Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Истборн (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінің үшінші айналымына шықты.
Жарысты екінші айналымнан бастаған Путинцева әлемнің 40-ракеткасы испаниялық Сара Соррибес-Тормомен күш сынасты. Тартысты өткен бірінші партияда Юлия таразы басын өзіне аудара білді – 7:5. Екінші сетте Юлия 4:0 есебімен алға кетіп, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:1. Бәсеке барысында қазақстандық спортшы 1 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың алтауын пайдалана білді. Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы грекиялық Мария Саккари немесе дүниежүзілік рейтингте 36-орында тұрған украиналық Ангелина Калининаның бірімен таласқа түседі. Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина екінші айналымда рейтингте 114-сатыдағы тағы бір украиналық Леся Цуренкомен кездеседі. Ерлер арасында Истборн ATP 250 турнирінде Александр Недовесов пәкістандық Айсам Курешимен бірге бастапқы кездесуін сәтті өткізді. Олар ұлыбританиялықтар Джулиан Кэш – Генри Паттенді 6:4, 7:6 (7:4) есебімен ұтып, ширек финалға шықты. А. Недовесов пен А.Курешидің ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.