Астық экспорты қыр аса алмай қалды
Астық экспорты қыр аса алмай қалды
© коллаж: Елдар Қаба
1,129
оқылды
Ресейден заңсыз, көлеңкелі жолдармен астық тасылып жатыр. Мұны кеден қызметі де, Астық одағы да растады. Қазірдің өзінде ресейлік бидай импортының көлеңкелі айналымы 2 миллион тоннаға жеткен. Оның елге зияны бар: алаяқ экспорттаушылар бюджеттен миллиардтаған сомада қолдау көмекті негізсіз алады. Сонымен бірге астық саудасы бойынша 2021-2022 маркетингтік жылы аяқталды. Қорытындысы қандай? Қазақстан қанша астығын шетелге экспорттай алды? Жаңа астықтың көлемі қандай болады? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрелік. Мақтануға емес, ұялуға негіз көп Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл өткен сайын астық көлемі құл­­дырап барады. Ұлттық статис­тика бюросының дерегінше, дәнді, дәнді-бұршақты дақылдарды қоса алғанда, былтырғы 2021 жылы бар-жоғы 16,6 миллион тонна ғана ас­тық жиналды. Бұл 2012 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш, анти­ре­корд! Басқаша айтқанда, отан­дық егін шаруашылығы дамуда он жыл­­ға кері шегініп кетті. Был­тыр­ғы астық көлемі пандемиялы 2020 жылдың өзінен 18%-ға кем болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұған «қолайсыз ауа райы жағдай­ларын» айыптады. Ал сарапшылар бұған саладағы біліксіз саясат, субсидиялау құ­ралы­ның тиімді пайдаланылмауы себеп деген ойда. Тіпті, құрғақ­шы­лық кезінде де жоғары өнім жи­науға мүмкіндік беретін тамшы­латып суару секілді технологиялар кеңінен енгізілмеді. Сондай-ақ Қа­зақстан бүкіл ТМД көлемінде әр гектардан ең аз өнім алады: был­тыр әр гектардан 10,3 центнер­ден ғана айналды. Салыстыру үшін айтсақ, бұл көрсеткіш өткен жылы Украи­нада – 46,5, Беларусте – 30,7, ал Ресейде – 27,2 центнерді құрады. Да­мы­ған елдерде одан да жоғары: мы­салы, Жаңа Зеландияда әр гек­тардан 120 центнерден бидай алады. Қазақстанда шығымдылық биыл­­ғы жылы да аз болады деп бол­жанды. Ауыл шаруашылық министрі Ербол Қа­рашүкеевтің жорамалдауынша, ол көрсеткіш 2022 жылы орташа жыл­дық дең­гейде ғана болады. – Осы жылы көктемгі егіс жұ­мыстары оңтайлы мерзімде аяқ­талды. Топырақта қордаланған ылғалды сақтап қалуға бағытталған жұмыстар уақытылы жүргізілді. Қаз­гидрометтің ауа райына қатыс­ты бол­жамы қолайлы. Дегенмен ор­таша жылдық көлемде астық жиналады деп жоспарлап отыр­мыз. Соның ішінде бидайға кел­сек, оның жалпы көлемі шамамен 13-13,5 млн тоннаны құрайды деп болжаймыз. Егер жаңбыр жақсы жауса, астық былтырғыдан 15 пайызға жоғары болады, – деді ми­нистр. Яғни, коронавирус шек­теулері аграршылардың адымын аштыр­маған 2020 жылғы көрсет­кішке де жетпейтін түрі бар. Салыстыра кетсек, 2014 жылы Қырымды, Луганск пен Донецкіні басып алғалы бері Батыстың үсте­меленген санкциялық соққысы­ның астында қалған Ресей астық жинау қарқынын үдемелете арт­тырып келеді. Бидай жинау жөні­нен сол­түстік көрші 2017 жылдан бері ре­корд орнатуда. 2019 жылы 128 млн тоннадан астам астықты қамбаға құя алды. 2020 жылы 133,5 миллион тонна астық орды. Ақ­парат құрал­дары бір қызықты де­ректі келтіреді: Кеңес Одағы бар­лық 15 респуб­ликаны, тіпті сол­дат­тар мен сту­денттерді жұмылдыра отырып, бұдан әлдеқайда аз жина­ған: қызыл империяның 1978 жыл­ғы астық рекорды 127 млн тонна болды. Яғни, бүкіл КСРО бастыр­ған астықты жалғыз Ресей жинай­ды. 2021 жылы Ресей өңірлерін жай­­лаған тілсіз жау және қуаңшы­лық салдарынан егін шамалы азайып, таза салмақта 120,7 мил­лион тонна болды. РФ ауыл шаруа­шы­лығы министрі Дмитрий Патру­шев­тің болжамынша, Ресей 2022 жы­лы жаңа рекорд жасайды: 130 мил­лион тонна көлемінде астық ормақ. Ал Қазақстандағы жауапты шенеуніктер болса, бейбіт күнде, ешқандай санкциясыз-ақ егін шаруашылығын жарға жығып отыр. Айтпақшы, территориясы қазақтардан 5 еседей аз (жерінің 20 пайызын биыл Ресей басып алды) Украинаның өзі еуропалық жоғары технологияларды қолдану арқа­сын­да біздегіден 8 есеге дейін көп астық алады. Аграрлық саясат және азық-түлік министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы Украина 106,6 млн тонна рекордтық астық­қа қол жеткізді. Бұл – республика­ның бүкіл тарихындағы абсолютті максимум саналады. 2022 жылға дейін Украина жүгері экспорты жөнінен жаһандық көшбасшы болды. Әрине, өкінішке қарай со­ғыс кесірінен биыл көптеген об­лыс­тарында украиналық егіншілер егін еге алмады. Ресейден бидай сатып алып отырмыз Американың Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің Шетелдік ауыл шаруашылығы қызметінің ақпараты бойынша былтыр Ре­сейдің әлемдік бидай экспортын­дағы үлесі 16%, ал Украинаның ен­шісі – 10% болған. Көшбасшы­лар қатарында Еуроодақ (үлесі 18%), Аустралия (13%), АҚШ (11%), Үндістан (5%) бар. Ал дүниежүзінде тоғызыншы территорияға иелік ете отырып, Қазақстан бүгінде әлем түгіл, өзін әзер асырайтын жағдайда. Бар астық шетелге сатылып кетіп, елде тапшылық туындамауы үшін Үкімет астық пен ұн экспортына биыл шектеу енгізуге мәжбүр бол­ды. Әйтпесе қазіргідей өнім бағасы шарықтаған шақта егіншілеріміз шетелдік жаңа нарықтарды игеріп, көл-көсір пайда табатын еді. Олай болмады. Тиісінше, Қазақстанның әлемдік экспорт нарығындағы үлесі 0-ге жуықтады. Сорақысы сол, осы дәстүрлі са­лада Қазақстанның өзі шетелдік импортқа тәуелді. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов Астық одағының бағалауына жүгіне оты­рып, ресейлік астықтың көлеңкелі импорты проблемаға айналғанын мәлімдеді. Оның мәліметінше, кө­леңкелі импорт 2 миллион тон­наға жетті. Масқара болғанда, ре­сейлік астық әлемге қазақстандық астықтың «терісін жамылып», сатылуда екен. «Ресейден импортталатын би­дай көбіне әртүрлі сұр кестелерді пайдаланады. Өйткені көршіде бидай әлдеқайда арзан тұрады. Содан экспорттаушыларымыз астықты іргелес елден сатып алуға әуестеніп кетті. Мұның жолын ке­су үшін мемкірістер органы «Ата­ме­кен» палатасымен бірлесіп, қо­­сыл­ған құн салығын оңайла­тыл­ған түрде қайтарудың пилоттық жоба­сын іске қосты. Осы жобаға қатысу туралы меморандум бекі­те­тін экс­порттаушыларға ҚҚС тек­серусіз және айыппұл санкция­ла­рын­сыз қайтарылатын болады», – деді Қайрат Миятов. Ал жобаға кірген экспорттау­шылардың ресейлік астықты қа­зақстандық деп сатпауын – осы бағдарламаның үйлестірушісі ретінде «Атамекен» палатасы ке­деншілермен, салықшылармен бірге қадағаламақ. Әзірге пилоттық жобаға тек 20 салық төлеуші қызығушылық білдіріпті. Оның 7-еуі ғана – экспорттаушы, қалған 13-і – астық өсіріп, нарыққа жет­кізу­ші отандық аграрлық компа­ниялар. Егер орыс астығын ше­телге сатудан күреп пайда табатын болса, сондай-ақ ол үшін Қазақ­стан бюджетінен ҚҚС түрінде қолдау қаржыны бәрібір ала алса, экспорттаушыларға керісінше, жұмысын «пилотсыз» жалғастыру тиімдірек көрінеді. Айта кету керек, 2019-2021 мар­ке­тингтік жылы Қазақстан Ре­сейден 145 миллиард теңгеге 2,7 млн тонна бидай сатып алыпты. Биылғы көлем одан әлдеқайда көп болмақ. Өз кезегінде Қазақстан былтыр 2,1 трлн теңгеге 20,2 млн тонна би­дай экспорттады. Осы орайда мем­лекет 2019-2021 маркетингтік жы­лы бидай және ұн экспорттау­шы­лар­ға 127 млрд теңге көлемінде ҚҚС-ті қайтарып, қолдау көр­сетіпті. Қазақстан Қытай нарығынан айырылды Сонымен, 2021-2022 марке­тинг­тік жылы аяқталып қалды. Қазақстан 6 миллион тоннадай ғана астықты экспорттай алды. Бүгінде 2022 жылғы 30 қыркүйекке дейін экспортқа шектеу енгізілді. Соған қарамастан, алдағы 2022-2023 маркетингтік маусымда рес­публика 7,3-9 млн тонна аралы­ғында бидай экспортын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабановтың айтуынша, бұл жылы да Қазақстанға бидай экспорттауда Орталық Азия, Ауғанстан және Иранмен шек­телуге тура келді. Былтыр жинал­ған және алдыңғы жылдан қалған бүкіл бидайдың 85 пайызын солар алды. Қалған 15 пайызы Түркияға, Еуропалық одақ елдеріне, Әзер­байжанға, Грузияға жөнелтілген. Кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігі «бидай үшін алып Қытай нарығы ашылды!» деп жа­һанға жар сала мақтанған. Бірақ Ас­­тық одағы маманының бай­ла­мын­ша, одан үлкен нәтиже шық­пады: былтыр Қытай Қазақстаннан келетін бидай және басқа ауыл ша­руа­шылығы өнімдерінің экс­пор­­тына толық тыйым салып тас­тады. Шығыс көршіде 2020-2021 жылдары қатаң карантин шара­лары жалғасты, шекарада әрбір вагон тексеріліп, індетке қарсы өңделді. Мұның бәрі уақыт алады, кеден бекеттерінің өткізу қабілеті шектеледі. Сондықтан шың елі ба­сымдықты тауарлар тізімін бекі­тіп, электроника, сирек метал, тех­нология сияқты өнімдерді бірін­ші орынға қойды, басқасын ысыр­ды. Пандемия басталғанға дейін ҚХР Қазақстаннан бидай, арпа, күнбағыс тұқымын, зығыр, кебек сатып алатын. Енді Қытайға экспорт 90 пайыздан артық құлды­рап, бұл нарықтан мән кетті. Жұңғо елі қазір бұл өнімдерді Ре­сей мен Аустралиядан импорттауда. Сондай-ақ биыл соғыс кесі­рінен және батыстық санкцияларға бола, Ресейдің Қара теңіздегі порт­тары арқылы астық тасымалы дағ­дарды. «Қара теңіздегі күрделі жағдай­ға байланысты экспортты Ресейді айналып өтетін Транскаспий бағ­дары бойынша Грузия порттарына қайта бағдарлауға талап жасалды. Дегенмен одан да бәлендей ештеңе шыға қоймады. Екі проблема туындаған: біріншіден, Қазақстан, Грузия порттарының өткізу қабі­леттілігі төмен, екіншісі – жол шы­ғыны қымбат. Себебі Грузия теңіз порттарына дейін жеткізу құны өнімнің әр тоннасына 100 доллардан айналады. Ал дәстүрлі маршруттерде бұл 70 долларға тең. Яғни, өнімнің әр тоннасының өзін­дік құны бірден 30 долларға қым­баттап шыға келеді. Әрі ол дә­ліз­дің тез өткізе алмауы кесірінен тауар ұзақ тұрып қалады. Сондай-ақ инфрақұрылым экспорт көле­мін арттыруға мүмкіндік бермейді. Салдарынан, қазақстан­дық астық­тың әлемдік жаңа нарық­тарға шы­ғуына тосқауыл болып отыр», – деді Евгений Карабанов. Қорыта айтқанда, Қазақстан дәстүрлі нарығына таскенедей жабысып, өз аймағына тәуелділігін арттырудан басқа амалы жоқтай. Бірақ Ауғанстан нарығынан қа­зақтарды ресейліктер мен өзбектер ысырып жатыр.