Қазақстан мен Иран Каспийдегі теңіз айлақтарының транзиттік-экспорттық мүмкіндігін толық пайдалануға ниетті. Құрлықтағы көлік дәліздері де дамудың жаңа белесіне көтеріледі. Бұл ретте сарапшылар екі ел арасында алыс-беріс пен барыс-келіс үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер пайда болғанын айтады. Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тегеранға тұңғыш ресми сапарының қорытындысы ауыз толтырып айтарлық.
Иран Ислам Республикасы Қазақстан көшбасшысын сән-салтанатпен қарсы алды. «Саадабад» кешенінде Мемлекет басшысын ресми қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Иранның әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси «Джумхурия» сарайына келіп, бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды.
Салтанатты рәсімнен кейін қос лидер шағын құрамда кездесті. Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент ретінде Иранға алғаш рет келіп отыр. Ол осы сапарына «айрықша маңыз» беретінін айта келе, қазақтың «көрші ақысы – тәңір хақысы» деген сөзін қаперге салды.
– Бүгінгі келіссөздеріміз екі елдің ынтымақтастығын дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Біз – көршімен әрқашан тату болған елміз. Иран – Каспий жағасындағы жақын көршіміз, сенімді серіктесіміз, – деді Қазақстан Президенті. Оның бағалауынша, екі ел арасында жан-жақты байланыс қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі кедергіге қарамастан, сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға артып келеді. Биылғы бірінші тоқсанда сауда-саттық 50%-ға өсті. Ендігі мақсат – осы қарқынды тоқтатпай, барынша ұлғайту. Екі ел арасында ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасты. 60-тан астам келісім жасалды. Үкіметаралық экономикалық комиссия белсенді жұмыс атқаруда. Алда Бірлескен сауда палатасы құрылады.
Қ.Тоқаев осы сапары аясында ирандықтар үшін маңызды шешімін жариялауға ұйғарыпты. Санкция астындағы бұл елдің азаматтары бұдан былай Қазақ елі арқылы бүкіл әлемге саяхаттай алады.
– Біз Иран азаматтарының Қазақстанда 14 күн визасыз жүріп-тұруына рұқсат береміз! Бұл түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ іскер топ өкілдерінің байланысын жандандырады. Барыс-келіске түрткі болып, туристердің көбеюіне ықпал етеді. Иран кәсіпкерлері осы жеңілдікті кеңінен қолданатынына сенімді-мін, – деді ол.
Оңаша жүздесу екі елдің ресми делегациясы қатысқан кеңейтілген құрамдағы келіссөзге ұласты. Тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын жан-жақты талқылады. Көлік және логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы көлік және логистика саласының, соның ішінде «Қазақстан–Түрікменстан–Иран» теміржолының мол әлеуеті барын тілге тиек етті. Ол Каспийдегі теңіз айлақтарының транзиттік-экспорттық мүмкіндігін толық пайдалану керегін атап өтті. Ақтау және Құрық, Амирабад және Анзали айлақтарының әлеуеті зор.
Ауыл шаруашылығы – екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықтың негізгі бағыттарының бірі. Қ.Тоқаев Иранның бірқатар компаниясы ірі қара мал өсіру, ет өңдеу, сүт өнімдерін шығару және күріш өсіру бағыттары бойынша Қазақстанда жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Осы орайда ол Қазақстанның Иранға тасымалданатын отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің номенклатурасын кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар елдер жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
Қазақ-иран қатынастарын нығайтуда мәдениет саласындағы ықпалдастық ерекше рөл атқарады. Ал Ирандағы қазақ диаспорасы екі ел арасын байланыстырушы алтын көпір болады. Қ.Тоқаев тарихты зерттеу және тарихи деректер алмасу бағытындағы ынтымақтастықты нығайту перспективасына тоқталды.
Өз кезегінде Ибрахим Раиси Қазақстан Президентінің бұл ресми сапары екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша қазақ-иран қатынастарын дамытуда жаңа бетбұрыс болатынын жеткізді.
– Сіздің сапарыңыз сауда-экономикалық ынтымақтастықты, соның ішінде көлік-транзит, энергетика, ауыл шаруашылығы және туризм салаларын дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін, – деді И.Раиси.
Кездесу соңында Қ.Тоқаев Иран Президентін Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Келіссөз қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Ал ресми делегациялардың мүшелері 9 құжатқа қолтаңбаларын қалдырып, бекітті. Мысалы, қос елдің мәдениет ведомстволары «2022-2025 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасын» қабыл алды. Екі ел арасындағы екіжақты сауданы арттыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік меморандумына қол қойылды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ИИР Ауыл шаруашылығы джихады министрлігі ауыл шаруашылығы саласында, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы мен транзитінде ынтымақтасуға уағдаласты. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Иранның Ұлттық мұнай компаниясы бірлесе жұмыс істеуге келісті. Тағы бір құжатқа сәйкес, екі елдің телеарналары телебағдарлама, телесериал және басқа да өнімдерін алмасатын болады. ҚТЖ мен Иранның теміржолдары ынтымақтасуға ықтиярын құжат жүзінде бекітті.
Екі ел президенттері келіссөздер толық аяқталғаннан кейін журналистер алдына шықты. Қ.Тоқаев Қазақ елі мен Иран елінің ықпалдастығы тарихтан тамыр тартатынына назар аудартты.
– Иран – ежелгі өркениет ошағы. Сондай-ақ Қазақстанның ислам әлеміндегі маңызды серіктесінің бірі. Әйгілі Фирдоуси «Шахнамасында» Иран мен Тұранның Ұлы Жібек жолындағы тағдырлас елдер екенін жазып қалдырған. Қазақтың ұлы ақыны Абай Сағдидің, Жәми мен Румидің шығармаларын жақсы білген. Шығыс мәдениетіне терең бойлаған. Мұның бәрі байланысымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Біз осы ынтымақтастықты одан ары дамыта түсуіміз керек. Біз – Каспий жағасындағы тату көршілерміз. Тарихымыз тамырлас, салт-дәстүріміз бен мәдениетіміз ұқсас. Ашаршылық жылдарында талай қандасымыз Иран жерін паналаған. Оларды құшақ жая қарсы алған иран жұртына алғысымыз шексіз. Оны ешқашан ұмытпаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қазір қарым-қатынасымыз стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Қ.Тоқаев Ибрахим Раисидің өзара қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосып отырғанына екпін түсірді. Ол елдеріміздің көлік-транзит әлеуетін толық пайдалануға екі жақ та мүдделі екенін нықтай келе, Оңтүстік пен Солтүстікті, Шығыс пен Батысты жалғайтын тасымал дәлізі маңызды рөл атқаратынын айтты.
Сапар аясында екі мемлекет басшысы Қазақстаннан шығып, Иран жері арқылы Түркияға жететін тұңғыш контейнерлік пойызды шығарып салу салтанатына онлайн-режимде қатысты. 48 контейнерден құралған жүк пойызы Павлодардан бастау алып, Түрікменстан жері арқылы Тегеранға жеткен еді. 12 күндік маршруттың жалпы ұзындығы 6 336 шақырымды құрайды. Осы арқылы санкция аясында әлемнен оқшауланған Ресейді айналып өтетін жаңа халықаралық дәліздің негізі қаланды.
Президенттің пікірінше, талқыланған барлық мәселе бойынша өзара түсіністік бар. Ол «біздің көзқарасымыздың бір, мүддеміздің ортақ» екенін мәлімдеді. Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасып, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты нығайтуға уағдаласты. Қазақстан мен Иран өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән береді.