Президенттің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының Қатар экономикалық форумының ашылу рәсіміне қатысқанын хабарлады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тәнидің жеке шақыруымен «Жаһандық экономиканы қалыпқа келтіруде теңдікке қол жеткізу» атты екінші Қатар экономикалық форумының ашылу рәсіміне қатысты. Аталған маңызды іс-шара Bloomberg агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылды және шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнидің қамқорлығымен өткізіліп отыр. Форум «Мемлекеттердің экономикалық дағдарыстан шығу мәселесі» тақырыбына арналған. Форум жұмысына Мемлекет басшысынан бөлек Того Президенті Фор Гнассингбе, Намибия Президенті Хаге Гейнгоб, Грузияның Премьер-министрі Ираклий Гарибашвили, сондай-ақ Еуропа, Азия және Африка елдерінің бірқатар министрі мен үкіметтерінің лауазымды тұлғалары қатысты. Сонымен қатар форум сессияларына танымал халықаралық жетекші корпорациялар мен ұйымдардың басшылары жиналды. Форумды Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тәни ашты. Қатар экономикалық форумының қорытындысы бойынша жаһандық өсімнің келесі кезеңінің жоспары әзірленіп, пандемиядан кейінгі әлемді қалыптастыру үшін нақты шешімдер ұсыну көзделіп отыр.
БҰҰ бітімге шақыруы керек
Форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев «In Conversation with President Tokayev» атты арнайы панельдік сессияға қатысты. Жиынға Bloomberg Television жүргізушісі Манус Крэнни модераторлық жасады. Сұрақ-жауап форматында өткен ашық талқылау барысында Қазақстан Президенті халықаралық саясаттағы сын-қатерлер бойынша, әсіресе Еуропада болып жатқан геосаяси текетірестер аясында Ресей-Украина қақтығыстары төңірегіндегі оқиғаларға қатысты бірқатар сұраққа жауап берді. Ресей-Украина қақтығысын бейбіт жолмен шешу жолдарына қатысты сұраққа жауап берген Қазақстан Президенті келіссөздерді жалғастыра берудің маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл қақтығысты шешуге тараптардың ерік-жігері қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықаралық қауымдастықтағы пікір қайшылығы мен аталған мәселені шешуде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қауқарсыздық танытып отырғанына тоқталды.– БҰҰ ешқашан мұндай ыңғайсыз жағдайға тап болған емес. Тіпті, қырғиқабақ соғыс кезінде де Біріккен Ұлттар Ұйымының бірлігі бұдан әлдеқайда мығым еді. Мен БҰҰ-ның болашағына қатты алаңдаймын. Осы ретте, көпқырлы саясатқа сенемін. Бұл ретте мен халықаралық қауымдастықтың бірлік танытып, ынтымақтаса отырып, екі мемлекеттің бейбіт бітімге келуі үшін оң ықпал етуі керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.Сонымен қатар Президент Ресейге салынған ауыр санкциялық саясат салдарынан Қазақстан қандай экономикалық зардап шегуі мүмкін деген модератордың сұрақтарына жауап берді. Ашық әңгіме барысында әлемдік энергетика нарығында қалыптасқан қазіргі жағдайға, халықаралық сауда мәселесіне байланысты ғаламдық сын-қатерлер де талқыланды.