Елордада екі күнде 2,5 миллион теңге "тапқан" такси жүргізушісі тергеуге алынды
Елордада екі күнде 2,5 миллион теңге "тапқан" такси жүргізушісі тергеуге алынды
48,409
оқылды
Нұр-Сұлтанда такси жүргізушісі жалға алған көліктерден катализатор ұрлап, такси компаниясын 2,5 миллион теңгеге шығынға батырған, – деп хабарлады қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Сарыарқа аудандық полиция бөліміне «Смарт такси» ЖШС-нің басшысы арызданған. Оның айтуынша, Chevrolet Cobalt маркалы көліктерден катализаторлар ұрланыпты. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында 39 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ол ұрлаған әр катализатордың бағасы – 830 мың теңге.
"Күдікті екі күннің ішінде көліктерді техникалық қызмет көрсету орталықтарына апарып, автомеханиктерге катализаторларды ақыға кескізіп алған. Сосын бәрін металды қабылдау орнына төмен бағамен өткізген", – дейді полицейлер.
Қазір сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдікті өз кінәсін мойындады. Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Қылмыстық кодекстің 188-бабы («Ұрлық, бірнеше рет жасалған әрекет») бойынша 2 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ кінәлі адамның мүлкi тәркiленеді.