Елімізде жаңа Әскери доктрина қабылданбақ. Оның жобасы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында жарияланды. 24 маусымға дейін талқылауға шығарылған бұл құжатта Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, 70-ке тарта өзгеріс қарастырылған екен. Оның бірқатары бұрынғы шарттарға түзетулер болса, ішінара жаңадан енгізілген тұжырымдар да бар. Әйтсе де, жаңа нұсқаның мамандар көңілінен шықпай отырғаны аңғарылады.Әскери риторика әріптестік боп қала бермек
Сонымен, Қазақстан жыл соңына дейін Әскери доктринасын түбегейлі өзгертуге ниетті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қорғаныс ведомствосы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, негізгі құжатты жаңа болмысқа бейімдеуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруда. Соңғы өзгерістер бойынша негізгі ұғымдар қатарына «дағдарысты жағдай», «резервтегі әскери қызмет» сынды тағы да басқа тың терминдер нормативті түрде енгізілмек. Оның біріншісі ел аумағындағы әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын білдірсе, екіншісінде резервтегі азаматтарды жиындар мен арнайы дайындықтарға шақырту қарастырылған.
«Ведомствоаралық жұмыс тобы Әскери доктринаны жаңарту бойынша жұмысты аяқтады. Енгізілетін өзгерістер Қауіпсіздік кеңесінің Ведомствоаралық комиссиясының отырысында мақұлданды. Бүгінгі күні Жарлық жобасы бұқаралық талқылаудан өтуде. Резервтік қызмет дегеніміз, бұл – негізгі азаматтық қызметпен қоса ерікті түрде атқаруға болатын келісімшарт бойынша қызмет. Әскери есепті, мамандығы бар және денсаулық жағдайы жарамды ел азаматтары резервист бола алады. Жиындар жауынгерлік даярлық бағдарламасына сәйкес жыл сайын және екі реттен кем емес мерзімде өткізілетін болады. Өткізу мерзімі мен олардың жиынға тартылу жасы нормативтік-құқықтық актілермен айқындалады», – дейді Қорғаныс министрлігі Стартегиялық дамыту департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, полковник Алпамыс Өтепов.
Қазақстанға әскери қатер төндіруге алып келуі мүмкін негізгі шарттардың сипаттамаларында бірқатар тұжырымдар өзгертіліп, бірқатары жаңадан енгізілмек. Олардың арасында жаппай қырып-жою қаруы, кибершабуыл, ғарыш кеңістігіндегі үстемдік, гибридтік соғыс, соның ішінде ақпараттық соғыс туралы ұғымдар бар. Доктринада ең бірінші рет бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруға тыйым салатын Конвенция туралы айтылады. Сонымен бірге бітімгерлік қызметті кеңейте түсу қарастырылуда. Ұтқыр және тиімді ден қою күштерін құруды көздейтін «ақылды шекара» концептін жүзеге асыру ұсынылуда. Әйтсе де, әскери риторика бұған дейінгідей әріптестік пен серіктестік боп қала бермек.
Қоғам қызу талқылауда
Бүгінгі сындарлы шақта аса өзекті боп отырған Әскери доктрина мәселесі тек қана арнайы порталда емес, сонымен бірге әлеуметтік желілерде де қызу талқылануда. Пайдаланушылардың бір тобы ондағы әрбір детальға терең назар аударып отырған болса, енді бір тобы жалпы ешқандай да түбегейлі өзгеріс көріп отырмағанын айтады. Мәселен, басты айырмашылықтың бірі – жаңа нұсқада ақпарат құралдарын да гибридті соғыс әдістеріне пайдалануға болатыны көрсетілген. Яғни, «гибридті соғыс» тәсілдерін қолдануға қатысты ұғым кеңейген.
«Ақпарат құралдарын гибридтік соғыс тәсілдерінің қатарына қосқан жағдайда кім ақша төлесе, соның сойылын соғатын жекелеген адамдар (блогерлер) мен БАҚ өкілдерін де қадағалауға алу керек қой. Мысалы, әр өңірде әсіредіншілдер мен сектанттар тіркеуде, яғни ҰҚК жұмыс істейді. Ал ақша үшін орыстың қызметін мақтап, үндістің мүддесіне сөйлеп жүргендер ертең гибридтік соғыс бастала қалған жағдайда қарсыластың партизаны бола салуы әбден мүмкін ғой. Енді осы құжат негізінде теріскейдегі елдің ақпараттық ықпалын азайтуға барымызды салсақ қатып кетер еді», – дейді желі қолданушысы Қуаныш Тыныбек.
Жобада кибершабуылдан сақтануға көбірек назар аударылғаны байқалады. Құжатта бұл мәселе бірнеше жерде айтылған. Сонымен бірге ғарышқа назар аударылыпты. Бұрынғы құжатта бұл жоқ еді. Жаңа құжат бойынша Қазақстанға әскери қатер «ғарыштық кеңістікте басым түсу үшін күресуді күшейту» салдарынан да төнуі мүмкін екен. Өйткені еліміз Орта Азияда жалғыз Байқоңыр ғарыш айлағына ие. Мәселен, еліміз үшін «ғарыш саласындағы мүмкіндігін шектеуге, сондай-ақ ғарыштық кеңістіктен ықпал ету арқылы мемлекеттің әскери әлеуетін төмендетуге бағытталған әрекет» те қатерлі саналады екен.
«Доктринада зымыран шабуылы туралы ескерту және ғарыш кеңістігін бақылау жүйесінің базалық элементтерін құруды» елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған шаралар қатарына қосылған. Меніңше, бұл жақсы бастама. Тек зымыран шабуылына қарсы кешенді жасақтауда кімнің технологиясына иек артамыз деген мәселе бар. Ол жағы әзірге айтылмапты», – дейді желі қолданушысы Тұрар Ізбасов.
Сондай-ақ Қазақстанның әскери қауіпсіздігіне ықпал етуі мүмкін факторлар арасында биологиялық қатер мәселесіне көбірек көңіл бөлініпті. Шамасы, пандемиядан сабақ алуға тырысқан тәріздіміз. Құжатта «Мәскеу, Лондон және Вашингтон қалаларында 1972 жылғы 10 сәуірде жасалған Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруды жасауға, шығаруға және оның қорын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияның ережелері шеңберінен тыс шығатын процестер мен оқиғалар» елге қауіп төндіруі мүмкін екені жазылған. Біз сөзбен айтқанда, қоғам өкілдері жаңашылдықтар арасынан гибридтік соғыс ерекшеліктеріне, ғарыштағы үстемдікке, биологиялық қару қаупін тойтаруға және зымыранға қарсы қорғаныс мәселелерін айрықша атап отыр.
Концептуалды өзгеріс жоқ
Тағы бір кәсіби маманның айтуынша, Әскери доктрина дегеніміз – мемлекеттің әскери және саяси билігінің болашақта қандай соғыс болуы мүмкін екендігін алдын ала болжап, оның сипаттама ерекшеліктерін айқындап, оған бейбіт уақытта ел мен жерді, қарулы күштерді даярлау, соғысты болдырмау үшін саяси-экономикалық әдістермен тойтарыс беру жолдарын жүйелі түрде әскери ғылыми негізде қалыптастыратын көзқарас. Бірақ бұл жобада ол жоқ екен.
«Бүгінгі елге ұсынылып отырған Әскери доктринада жеңіл-желпі көзқарас бар. 70-тей өзгеріс енгізілгенмен, доктринаның концепциялық маңызы баяғы өтіп кеткен заманмен қалып қойған. 90 пайызы – редакциялық өзгерістер. Ескі доктрина да өз заманына сәйкес келмеуші еді, бұл жолы да солай болғалы тұр. Қалған 10 пайыздай өзгеріс – ұғымдар, бұрынғы доктринада болмаған, ал өмірде баяғыдан бері бар дүниелер. Сондықтан да бұл жаңашылдық емес. Осы себепті ұсынылып отырған доктринаны «жаңа концепция» деп атау қате. Өйткені жаңа деп отырған Әскери доктринаның жобасы қазіргі қалыптасқан геосаяси және әскери жағдайға сәйкес келмейді. Бір сөзбен айтқанда, концептуалдық өзгеріс жоқ», – дейді запастағы полковник, ардагер ұшқыш, әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов.
Оның айтуынша, бүгінде әуе-ғарыштық қарулар өте жоғары дәрежеде дамып жатыр. Ұшақтар да, зымырандар да үнемді отынмен қамтылған, әрі алыс қашықтыққа қысқа уақытта ұшып бара алады. Жауға күтпеген жерден соққы бере алады. Сондай-ақ бұл шараларды өз жерінде даярлап жатқан кезінде оны жасырын түрде өткізуге мүмкіндік береді. Оның үстіне, ұшқышсыз аппараттар жаңа дәуір қаруына айналып үлгерді. Оның көп байқалмай жау тылына еркін өтіп кетіп жойқын соққы бере алатыны әлдеқашан дәлелденген. Жау ұшқышсыз аппараттарды жойса да, адами шығын жоқ. Міне, бізге осындай әуе шабуылына қарсы тойтарыс бере алатын шынайы жағдайға дайын болу керек.
«Тағы бір мәселе – гибридтік соғыс. Ол ақпараттық шабуылдан басталады. Әуелі әлем алдында жаудың теріс портреті қалыптастырылады. Одан соң саяси, кейде әскери коалиция құрылады. Сол одақтың ішінде кеңес өткізіп, бір мәмілеге келген соң жау елге экономикалық эмбарго жариялайды. Ал оған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі рұхсат бермесе, халықаралық санкция салады. Жаудың елі экономикалық әбден құлдырау жағдайға келгенде оған өкілдерін жіберіп, әлеуметтік жағдайды шайқайды. Джин Шарптың жеті әдісі бойынша «түрлі түсті көтерілістер» ұйымдастырады. Ал бұл нәтиже бермесе, жаңағы айтқан, ғарышты пайдаланып соғыс ашады. Осы шараларға қалай қарсы тұру керек деген мәселелер жаңа Әскери доктринаға кіруі керек еді», – дейді әскери сарапшы.
Бүгінде талқыға түсіп жатқан жаңа құжат жыл соңында қабылданар болса, бұл Қазақстанның Тәуелсіздік алғалы бергі 6-шы доктринасы болмақ. Мезгіл-мезгіл қаупсіздік мәселесін қайта қарап, уақыт талабына бейімдеп тұрған дұрыс-ақ. Бірақ түріктердің «Байрақтары» әлемдегі соғыс жүргізу ісіне деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, мұндағы модельге жаңаша сипат бергені сияқты, Ресейге Әскери доктринасын қайта қарауға мәжбүр еткен еді. Ендеше, құжат Парламент Мәжілісіне барған кезінде бүгінгі айтылып жатқан сын-ескертпелердің ескерілгені абзал.