Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова бюджетті жоспарлаудың үшжылдық жүйесі тиімсіз екенін айтты, – деп жазады inform.kz. Себебі нәтижесіз, аяқсыз қалған жоба көбейген. Үш жылға жоспарланып бөлінген қаржы бір жылдан кейін бағаның құбылуына байланысты жетпей қалуы мүмкін. «Үшжылдық бюджет формалды дүние болып қалғаны ақиқат. Үшжылдық бюджетті қалыптастыруға өте көп уақыт кетіп жатыр. Нақтылау және түзету кезінде алғашқы бір жылы ғана ескеріледі. Қалған екі жылына мән де бермейміз. Келесі кезеңге бюджет жоспарлаған кезде өткен жолы қолдау тапқан шығыстың бір бөлігі түсіп қалуы да мүмкін. Салдарынан аяқсыз қалған жобалар, құрылысы бітпей қалған нысандар пайда болады. Біздің ойымызша, біржылдық бюджет жоспарлау жүйесіне оралу мәселесін көтеретін кез келді», – деді Наталья Годунова. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов та үшжылдық бюджет жүйесінің тиімсіздігін сынаған еді. «Біз жыл сайын бұрыннан айтылып келе жатқан бір мәселені талқылаймыз. Өзгеріс жоқ. Жыл сайын айтылып жүрген проблемаларда ілгерілеу жоқ. Атап айтқанда, Үкімет 2009 жылдан бастап үшжылдық бюджет жобасын қолға алды. Алайда күні бүгінге дейін біржылдық бюджетті бүге-шігесіне дейін жоспарлап үйренбеген. 2021 жылы республикалық бюджетке қатысты 9 рет түзету енгізілді. Шығыстың 19%-ы қайта қаралып, талқыланды. Соған қарамастан, 68,8 миллиард теңге игерілмей қалды», – деген еді.