан.
Жазбада ажырасулардың 30%-ға жуығы некенің бесінші және оныншы жылдарында болатыны айтылған.  10 жылдық некеден кейін ажырасу ықтималдығы 20 жылдық кезеңге дейін күрт төмендейді. Есесіне, 20 жылдық некеден кейін ажырасқан отбасылар саны қайтадан өседі: бұл ажырасулардың жалпы үлесінің 13,7 %-ын құрайды.
 «ҚҚДИ сарапшыларының айтуынша, 20 жылдық некеден кейін ажырасудың өсуі «бос ұя» кезеңін көрсетеді, яғни балалар өсіп, отбасын тастап кеткен. Содан кейін жинақталған реніш, өзара шаршау және басқа да факторлар ерлі-зайыптылардың одан әрі бірге өмір сүруіне біршама кедергі келтіреді. Сонымен қатар  сарапшылар бұл жаста некенің бұзылуына жанама түрде өмір сүру деңгейінің айтарлықтай жоғары болатыны әсер етеді деп санайды. Өйткені бұрынғы ерлі-зайыптылардың бір-бірінсіз еркін жүріп-тұруына мүмкіндігі бар», –  делінген жарияланымда.