Медицина мамандарының кәсіби мерекесі күні елордада Денсаулық сақтау министрлігі және ALTYN SHIPAGER ұлттық медициналық сыйлығының ұйымдастыру комитетінің ұйытқы болуымен «Дені сау ұлт» ұлттық медициналық саммиті өтті. Жиынға республика аймақтарынан екі мыңға жуық ақ халатты абзал жан қатысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Іс-шараға келген Президент әкімшілігі, Үкімет мүшелері, бизнесмендер мен денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар отандық медицина өнімдерінің көрмесін тамашалады. Сондай-ақ жыл сайынғы ALTYN SHIPAGER ұлттық медициналық сыйлығының жүлдегерлері анықталып, ел медицинасына елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен медициналық ұйымдар белгілі болды.
Жиынға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еліміздің әлеуметтік әл-ауқатына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ вице-премьер медицина қызметкерлеріне пандемия кезіндегі қажырлы еңбегі үшін тағы да алғыс білдіріп, денсаулық сақтау саласының бірқатар қызметкеріне мемлекеттік наградалар табыс етті.
«Геном» клиникасының бас дәрігері, репродуктолог-дәрігер Баян Әбілманова, «Астана» медицина университетінің ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі Баян Айнабекова, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бөлім басшысы Талғат Демеуов, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан университетінің балалар хирургиясы кафедрасының профессоры Болат Дженалиев Денсаулық сақтау саласын дамытуға сіңірген еңбегі және белсенді қоғамдық қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Сонымен бірге «Құрмет» ордені Ұлттық нейрохирургия орталығының Жұлын нейрохирургиясы және шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Талғат Керімбаев, «Астана» медициналық университетінің хирургиялық аурулар, бариатикалық хирургия және нейрохирургия кафедрасының профессоры Орал Оспанов, Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық перинаталдық орталығының аға медбикесі Гуля Оспанова, Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының дәрігер-реаниматологы Айман Темірғалина және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Алтай Оразбағамбетовке де табысталды.
Өз кезегінде денсаулық сақтау саласындағы белсенді және жемісті қызметі, мейірімділігі және қайырымдылығы үшін «Шапағат» медалімен Ұлттық ғылыми-медициналық орталықтың урология бөлімінің меңгерушісі Ербол Ысқақов марапатталса, «Ерен еңбегі үшін» медалін Семей қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасының директоры Ерлан Бүркітов алды.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният әріптестерін мерекемен құттықтап, ALTYN SHIPAGER ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттап, үздік медициналық ұйымдарға алтын мүсіншелерді табыс етті.
«Медициналық-санитарлық алғашқы көмектің үздік медициналық ұйымы» номинациясында Көкшетау қаласының емханасы жеңіске жетті. Мекеме 33 жыл бойы Көкшетау қаласы мен Ақмола облысының 91 мыңнан астам тұрғынына тәулік бойы шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетеді. Ал елорданың көпбейінді емдеу-диагностикалық мекемелерінің бірі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №2 қалалық көпбейінді ауруханасы қаланың үздік стационары болып танылды. «Үздік көпбейінді облыстық аурухана» иегері Түркістан облысының облыстық клиникалық ауруханасы болды. «Ең үздік аудандық аурухана» атағын үш рет «Сала көшбасшысы» ұлттық сертификатын алған Қарағанды облысы Абай ауданының Орталық аудандық ауруханасы иемденді. «Үздік жедел медициналық жәрдем стансасы» номинациясы Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына бұйырды. Ал Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасы «Үздік облыстық балалар ауруханасы» номинациясын жеңіп алды. «Қаланың үздік балалар стационары» болып 360 төсек қоры бар Алматы қаласының №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасы танылды. Ақтөбе облысындағы «Аяла» балаларды оңалту орталығы «Үздік балаларды оңалту орталығы» сыйлығын алды.
ALTYN SHIPAGER сыйлығының «ең үздік босандыру ұйымы» Түркістан облысының №1 облыстық перинаталдық орталығы болды. Жыл сайын орталықта 10 мыңнан астам нәресте дүниеге келеді. Соңғы екі жылда орталықта бірде-бір ана өлімі тіркелген жоқ. Сондай-ақ «Үздік медициналық колледж» сыйлығы Павлодар медициналық жоғары колледжі, ал «Үздік медициналық жоғары оқу орны» сыйлығының иегері С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ болып танылды. М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығы «Ең үздік ғылыми ұйым» ретінде таңдалды.