Жабайы жағажай өмірге қауіпті
Жабайы жағажай өмірге қауіпті
814
оқылды
Жаз басталғалы +40 гра­дустан төмен түспеген Қы­зылорданың ыстығы ми қай­натып тұр. Ыстықта өзенге шомылып, жанға сая тапқысы келетін­дердің көңілі жүдеу. Өйткені осындай аптапта қы­зы­лор­далықтар мен қала қо­нақтары шомылатын жа­ғажайлардың жағдайы мәз емес. Ақылы жағажайды қалта көтермейді Қазір өңірде 12 дема­лыс орны мен екі жағажай жұмыс істейді. Қала орталығындағы «Сыр са­малы» қалалық жағажайы мен Белкөл кентіндегі демалыс жа­ғажайы жаз мезгілінде тұрғы­лықты халықтың жиі демалатын орны. Соның ішінде қаланың ор­талығындағы «Сыр самалы» жа­ғажайы көп жылдан бері қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет етіп келеді. Бұл демалыс орны алғаш ашыл­ған кездері оған келушілер қатары көп болды. Демалушылар­ға қызмет көрсету жоғары дең­гейде ұйымдастырылатын. Соңғы жыл­дары жағажайға жергілікті тұр­ғындар жиі сын айта бастады. Жағажайдан жанға сая іздеген жұрт шомылатын орындағы су­дың тазаланбайтынын, жиі лай­ланатынын айтады. Ал Белкөл кентіндегі «Абай» демалыс жағажайы 2017 жылы ашылып, халыққа қызмет көрсе­теді. Жағажайдың жалпы аумағы 27 гектарды құрайды. Жергілікті кәсіпкер, «Абай» шаруа қожалы­ғы­ның төрағасы Мұрат Нұрсай­тов­тың демеушілігімен ашылған жаға­жайдың 13 гектарын 3 бө­ліктен тұратын көл құрайды. Мұнда де­малушылар мен балық аулау­шы­ларға арнайы орындар ұйым­дастырылған. Жағажайда бала­лар­дың демалуына жағдай жасалған. Бұл жағажайдың да бағасы алғашында сұранысқа ие болға­нымен, кейіннен қызмет құны­ның күрт көтерілуі демалу­шы­лар­дың қалтасына айтарлықтай салмақ түсірді. Тегін жағажай – құр уәде Қызылорда қаласының бұ­рын­­ғы әкімі Ғанибек Қазантаев былтыр осындай олқылықтарды ескеріп, қала аумағынан тегін жа­ғажай ашуды қолға алған бола­тын. Тегін әрі қауіпсіздік шара­лары жолға қойылған жағажай жұмысын іске қосу бастамасы көп­шілік тарапынан қызу қолдау тапқан еді. Бірақ өткен жылдың шілде айында пайдалануға беру жоспарланған жағажайды іске қосу жобасы аяқсыз қалды. «Қаламызда балаларға шомы­луға қауіпсіз тегін жағажай ашыл­ғаны дұрыс. Өңірдегі екі жағажай ақылы әрі оның бірінің сапасы сын көтермей тұрғаны белгілі. Ақы­лы бассейндерге бару қара­пайым халыққа қолжетімді емес. Сон­дықтан да халыққа қолже­тім­ді, қауіпсіздік шарасы қатаң бекі­тілген жағажай іске қосылу керек деп білемін», – деп ойын білдірді қала тұрғыны Марал Сәрсенова. Не де болса, қызылордалықтар арман болған коммуналдық жаға­жайды іске қосар деп Асылбек Шәменовке үмітпен қарайды. Суға шомылу сақтықты қажет етеді Ақылы жағажайды қалтасы көтермейтін халық амал жоқ рұқ­сат етілмеген орынға шомылады. Салдарынан Сыр жағасындағы қайғылы оқиғалар жиілеген. «Өткен жылы облыс аума­ғын­да 18 адам суға кетіп көз жұмған. Оның 13-і бала. Ал жыл басынан бері өңірде су айдындарында 11 адамның өлімі тіркелді. Оның ішінде 5 бала бар. Мұндай қай­ғылы оқиғаның басым көпшілігі табиғат аясында, өзен мен көл­дердің жағасында демалыс ұйым­дастырып, қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтан болып отыр. Сондықтан да қауіпсіздік ша­ралары кепілдендірілген арнайы екі жағажайда шомылуға кеңес береміз» деп мәлімдеді облыстық Төтенше жағдайлар департа­мен­тінің басқарма басшысы Асхат Тоғызбаев. Департаменттің мәлімде­уін­ше, облыс аумағынан өтетін Сыр­дария өзенінің ұзындығы 1 274 шақырымды құрайды. Бұдан өзге өңірде 19 ірі және 220 шағын канал, 207 көл орналасқан. Бұлар­дың ішінде 64 нысан қауіпті учас­ке деп танылған. Бүгінгі күнге дейін қызылор­далық құтқарушылар тәртіп сақ­шыларымен бірлесіп жүргізген рейдтік шара кезінде суға түсу ере­желерін бұзған 8 адамға ес­керту жасапты. Мамандар қазір облыс аума­ғын­да 4 коммуналдық жағажай салу бойынша қаулының әзір­ле­ніп жатқанын мәлімдеді. Оған де­йін халыққа шомылуға рұқсат етіл­ген 2 жағажайда жанға саяға та­ба тұрады. Ең қызығы, жергі­лікті биліктің ақылы жағажайдың қызметіне рұқсат беріп, комму­налдық жағажайларды ұйым­дас­тыруға атүсті қарағанында болып тұр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы