Сенімді серіктестік
Сенімді серіктестік
853
оқылды
Қасым-Жомарт Тоқаев Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысынан кейін Владимир Путинмен кездесу өткізді. Әңгіме барысында көшбасшылар Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын жан-жақты талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев күрделі гео­саяси ахуалға қарамастан Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі – Ресеймен арадағы ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Құрметті Владимир Владимирович, мен Сіздің осы беделді форумға қатысуға шақыруыңызды ықыласпен қабылдадым. Сіздің баяндамаңызды мұқият тыңдадым. Мазмұны мен көлемі жағынан бұл баяндамаңыз халыққа арналған тұтас жолдауға тең келеді. Аудитория мұны өте жылы қабылдады. Бұған пікір білдірушілер де аз болмайды деп ойлаймын. Екіжақты ынтымақтастыққа келер болсақ, алаңдау­шылыққа негіз жоқ. Бәрі қалыпты жағ­дайда. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салалары бойынша нақты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Биыл ерекше жыл – дипломатиялық қатынас­тарымызға 30 жыл. Екіжақты ынтымақтас­тықты дамыту тұрғысынан елеулі жетіс­тік­терге қол жеткіздік. Бұл бағыттағы қарым-қатынастарымыз одан әрі қарқынды дами береді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Ресей Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар одан әрі нығая беретінін айтты.
– Петербург экономикалық форумына келгеніңіз үшін көп рақмет. Біз үшін елдеріміз арасындағы ерекше қатынастарды атап өту және өзіңізбен негізгі бағыттар жөнінде, әсіресе экономика саласы бо­йынша пікір алмасу маңызды. Жаңа ғана форум аясында осыны айттық. Айтпақшы, осы форумда 7 миллиард деп қате айтыппын. Қазақстан экономикасына салынған инвестиция 17 миллиард доллар. Тауар айналымы артып келеді. Сіз жаңа ғана бұл туралы айтып өттіңіз. Былтыр осы көрсеткіш 25 миллиард доллар болса, биыл алғашқы үш айда 12 мил­лиардтан асқан. Егер осындай қарқынмен дами берсе, рекордтық көрсеткішке қол жеткіземіз. Биыл елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл. Алдымызда өңірлік форум бар. Жалпы үкіметтеріміз белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, – деді Владимир Путин.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының Санкт-Петербургке сапары Татарстан Президенті Рус­там Миннихановпен кездесуден бас­талды. Кездесу барысында Қазақстан мен Татарстанның сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейту перспективалары достық рухта талқыланды. Экономиканың маңызды секторларындағы бірлескен жобаларды Қазақстан аумағында жүзеге асыруға, еліміздің зауыттарын Ресей Федерациясының өндіріс жүйесімен қатар дамытуға баса мән берілді. Сонымен қатар «КАМАЗ» және «Татнефть» компанияларымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысы қарастырылды. Кездесуге бұл компаниялардың да басшылары қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Рустам Миннихановқа ілтипат білдіре отырып, өзінің Татарстанға барған сапарын айрықша ықы­­ласпен еске алды. Оның нәтижелері ын­тымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін берді. Өз кезегінде Рустам Минниханов Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында кездесуге мүмкіндік туғызғанына ризашылығын білдіріп, татар ком­панияларының қазақстандық серіктестерімен ықпалдастық орнатуына қолдау көрсетіп жатқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Баш­құртстан басшысы Радий Хабировпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Радий Хабиров Қазақстан мен Башқұрт­станның сауда-экономикалық, өнеркәсіп, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтас­тығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық серіктестікте Башқұртстан Республикасының ерекше орын алатынын атап өтті. Президент екі ел арасындағы сауда-экономикалық қа­тынас­тардың қарқынды дамып келе жат­қанына назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, Башқұртстан дәстүрлі түрде Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтас­тығын нығайтуға елеулі үлес қосуда. Оның пі­кірін­ше, түрлі бағыт бойынша өзара ықпалдастықты кеңейтуге әлеует жеткілікті және Қазақстан оны толыққанды іске асыруға ниетті. Өз кезегінде Радий Хабиров кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамытудың стра­тегиялық маңызы бар екенін атап өтті.