Нұр-Сұлтан қаласында бірнеше пән бойынша сабақ беретін мұғалім жетіспейді. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев айтты.
«Мектептерде негізінен орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері – 2 720 маман, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі – 680 маман, математика мұғалімі – 1 020, ағылшын тілі – 1 360, орыс тілінде оқытатын химия және биология мұғалімдері 340 маман қажет. Сонымен қатар арнайы білімі бар мектепке дейінгі мекемелерге 1 656 тәрбиеші керек», – деді Қасымхан Сенғазиев әкімдікте өткен қоғамдық кеңес отырысында.Сонымен қатар басқарма басшысы астанада медицина мамандарын даярлау бойынша 240 өтініштің келіп түскенін айтты.
«Өтінішке сәйкес қаламызға отбасылық медицина бойынша 78 маман, педиатрия – 14, акушерия және гинекология – 17, ересектер мен балалардың анестезиологиясы және реаниматологиясы – 15, физикалық медицина және оңалту – 15 және басқа да мамандар даярлау қажет. Сондай-ақ Денешынықтыру және спорт басқармасының өтініші бойынша 50 маман даярлау қажеттігі туындап отыр. Сол секілді Дін істері басқармасынан 15 орын белгіленді. Оның ішінде исламтану, дінтану мамандарын әзірлеу қажет», – деді ол.