Әлем жылдам өзгеріп жатыр, бірақ көбіне жақсы жағына қарай емес – Тоқаев
Әлем жылдам өзгеріп жатыр, бірақ көбіне жақсы жағына қарай емес – Тоқаев
1,164
оқылды
Мемлекет басшысы «Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер» атты Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынның пленарлық отырысына қатысты. Мемлекет басшысы Петербург форумының ширек ғасыр ішінде беделді сараптама платформасы мәртебесіне ие болғанын және әлемдік талқылау алаңдарының арасында лайықты орын алғанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, форум саяси және экономикалық ахуал шиеленісіп тұрған кезде өтіп жатыр.
– Пандемияға және геосаяси шиеленістің өршуіне байланысты жаһандық теке-тірестер жаңа жағдайларға алып келді. Жаһанданудың орнына артық-кемі бар аймақтандыру дәуірі келді. Қалай болғанда да, дәстүрлі экономикалық модельдер мен сауда бағыттарының өзгеру үдерісі жеделдей түсті. Әлем жылдам өзгеруде. Өкінішке қарай, көп жағдайда жақсы жағына қарай емес, – деді Президент.
Оның пікірінше, жаңа жағдайда әлемдік тәртіптің жылдам өзгеретін құрылымын, «Шығыс-Батыс», «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттары бойынша өзара іс-қимылдың орнықты векторларының алмасуын ескеру маңызды.
–  Біздің аймақтағы елдер осындай сын-қатерлерге лайықты төтеп беріп қана қоймай, олардан барынша пайда табуға тырысуы керек. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ аясында Еуразиялық интеграцияны Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасымен ұштастыру – маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.