Қазақстан су ресурстары тапшылығы жоғары елдер санатына жатады – Еділ Жаңбыршин
Қазақстан  су ресурстары тапшылығы жоғары елдер санатына жатады – Еділ Жаңбыршин
1,412
оқылды
Мәжіліс депутаты, «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» парламенттік тыңдауды  дайындау жөніндегі арнайы уақытша комиссияның жетекшісі Еділ Жаңбыршин еліміз су ресурстары тапшылығы жоғары елдер санатына жататынын айтты.
«Планетаның 75 пайызын су ресурстары алып жатса да, адамзат баласын сапалы сумен қамту – әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Климаттық өзгерістер перспективада су дефицитін көбейтпесе, азайтпайтыны анық. Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының болжамы бойынша,  2050 жылға қарай әлемде әрбір төртінші адам тұщы су тапшылығы мен құрғақшылыққа тап болады», –  деді Мәжіліс депутаты.
Осы ретте Еділ Терекбайұлы, 2010 жылы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі «Адам құқықтары және қауіпсіз ауызсу мен санитариялық қызметке қол жеткізу» резолюциясы жайлы түсіндіріп өтті. Аталған құжатқа сәйкес, адамдардың қауіпсіз ауызсу мен санитария құқығы расталды. Халықаралық гуманитарлық құқық, мемлекеттерді ешбір дискриминациясыз, су мен санитария барлығына бірдей қолжетімді болуын міндеттейді, сонымен бірге ең мұқтаж адамдарға басымдық береді.
«Қазақстан су тапшылығы жоғары елдер санатына жатады. Географиялық тұрғыдан алғанда, бізде табиғи судың үлкен қоры өте аз және негізгі су ресурстарының көздері шекаралас мемлекеттердің аумағында орналасқан. Бүгінде  біз, барлық қолжетімді су ресурстарын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз», – деді  Еділ Жаңбыршин.
Жалпы,  сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын пайдалану проблемасы – бүгінде мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін факторлардың бірі. Еділ Жаңбыршин су мәселесіне қатысты Үкімет мүшелерінің елімізде қабылданған шаралары мен нәтижелері бойынша баяндамаларын тыңдап, осы салада әлі күнге дейін шешімін таппаған сұрақтар бар екеніне тоқталды. Осы орайда бірнеше өзекті мәселеге жеке тоқталып, өз тарапынан ұсыныс білдірді.
«Су ресурстарын басқарудың және қамтамасыз етудің стратегиялық маңызды аспектісі – суды қорғау,  тиімді және үнемді пайдалану. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек», – деп атап өтті. Осыған орай келесі мәселелерді жақын арада шешуіміз қажет.
  1. Су ресурстарына қатысты қолданыстағы заңнамалар қайта қаралып, олардың басты мақсаты мен принциптері суды үнемдеу болуы тиіс. Бұл процеске Парламентаризм институты белсенді араласуы қажет.
  2. Үкімет арнайы суды үнемдеу жөнінде бөлек Ұлттық жоба қабылдаған жөн.
  3. Еліміздің су ресурстарын сауатты және тиімді басқару үшін бірыңғай интеграцияланған басқару жүйесін толыққанды енгізу.
  4. Барлық салада су үнемдеу әдістері мен құралдарын енгізу, суды бөлу және есепке алу жөніндегі процестерді автоматтандыру және цифрландыру.
  5. Су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалану міндетіне жауап беретін интерактивті дерекқорларды, болжау әдістері мен экономикалық жоспарлау модельдерін әзірлеу.  Қазақтың жақсы сөзі бар:  «Су – ырыстың көзі, Еңбек – кірістің көзі»  деген.
Біз, бүгін экономикалық, әлеуметтік, экологиялық және азық-түлік жағынан мықты Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, су мәселесін бірінші орынға қоюмыз қажет», –  деді Еділ Жаңбыршин.