Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында кеше Мәжіліс қабырғасында «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» тақырыбында Парламенттік тыңдау өткен болатын. Қос палата депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, су саласының ғалымдары мен мамандары, шетелдік және отандық сарапшылар, Парламентаризм институтының, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысқан жиында еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ресурстарын пайдалану, қабылданып жатқан шаралар мен Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Соның ішінде Атырау облысындағы су шаруашылығы мәселелеріне айрықша назар аударды. Мінбеге шығып сөз сөйлеп, осынау өзекті мәселені халық қалаулыларына жеткізген спикерлердің арасында Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов та өңір үшін аса өзекті мәселе – су шаруашылығының бүгінгі жағдайы және оны дамыту жоспарын мәлім етті. Оның айтуынша, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес аймақ дамуының кешенді жоспары қабылданып, онда тұрғындарды сапалы, таза ауызсумен қамтамасыз ету бойынша нақты іс-шаралар қарастырылған. Атырау атырабында негізгі су көздері – Ресей Федерациясынан бастау алатын Жайық, Қиғаш, Ақтөбе облысынан келетін Жем, Сағыз, Ойыл өзендері және Қоянды мен Тайсойған жерасты су кен орындары. Облыс халқының 70%-ы, яки жалпы саны 468 мың адам болатын Атырау қаласы, үш аудан Жайық өзенінен, 24%-ы, яки жалпы саны 162 мың адамы бар үш аудан Қиғаш өзенінен тартылған «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры арқылы ауызсумен қамтылған. Сондай-ақ бұл суды ТШО, KUS (KarabatanUtilitySolutions), «Болашақ» зауыты (NCOC) сияқты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары техникалық мақсатта қолданады. Қалған 6%-ы Қызылқоға және Құрманғазы ауданының 38 мың тұрғыны жерасты су қорын тұтынып отыр. «Бүгінде облыс бойынша орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі – 99,6% құрайды, соның ішінде ауылдық елді мекендер бойынша – 83,6%, яки 128 ауылдық елді мекен бар. Алайда Атырау қаласы және Мақат ауданын сумен қамтамасыз ететін су тазартқыш жабдықтары өткен ғасырдың 30-шы және 60-жылдары қолдануға берілген. Қазір олар апаттық жағдайда. Сонымен бірге су тапшылығы да бар және алдағы бес жылда су жетіспеушілігі 40 пайызға дейін өседі деп болжануда. Осыған байланысты, жаңа екі сүзгілеу стансасын іске қосу жоспарланып отыр», – дейді Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов . Облыс әкімінің айтуынша, «Астрахань – Маңғышлақ», су құбыры арқылы халықты сумен қамтамасыз ету мәселесімен бірге, өңір экономикасының негізін қалыптастыратын ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың да мәселелерін шешу қажет. Себебі алдағы уақытта су тапшылығы туындайды. Сондықтан құбырды екі кезеңнен тұратын қайта жаңғырту және өткізу қабілетін ұлғайту бойынша жоспарланған құрылыс жұмыстарын кейінге шегермей, тездетіп шешу қажет. Осы ретте Серік Жамбылұлы депутаттардан қолдау сұрап отыр. Оның бірінші кезеңінде 151 шақырым құбыр кеңейтілмек, ал екінші кезеңде 242 шақырым жердің өткізу қуаты ұлғайтылып, бүгіндегі тәулігіне 110 мың текше метрден 170 мың текшеметрге дейін артпақ. Бұл жұмыстарға 121 млрд теңге сомасында қаржы қажет. Су құбырын қайта жаңғыртудан бөлек, облыс әкімі жерасты суларын да мүмкіндігінше кеңірек пайдалануға шақырды. «Ауызсу тапшылығын жоюда Ақтөбе облысында орналасқан Көкжиде тұщы суы кен орнын іске қосу қажет. Оның су қоры өте мол әрі сапалы. Бұл бір жағы халықтың денсаулығын жақсартуға сөзсіз әсер етпек. Ендеше осы кен орнынан Атырау облысына су тарту жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін Экология министрлігінің әзірлеуіне ықпал етулеріңізді сұраймын. Одан бөлек, жылдан-жылға жерасты су қоры азайып келеді, осы мәселені шешу үшін барлау жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Бұл жобалардың жалпы құны 5,9 млрд теңгеге бағаланып отыр. Ол дегеніміз – Тайсойған кен орнынын және оның суымен Қызылқоға ауданындағы 9 000-нан астам халықты қамтамасыз ететін желілерді, Қоянды кен орнын және оның суымен Құрманғазы ауданындағы 6 000 халықты сумен қамтамасыз ететін желілерді, 12 000 халқы бар Кереген-Сағыз-Жамансор ауылдарын сумен қамтамасыз ететін топтық су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары. Биыл бұл жобаларға 300 млн теңге бөлінді, бұл жеткіліксіз, сондықтан да ұлғайтуды сұраймыз», – деді Серік Шапкенов. Өңір басшысы депутаттардың назарын аудартқан тағы бір мәселе – өндірістегі шайынды сулар жайы. Тазартылмаған күйде далаға төгілгендіктен олар булану арқылы күкірт, сутегі және көмірқышқыл газына айналып, қоршаған орта мен халықтың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Ал азаматтық Кәріздік-тазалау құрылысжайы (КОС) бойынша бүгінде қуаты тәулігіне 70 мың текше метр болатын кәріз тазалау ғимараты пайдалануға берілген. Одан бөлек, қуаты тәулігіне 31 мың текше метр болатын бір КОС-тың құрылысы басталған. Үш ауданда кәріздік тазарту құрылғылары бар, қалғандарында қуаттылығы орташа модульдік қондырғыларды орнату жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар шайынды суларды техникалық су деңгейіне дейін тазартып тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Тағы бір мәселе – облыстағы ауылшаруашылық каналдарының жағдайы тозған, су өткізу қабілеті өте төмен. «Осыған байланысты, 7 канал бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді, 14 канал бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленіп, республикалық меншікке берілді. 3 арна бойынша ішінара қаржыландыру басталып, бұл жұмыстарға 250 млн теңге бөлінді. Бүгінгі мүмкіндікту пайдаланып, депутаттардан осы жұмыстарды уақытылы қаржыландыруға қолдау көрсетуін сұраймыз. Бұл дегеніміз 205 мыңнан аса ірі қара мал, 741 мың ұсақ қара мал, яки қой мен ешкі, 106 мың бас жылқы, 37 мың бас түйе сумен қамтылады деген сөз. 9640 га суармалы, 2 050 га сулы, 1 430 га шабындық жерді құрайтын бұл аумақта 3 244 шаруа қожалығы орналасқан. 8 мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Су мәселесі бойынша тағы бір назар аудара кететін проблема – жылдан-жылға Жайық және Қиғаш өзендерінің суы тартылып келе жатқаны. Олардың сағасын тазалау мен түбін тереңдету жұмыстары да өзекті мәселе болып тұр. Егер біз бұл жұмыстарды дер кезінде қолға алмасақ, балықтың теңізден өзенге өтуі процесі үзіліп қалуы мүмкін. Өйткені бұл сағалар – балықтың уылдырық шашатын жерлеріне өтетін табиғи жолдары. Аталған мәселені шешу мерзімінің созылуы Каспий теңізінің балық қорының өсімін молайту мүмкіндігінен айырылуға әкеп соғатынын ескеру қажет. Сондай-ақ лайланған сағалар барлық су кемелерінің өтуін тоқтатады. Мәселен, Жайық және Қиғаш өзендерінің гидрологиялық режимін жақсарту және суын молайту мақсатында 2017-2021 жылдар аралығында өзен түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді, оның ұзындығы 169 шақырым болды. Енді 2022-2026 жылдары жалпы ұзындығы 295 км болатын қосымша жұмыс жоспарланған. Бұған жалпы сомасы 21,1 млрд. теңге қарастырылып отыр», – деді өңір басшысы. Баяндамасын қорытындылай келе, Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов депутаттардың назарын келесідей өзекті мәселелерге аударды. Біріншіден, Көкжидеден таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін ТЭН-ін әзірлеуді бастау. Екіншіден, Ресей Федерациясымен біріге отырып «Ириклин» су қоймасының жұмыс режимін бірлесіп қарастыру. Нақтырақ айтқанда, жыл сайын гидронысаннан 200 млн текшеметр су жіберу жаз айларында жүзеге асырылатынын ескере отырып, су тасқыны кезеңі өткеннен кейін маусым айында ең жоғары мөлшерді 60%-ға дейін өсіріп, одан әрі бірте-бірте 20%-ға дейін шілде және тамыз айларында тиісінше азайтуға келісу. Үшіншіден, теңіздің су қорының ластануын болдырмау мақсатында, қазір суға батқан кеме, сорғы стансалары сынды тағы да басқа анықталған 27 ірі габаритті заттарды көтеру қажет. Төртіншіден, Атырау облысының аумағында гидрологиялық режимді жақсарту және су деңгейін көтеру мақсатында тұрақты түрде өзендер түбін тереңдету жұмыстарын жүзеге асыратын коммуналдық кәсіпорын құру керек. Осындай өзекті мәселелер сөз болған Парламенттік тыңдаудың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне су саласындағы ахуалды жақсарту жөнінде ұсынымдар әзірленді. Олардың арасында Атырау өңірінің су шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелері де бар. Естеріңізге сала кетсек, аталған жиын Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану, Экономикалық реформа және өңірлік даму мен Аграрлық мәселелер комитеттерінің ұйымдастыруымен өткен болатын.